Home » Білім және денсаулық » Жүрекке үміт ұялатқан орталық

Жүрекке үміт ұялатқан орталық

Бала — көңілдің нұры, өмірдің гүлі, отбасы – қуанышы дейміз. Алайда, сол қуаныш пен бақыт кез-келген отбасының еншісіне бұйыра бермейтіні өкінішті! Себебі, әр адам өз тағдырына тәуелді…

2012 жылдан бері Павлодар қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық орталығы жұмыс істейді. Мекеме балалар мен жасөспірімдерге арналғанмен, білім бөліміне емес, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне қарайды. Ол 52 орынға шақталып салынған. Қазіргі кезде мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы дерті ауыр 49 бала ем қабылдап, тәрбиеленіп жатыр. Олардың барлығының сырқаты бір: олигофрения (зияты бұзылған), яғни олар дүние есігін ашқаннан бастап немесе мектепке дейінгі жас аралығында психикалық дамуы тежеліп, ақыл-есі жетілмей қалған. Себебі – сан қилы – тұқым қуалау, ата-анасының нашақорлыққа, ішімдікке тәуелділігі, тағы тағылар. Бастапқы диагнозы – «зияты бұзылған» делінгенмен, сырқаты әр түрлі: БЦП – тірек аппараты бұзылған, аутизм, Даун синдромы, сөйлеу қабілеті бұзылған, паллиативті, тағы тағылар … . Осыған байланысты жеке-жеке топтарға бөлінген. Соңғы топқа жататындардың саны – 13. Бұлар – тірек қимыл, дыбыс аппараты өте күрделі түрде бұзылған төсек тартып жатқан балалар. Оларға тек қана медициналық және әлеуметтік жағынан жағдайлар жасалады. Және гидроцифалия (басы үлкен), микроцифолия (басы кішкентай) дертіне ұшыраған балалармен логопед, психолог мамандар, тәрбиешілер жұмыс жасайды. Балалардың жүйкесін тыныштандыру үшін баяу әуен ойнап тұрады. БЦП-ның ең қиын түрі – квадриплегия, гидроплегия, аяқ-қолы қатты зақымдалғандар. Олар күтушілердің көмегінсіз, өзбеттерімен қозғала да алмайды. Бірақ, сөйлеген сөздеріңді ұғып, сәл де болса, мейірім күтіп, күлімсіреп жатады. Мұнда бір отбасынан үйелмелі-сүйелмелі екі, я төрт ағайынды балаларды да кездестіруге болады. Олардың ата-аналарымен кездесетін белгілі бір күндері де бар екен. Ал, көбі балалар үйінен келеді, ата-аналары бас тартқандар да, ата-анасы жоқтар да бар. Жүріп-тұру мүмкіндігі бар ер балалар мен қыз балалар мұнтаздай тап-таза бөлек бөлмелерде тұрады. Айта кетерлік жәйт, бұл орталық 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналғандықтан, 18-ден асқандар Павлодар аумағындағы Мичурин және Шарбақты ауданындағы Шалдай балалар үйіне ауыстырылатын көрінеді.

Мемлекет қамқорлығындағы аталмыш мекемеде 102 адам еңбек етеді, олар: дефектолог, тәрбиеші, психолог, логопед, тағы басқалары. Мұнда жалпыға ортақ оқу бағдарламасы жоқ, тек түзету жұмыстары ғана жүргізіледі. Бастапқы мақсат: оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу болса, екіншісі – психикалық даму процестеріне түзетулер жасау. Яғни, балалардың психикасындағы негiзгi бұзылушылықтар, олардың интеллектуалдық деңгейiн, зейiнiн, есте сақтауын, кеңiстiктегі бағдарының нашар дамуын жаттығулар арқылы жетілдіріп отыру. Мамандар әр баламен жекелей жұмыс жасайды. Оларды эмоциялық жағынан демеп, еңбекке баулиды. Сабақта түрлі қимыл-әрекеттер жасатып, саусақтарының ұсақ моторикасын дамытады. Тәрбиеші-педагогтар жылдық жоспар құрып, үш айда бір қорытындысын шығарады. Мұндағы балалардың белсенділігі ерекше. Әсіресе, еңбек сабағына деген қызығушылықтары өте жоғары. Ұстаздарының көмегімен қағаздан түрлі бейнелер, макеттер құрастырады. Сабақ өтілетін бөлменің әр қабырғасы әдемі суреттер мен шебер қолдардан шыққан тартымды, бұйымдар ілінген. Тіпті, халықаралық ЭКСПО көрмесі және басқа да облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды да еншілеген. Өзге балалар секілді олардың да армандары көп. «Мен өскенде космонавт боламын», «мен ұстаз боламын» деп болашаққа үкілеп үміт артып, жарыса жария етіп жатыр. Есте сақтау қабілеті нашар болғандықтан, ондағы қызметкер-мамандардың есімдерін ұмытып, оларды «әке, апа»,-дейді. Кейбірін ата-аналары үйлеріне алып тұрады. Бірақ, балақайлар орталыққа қайтып оралғанша асығады, — дейді осы орталықта 10 жылдан астам ұстаздық еткен психолог Алтынай Мырзатаева.

