Қай мемлекеттің де негізгі тірегі- білімді де білікті, іскер де белсенді адамдар. Сондықтан қоғам талабына сай ол қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Әр адам — адамзаттың жеке-дара өкілі болғанымен, өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Себебі, біз — өзіндік мінез-құлқымызбен бет-әлпетімізбен бір-бірімізден ерекшеленетін тұлғамыз, әрқайсымыз ерекше жаратылғанбыз. Біз өзіміздің ата-тегімізбен тығыз байланыстамыз, біздің болмысымызда олардың тәндік ерекшеліктері бар.
Тұлғаның дамуы барысында отбасы мен мәдени ортаға лайықты оның дүниетанымы жетіледі. Психолог-мамандар ата-аналарға сәби дамуының бастауы мына факторлардан тұратынын ұғындырса тиімді болады. Олар: биологиялық — туа және жүре-бара берілетін ерекшеліктер; әлеуметтік — бала өсіп жетілетін рухани орта.
Әрбір ата-ана өз тәжірибесінен біледі: бала дамуындағы жасөспірімдік кезеңнің басталуы оның физиологиясының, психикалық реакциялары мен мінез-құлқының айтарлықтай өзгеруімен байланысты болады. Көптеген жайттар жасөспірімнің оны қалай жеңуіне, ата-анасынан осындай қиын кезеңде қандай көмек алатындығына байланысты болады.
Біріншіден, дәл осы уақытта есейіп келе жатқан адамның ата-анасымен болашақ қарым-қатынасының сипаты – олар жақын бола ма, сенімге негізделген бола ма, сыйластыққа толы бола ма, осылар айқындалады. Немесе алшақтау болады, эмоционалдық салқындық, алыстау, тұйықтық пайда болады, олар өмір бойы сақталады, және отбасындағы атмосфераны бұзып, болашақта ұрыс-керіс пен жанжалдарға себепші болады.
Екіншіден, дәл осы жасөспірімдік шақ өз «Менінің» күшін қайрап, жеке тұлғаның өзін-өзі бағалауын қалыптастырады, бұл ересек өмірде адамның басты ішкі қорғаушысы болады және оған ең қиын деген жағдайларды абыроймен жеңуге мүмкіндік береді.
Отбасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғалту, мектептегі сәтсіздік, келеңсіз топтағы құрбыларымен жақындық әр түрлі жолдарға итермелейді. Демек баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер етеді, солай болғандықтан оның көп қырлы, жан-жақты болуы отбасына байланысты. Жеткіншектің мінез-құлқындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар физиологиялық ауытқулардан емес, отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады.
Әрбір ата-ананың міндеті – баласында болып жатқан өзгерістерге ден қою, оның ішкі уайымдарына мейірбандықпен қарау. Өзін «Барлығы қиындықпен есейеді, оның қиындығы да өтеді, бәрі өздігінен жөнге келеді!» деген сөздермен алдарқатпау.
Өздігінен ештеңе түзелмейді! Тіпті «проблемасыз балалар» деп аталатын ең момын балалардың өзі ата-ананың мейрімі мен қолдауына мұқтаж.
Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», — дейді. Ата-ана мен педагог балаға көмектесу үшін күнделікті тығыз байланыста болуы тиіс. Отбасы тәрбиесінде қолданылатын басты әдістер — бұл өнеге-үлгі, бірлікті еңбек, іс-әрекет, әңгіме-сүхбат, қолдап-қуаттау, баланы қорғау. Отбасында ешкім «мен енді сені тәрбиелемеймін» — деп айтпағаны жөн, себебі төңіректегінің бәрі: -баланы қалыптастыруда өз үлесін косуда.
Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың өзін тәрбиелеуінен басталуы керек. Тәрбиенің мәні де маңызы да осындай терең танымнан тамыр алады. Ата-ананың ашу-ызасын тізгіндеп ұстай білуі бала үшін үлгі болмақ. Ата-ананың басты міндеті- баланың еркін дамуына жағдай тудыру, шығармашылық қабілеті дамыған, өзіне, жарқын болашақ пен жақсы өмірге сенімді тұлғаны тәрбиелеу. Ендеше ата-ана мен баланың арасында шынайы адал сүйіспеншілік, рухани жақындастық, екі жақты өзара сыйласымдылық, сенім болған жағдайда бала өз көзқарасы мен ақыл-ой тұрғысында нық тұрып, болашақта ата-анасының мықты тірегіне айналмағы сөзсіз.
