Home » Жаңалықтар » Мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау

Мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау

Инклюзивті білім беру субъектілерін психологиялық-педагогикалық қолдау шарттары және оны ұйымдастыру қалыпастыру бойынша білімдерін шыңдау. Білім беру саласында Қазақстан Республикасы ұстанған қазіргі әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуы арқылы білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру жолдары. Барлық балаларды (оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды да) жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, жалпы білім беру үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу; балаларды бір-бірінен айыратын кедергілерді барынша жою үшін тұтас қоғам боп атсалысу және осы жолда ата-аналардың белсенділігіне сүйену баланы түрлі (дене және психоэмоциялық, әлеуметтік) мұқтаждықтарына қарай дамыту-түзету және арнайы қолдау, яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Инклюзивті оқыту ұғымы анықтамасына берілген осы негізгі үш өлшемнің қазіргі Қазақстан жағдайында қалай жүзеге асырылып жатқандығына жеке тоқталайық.

Бірінші сипаттама бойынша балаларға тең құқықты қатынас ұғымы мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортада оқыту мәселесін көтеру және осы міндетті барынша икемді шешу арқылы жүргізілуде. Арнайы мамандардың шетелдік әріптестермен (Германия, Израиль, Ресей) тәжірибе алмасу барысында меңгерген іскерліктері кәсіби біліктілік ретінде анықталып, осы саладағы технологиялық инновациялар өндіріске ендірілуде. Алғашында екіұдай күйде қабылданған бұл мәселеге қазіргі кезде қоғамдық көзқарас мейлінше өзгеріп, жаппай әлеуметтік қолдауға ие болды. Адамгершілік пен жанашырлықтың шыңы боп табылатын осындай ізгі қатынас мемлекет тарапынан ресми құжаттар арқылы заңдастырылды.

Дегенмен, елімізде мәселеге қатысты біржақтылық әлі де сақталуда. Оның негізгі себебі инклюзивті оқыту ұғымының методологиялық негізі мен астарын, шынайы себептері ментүпкі идеясын толық сезінбеуде жатыр. Ал біржақтылық көрінісі балаларды қабілетіне, жынысына және жағдайына қарай ерекшелеп оқыту жағдайлары арқылы анықталуда. Оған мысал ретінде ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаттары, зияткерлік мүмкіндіктері жоғары балаларды оқытатын «Назарбаев зияткерлік мектебі», ер балалар мен қыз балаларды саралап оқытатын Қазақ-түрік лицейлері, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, көптеген ақылы білім беру (материалдық жағдай) орталықтарын атауға болады. Оқытудың мұндай ерекшеліктерібаланың тұлғалық қалыптасу үрдісіне айтарлықтай әсер етеді әрі қоғамда таптық жіктің тереңдеуіне ықпал етеді. Бастысы – этикалық сипат болып табылатын мұндай мәселе тәрбиеленушілерде қоғамдық өмірдің шынайы жағдайынан тысқарылықты қалыптастырады.  Заманауи білім беру парадигмасы оқытудың негізгі міндеті ретіндебалаларды нақты өмір жағдайына бейімдеуді анықтайды; бұл – жаһандық өмір талабы. Оқшаулаудың кез-келген түрітұлғаның әлеуметтену үрдісіне зардабын тигізеді. Міне, осындай жайттар инклюзивті оқыту үрдісін толыққанды жүзеге асыруға тежеу салып отырған қоғамдық тетіктердің бір парасы болып табылады.

Инклюзивті оқыту ұғымына жоғарыда берілген анықтаманың екінші сипаты балаларды бір-бірінен айыратын кедергілерді барынша жою үшін тұтас қоғам боп атсалысуды және осы жолда ата-аналардың белсенділігіне сүйенуді анықтайды. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін халықтың жоғары саналылығы мен жаппай жанашырлығын дамыту қажет. Жуырда жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласының өзегі осы мәселеге қозғау салатын, стратегиялық маңызды қадам.

Білім беру саласындағы инновациялар мен реформалардың, атап айтсақ: білім беру ұйымын басқару тетігіне енгізіліп жатқан өзгерістер (қоғамдық бақылау кеңестері), сапаны арттыру мақсатында бақылау және бағалау үдерістеріне ендірілген жаңашыл бастамалар (ата-аналар өкілеттігі және жұртшылық пікірі), білім беру стандарттарының жаңартылуы, интегративті оқыту, академиялық пәндердің мазмұндарының жаңартылулары, көптілділік саясаты, академиялық еркіндік және академиялық ұтқырлық қағидалары – қоғамдық сананы ояту бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан маңызды қадамдар. Осы жерде Н.Назарбаевтың мына пікірі орынды: «Халықтың санасын бір сәтте ояту мемлекеттің қолынан келмейді…».