Мекеме басшысының әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары Әсемгүл Тілеукенқызы да облыстық прокуратура, қала әкімі, еріктілер жасақтарының орталыққа барынша қолдау көрсетіп, бұларды назардан тыс қалдырмайтындарын айтып, алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар, бүгінде 55 жылдық көне тарихы бар білім ордасы — Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен аталмыш орталық арасындағы әріптестік қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түскен. Аталмыш білім мекемесінің дефектолог мамандығын даярлайтын бөлімін жыл сайын 30 түлек тәмамдайды. Солардың бір тобы алғашқы еңбек жолдарын осынау мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық орталығында бастауды жөн көрген. Сөйтіп, олар орталықтағы ғылыми-дефектология үйірмесіне қатысушыларды шығармашылыққа баулып, танымдық, эстетикалық тәрбие беруде.

—   Қазіргі кезде Шымкент облысынан республикалық «Серпін» бағдарламасы аясында білім іздеп келген он шақты мемлекеттік гранд иесі осында өндірістік-тәжірибеден өтіп жатыр. Жас болса да, өздері сондай мейірімді, білімді жастар. Балалармен де тез тіл табысып кетті, — дейді мекеме әкімшілігіндегілер.

Орталықтағы балалар мен жасөспірімдер әкімшіліктің ұйымдастыруымен, аптасына екі-үш рет қалаға саяхат жасап, «Оқушылар сарайы», 17 мектеп, «Рахым» аулалық клубы, «Асарлықтар» реабилитациялық орталығына апарып тұратындарын айтты.

—   Тәрбиеші апайлар мен тәрбиеленушілер арасында өзара жақсы қарым-қатынас орнаған. Жаз бойы даладамыз, көмектесе алатындар су құяды, көкөністердің арам шөбін жұлады. Ондай кезде жасаған азын-аулақ қолғабыстары үшін мақтап, рахметімізді айтамыз. Бала емес пе, кәдімгідей қуанып, марқайып қалады,-дейді мекеме басшысы Қосдаулетова Айман Мухаметкалымовна.

Мекеме жақында кең орынға көшкелі жатыр екен. Ондағы жағымды жаңалық — күндізгі бөлімше ашу жоспарға енгізілген көрінеді. Демек, отбасы бар балалар жарты күн өз ата-аналарымен бірге болады, деген сөз.

КӘМИЛА, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 4 курс студенті:

—  Жалпы біз бұл жобаны білгенде өтініш бердік. Біздің идеямыз мүмкіндігі шектеулі балаларға киізден неше түрлі материалдар, бұйымдар жасауға үйрету болатын. Ең алдымен, балалардың саусақ моторикасын, олардың қиялы мен қызығушылығын дамытамыз. Сонымен қатар, болашақта бұйымдар жасап, оны сатып, өз өмірлерін қамтамасыз етуге септігі тиер деген үміттеміз. 

АДИНА, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 4 курс студенті:

—   Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан осыдан 4 жыл бұрын келгенбіз. Қазіргі уақытта дефектология мамандығы бойынша ПМПИ-де оқып жатырмыз. Тәжірибеден өту барысында әр түрлі мекемелерде, соның бірі осы орталықта өтіп жатырмыз. Балаларды көрдік, олармен қалай жұмыс жасау керектігін үйреніп жатырмыз. Ашық сабақтар өткізіп жатырмыз. Басында қатты қызығушылығымыз болған жоқ, бірақ балалармен, осындағы ұстаздармен жақын таныса келе, қызығушылығымыз туды.

 

                                                                                                                                                                        Айгүл Молдаш

Білім айнасы

Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.