Ата-ананың балаға деген махаббаты туралы сөз еткенде, ең алдымен, ересектердің өздерінің қарым-қатынасына ерекше мән беру қажет. Ата-анасы бірін-бірі шынайы жақсы көріп, жылы қарым-қатынаста болса, бұл сезім балаға да беріледі. Баланы өмірге әкелгеннен кейін ата-ана оны шынайы жақсы көру әрі парыз, әрі борыш. Біз ересектер, негізінен баламыз жақсы іс атқарғанда, біз қойған талапты орындағанда ғана балаларымызға ерекше ықылас танытып, қуанып жатамыз. Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, баланы бұлайша мадақтау, қолпаштау олардың балалардың қатты мазасыздық сезімін тудырады. Өйткені бала ата-анасының алдында үнемі үлгілі болып жүруге талпынады, бірақ бұл міндет іске асқанмен, кейде өз межесіне жетпей жатады. Балаларыңызды ешқандай да абыройлы ісіне қарамай, тек перзенті болғаны үшін ғана жақсы көрудің өзі оларды қанаттандырады, бала жүрегіне зор қуаныш ұялатады. Кейде балаларыңыз сізден «Мені жақсы көресіңдер ме?» деп сұрап жататыны да жасырын емес. Бала жүрек түкпірінде өзіне деген ата-анасының махаббатын сезінгенімен, сол сөзді жиі естуге ынтық та болуы мүмкін.
Дүниедегі ең тамаша туынды- тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Баланы бастан демекші, мектепке алғаш келген балаға дұрыс тәрбие беру, ауытқушылықтан сақтап қалу мұғалімнің және ата-ананың міндеті. Жақсы тәрбиемен есейген бала, ол қашанда біздің қуанышымыз. Психология ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адам болмайды деп дәлелдейді. Сол себепті де баланың қабілетін кеңінен өрістете дамытуға мектеп пен отбасы мақсатты түрде ықпал ете алады. Қандай да мектеп болсын, әлеуметтік тұрғыдан бұл мәселені «Отбасы — оқушы — мектеп» үшбұрыштық жүйесімен жүргізгені абзал. Мұндай жұмыс оқушылармен «Психологиялық қарым-қатынас» сабақтарын жүргізгенде, оң нәтижесін берері сөзсіз. Бұл қосымша сабақта балалармен тренингтер, интерактивті әдіс-тәсілдер, ертегі, ән-би терапиялары ұтымды қолданылады. Нәтижесінде оқушылардың коммуникативтік қарым-қатынас дағдылары қалыптасады.
Тұлғаның әлеуметтенуінде жетекшілік маңызға ие жалпыға бірдей жағдаяттар болады. Олар: туған күнінен бастап, балаға болатын үздіксіз де тұрақты ықпал; отбасыдағы қарым-қатынастың туысқандық, сүйіспеншілік, сенім, өзара жауапкершілік сезімдеріне негізделуі; ұрпақтан-ұрпаққа тәжірибе өткізуге бағытталған әрқилы деңгейдегі отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы және ыкпалы. Өз балаларының ерекшеліктерін, кызығулары мен қажеттерін ескеруде ата-аналар мүмкіндіктері орасан.
Отбасында тиімді тәрбиелеудің белгілі ережелері қалыптасқан:
— баланы бар қалпында сүю, кұрметтеу қажет;
— балаға әсер ететіні құрғақ сөз емес, оның қалай айтылғаны, шын көңілден шыкқандығы мәнді;
— баламен қатынас оның жас ерекшелігіне сәйкес болуы шарт, сонда ғана үлкендер мен кішілер арасындағы дау-дамай туындамайды да ең қонымды тәрбие әдісін таңдап, қолдануға болады;
— баланың не айткысы келетінін түсініп алған жөн, асығыс қорытынды жасаудан сақтанған дұрыс;
— жазаны істеген келеңсіз әрекеті үшін колдануға үйренген жөн, баланы намысына тиіп, қорламаңыз (ешуақытта бала жаман емес, оның қылығы жаман);
— бала жөнінде басқалар (мұғалімдер, көршілер) тарапынан айтылған сын пікірлерден қорытынды жасаудан бұрын оның өзімен әңгімелесіп, әрекетінің себебін анықтап, кейін шешім кабылдаған жөн: жұрт алдында өз беделіңді жоғалтамын деп шошынудың қажеті шамалы, өз балаңның сенімінен айырылып қалмаған дұрыстау;
— балаға үйрететініңді алдымен өзің үйреніп, біліп ал;
— балаңызға канша рет «жоқ» деп, бетін қайтаратыныңызға мән беріп көріңіз, содан корытынды шығарыңыз.
Бала ата-анасына түгелдей тәуелді:
— бала жасына қарамай, басыбайлы қадағалауды жек көреді. Ата-анасының өз өміріне шын ыкыласпен араласқанын ғана ұнатады. Бала табиғатынан ата-анасын сүйеді;
— баламен өмір, тұрмыс жөнінде жиі сұхбаттасып тұрған жөн. Себебі қателіктен ешбір адам қашып құтыла алмайды;
— баланы киындықтар құрсауында жападан жалғыз қалдыруға болмайды.
Өзіңіздің келешегіңіз үшін:
- Салыстырмаңыз, сынамаңыз
- Алдаусыратпаңыз
- Өкпешіл болмаңыз
- Ашуланбаңыз
- Сөзіңізді ұмытпаңыз
- Түсіністік танытыңыз
- Дос бола біліңіз
- Қолдау көрсетіңіз
- Көбірек көңіл бөліңіз
- Сенетіндігіңізді білдіріңіз, мән беріп тыңдаңыз.