Home » Жаңалықтар » Мұхтарбай Өтелбаев: Ұстаз еңбегі ақталып, жемісін көрсе деген арманым бар!

Мұхтарбай Өтелбаев: Ұстаз еңбегі ақталып, жемісін көрсе деген арманым бар!

Ел арасында  «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Қазақта қазір саусақпен санарлық нағыз ғалымдарымыз қалғаны рас. Ғалым болғанда, ғылымның патшасы деу артық болмас?! Бүгінде сол «патшалардың» бірімен сұхбаттасудың сәті түсті.

Сонымен физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Мұхтарбай аға Өтелбаевтың есігін қаққан едік.

— Мұхтарбай аға, елімізде қазанның алғашқы жексенбісі – Мұғалімдер күні. Олай болса, бүгінгі күн ұстаздар қауымы және білім саласына арналмақ. Әңгімемізді өзекті сұрақтан бастасам, қалай ойлайсыз, қазір мұғалім мәртебесі неге төмен?

-Айналайын, әдемі сұрағыңа рахмет! Иә, жасыратыны жоқ, ата-ана балаға мұғалімді төмен көрсетіп жатыр. Кезінде біз бала кезімізде мұғалім мәртебесі деген өте жоғары болған. Кейде үлкендер жағы «Мұғалім бол, балам» деп бата беретін. Маған білім берген ұстаздарым қазір бұл дүниелік емес. Ол кісілердің берген тәрбиесі мен білімі қазіргімен салыстыруға болмас?! Бар мәселе қазір ата-анада болып тұрғаны өкінішті. Бар мәселе үлкендер жағында ғой!  

-Бала академик қандай болды екен? Өскен ортаңыз жайлы сөз қозғасақ…
-Мен қарапайым малшының баласы болдым. Бала кезімде мектеп табалдырығын аттағанша жаз жайлауда, қыс қыстауда тұратынбыз. Мен өскен өңір Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Сұлутөр елді мекені еді. Бала кезімде жаман бала болмаған сияқтымын (академик жымиды-авт.). Әкем Құдай деген адам болған. Үздіксіз намазын оқыған, еңбекқор еді марқұм. Анам да жақсы адамдардың қатарынан. Әкемнің бұрынғы отбасынан бір ұл, бір қыз қалған екен. Жары қайтыс болған. Ал, анамның бірінші жары қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол кісі де бір қызымен қалған. Ол балалары қазір дүниеден өткен. Бірақ ұрпақтары бар. Әкем мен анамнан бірге туған төрт бала қалдық. Екі ұл, екі қыз. Менен үлкен ағам қайтыс болған. Ал қарындастарым тұрмыста, ауылда тұрады.

 -Сіз, саналы ғұмырыңызды математика саласына арнадыңыз. Бұл саланы таңдаудағы себеп – ол…
-Математиканы таңдағаныма керемет бір себеп жоқ. Бірақ соған қабілетті екенімді байқадым. Ол кезде математика пәнінен берген ұстаздарымыз, заманның қиын кезі болғандықтан, жоғары білім алмаған екен. Жоғары білім алмаса да, ол кездегі мұғалімдердің өте дарынды болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді. Қызметтеріне өте берілген, еңбекқор кісілер еді. Өздері үнемі ізденіп, талаптанып жүретін. Сабақтарын қызықты өткізіп, әңгімелеп отыратын. Өмірлерін шәкірт пен мектепке арнаған мұғалімдер еді. Мүмкін сол кісілердің ықпалы болар?!
-Аға, білім саласы – өте маңызды сала. Өте нәзік. Оның ішінде тәрбие деген құдірет бар. Бұған үлкен жауапкершілікпен қарау – міндетіміз. Рас қой?
-Біз он жыл дұрыс білім бермесек, білімсіз буын пайда болады. Оны түзету үшін жүз жыл кетеді екен. Он жыл өндірісті тоқтатып, он бірінші жылы іске қоссақ, оны ары қарай жүргізуге болады. Ал білімді олай алып кете алмайсыз, түбірі болмаса. Қазір біз «баю керек» деп көп айтамыз. Әлбетте, баю керек! Бірақ халық өзінің кім екенін, салт-дәстүрін және өзгелердің алдында ұялмайтын білімін сақтап қалу қажет. Ең бастысы тәрбиені ұмытпауымыз керек. Халықтың интеллектісін көтеру – міндет. Дінді де дұрыс түсіне білсе.. Қазір Қазақстанға келіп жатқан адам да, хабар да, зат та көп. Ең бастысы – осы келіп жатқан дүниелердің артында не тұр, соны анықтап түсіну. Қазір Еуропа қартайған ел. Мысалы жігіт пен жігіт, қыз бен қыз тұрмыс құрып жатса қайбір жақсылық дейсің! Бұл – қасірет!

-Елімізде ғылым беделі, ғалым абыройы деген ойды жалғастырсаңыз.
-Нағыз ғылыммен беріліп айналысып жүрген адам – кедей. Еуропада ұлы ғалымдардың ішінде аштан өлгендері бар. Ғылыммен айналысу үшін қаражат керек. Ал бізде ғылымға бөлінген ақшаға «жүгіру» керек. Ғалым ақшаның артынан ғылымын тастап жүгірмейді. Ал, ғалымсымақтар біреудің жұмысын көшіріп алып, «Мен мынаны қиратып жатырмын, бүйтіп жатырмын» деп қаражатқа қол жеткізіп жатқандар жоқ емес.

-Бірде Асқар аға Жұмаділдаев «Америкада 1-сыныптың оқушылары талап бойынша бір жылда 100 сөзді жатқа білуі керек, 2-сыныптағыларға тапсырма 200 сөзден аспайды. Біздің оқулықтар балаларды 6 жастан ақындыққа баулиды» деді. Ал сіз қандай ойдасыз?
-Бір жолы бірінші сыныпқа оқулық жазсам ба деген ой келді. Екі-үш жолдан ары жаза алмадым. Баланың психологиясын, жанын білмесек, түсінбесек жаза алмаймыз. Оқулық жазу – қиын мәселе. Оқулық қалай жазылса да, кемшілік болады. Дүние жүзінде қазір көп оқулық жазылып жатыр. Солардан тәжірибе алып жазса..?! Жазылып жатқан ең үздік оқулықты аударсақ артық болмас. Ағылшындар мен Қытай елі өте тәжірибелі емес пе? Солардан үйренсе де болады. Болмаса, бұрынғы оқулықтарға сүйенсе жаман болмас еді?!

-Айтыңызшы, қазіргі жас ата-ана баланы қалай тәрбиелеу керек?
-Орынды сұрақ! Адамға Алла тағала ақыл берген. Сондықтан баланы тәрбиелегенде өз ісіне жауапты болуын міндеттеу керек. Соны бала түсіну қажет. Тағы, адалдық деген бар. Адал адам кейін о дүниелік болғанда да, басқалардың алдында жоғары тұрады. Өлсе де сыйлы болады. Ата-ана соны түсіндіре білсе! Адал адам халыққа пайдалы да болады.

-Ұстаздарға тілегіңіз.
-Мен де оқушы болдым. Мен де ұстаз алдында отырдым. Қазір ұстазбын. Алдымен Алла берген денсаулықтарын күтіп, мықты болсын. Ұстаз еңбегі ақталып,  жемісін көрсе деген арманым бар. Нағыз ұстаз деген атаққа ие болса деймін!

Сәния СҮЛЕЙМЕН,

Білім айнасы,
Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.