Инклюзивті оқытуға қатысты жалпы үдеріске қоғамның әрбір мүшесі өзінің белсенді азаматтық үлесін қосуы нәтижесінде, жоғарыда аталған кедергілер мен қиындықтардан біртіндеп арылуға болады.

«Баланы түрлі мұқтаждықтарына қарай дамыту-түзету және арнайы қолдау» деп аталатын инклюзивті оқыту анықтамасының үшінші сипатын жүзеге асыруда жалпы білім беру сапасын(мемлекеттік стандартқа негізделу) сақтай отырып, тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат оңтайлы жүргізілуде.Дегенмен, көпшілік ретте «арнайы қолдау» ұғымы мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға интеграциялау үрдісінде қолданылатын мамандандырылған (медициналық, педагогикалық, психологиялық) сүйемелдеу ретінде қабылдануда.

«Психологиялық сүйемелдеу» түсінігін көптеген зерттеушілер білім алушылардың өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететін шарттарды құруға бағытталған психологтың ұйымдастырылған іс-әрекеті ретінде анықтайды. Психологиялық сүйемелдеу бір мезгілдік шара емес. Бұл – психологиялық қызмет көрсету барысында жүйелі түрде ұйымдастырылатын және тұрақты орындалатын жұмыс. Психологиялық сүйемелдеудің ең басты қағидаларының бірі тұлғаға уақытында көмек көрсетіп, қолдау ғана емес, осы үдерістің қиыншылықтарын өздігінен жеңіп шығуға, тұлғалық қалыптасуына жауапкершілікпен қарауға үйрету, әлеуметтік өмірде толыққанды субъект болып қалыптасуына ықпал ету. Психологиялық сүйемелдеу, әсіресе, инклюзивті оқыту жағдайында ерекше маңызға ие:сынып ұжымындағы әр түрлі категориядағы балалардың даралық ерекшеліктерін ескере отырып, оларға жеке қатынас жасау, даму мүмкіндіктерін болжау және ұжымдағы өзара қарым-қатынас тиімділігіне ұмтылу. Осының барлығы білім беру ұйымының қалыптасқан психологиялық қызмет жүйесін қайта қарауды талап етеді. Штаттық кестеге өзгеріс енгізу (ұлғайту), психолог жүктемесін жеңілдету, психологиялық құралдарды түрлендіру, т.б.

Инклюзивті оқытуды ерекше мұқтаждықтары бар балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту үрдісі деп түсініп, ата-аналар тарапынан туындаған наразылықтар мен түсінбеушіліктерді жоюмен күресу жағдайлары қазір артта қалды. Үзбей жүргізілген насихат жұмыстарының нәтижесінде қазақстандық қоғам адамсүйгіштік, жанашырлық қасиеттерін басқа қырынан меңгерді. Ендігі кезекте халықтың санасын балаларды жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарай айыратын кедергілерді жоюға бағытталған оқыту ерекшелігіне бұру қажет. Ол үшін инклюзивті оқыту ұғымының түпкі мәні мен шынайы табиғаты жаппай әрі барынша терең, жан-жақты түсіндірілуі тиіс.

Инклюзивті білім беру жағдайында оқу тиімділігіне қол жеткізу «әлсіз» оқушыларға, яғни білім мекемесіне сыртқы, мектептен тыс әлемнен өзімен бірге жағымды алғышарттар (әлеуметтік жағдай, қабылет) әкелмеуі себепті, жоғары нәтиже көрсете алмайтын балаларға білім беру ұйымының қалай және қаншалықты ықпал етуін  анықтауға басымдық берілуімен анықталады. Бұл көптеген «түйінді факторлар» арқылы ажыратылады. Оның таңдаулы белгілері: жағымды оқу мәдениеті; жақсы үміт (жоғары ұмтылыс); оқушылардың оқу нәтижесін қадағалау; жеке жетістіктерді үнемі қолдау; оқу мен үйретуді үнемі жақсартуға қызығушылық; оқушылардың ынталылығы және белсенді қатынасы; өзгерістерді қолдау және оны әкімшілік тарапынан бақылау; түрлі әдістемелерді мақсатты түрде іріктеу және қолдану; отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастық. Инклюзивті оқыту жағдайында білім беру ұйымының негізгі әрі аса маңызды міндеттері мұғалімдердің сабақ беруі, оқушылардың оқуы және әлеуметтік-психологиялық қолдау болып табылады.

 

«Өрлеу» БАҰО АҚФ Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ,  Тараз қаласы
«Білім беру үдерісін психологиялық педагогикалық сүйемелдеу»  кафедрасының аға оқытушысы
Ж.С.Кошкимбаева

Әдебиеттер

  1. 1. Макаров А.О. Модель социально-педагогического сопровождения семейного воспитания ребенка с ограниченными возможностями здоровья.

2.Методические рекомендации по системе критериального оценивания учебных достижений детей с ограниченными возможностями. – Астана: Национальная академия образования им. И. Алтынсарина, 2015.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.