Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі мектептерде оқыту процесінің мазмұндық болмысын жаңа әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді талап етеді. Мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту процесін түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетіп, оқытудың шығармашылық қызметін дамытып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіруді қарастырады.
Білім беру жүйесіндегі сапалы оқытудың маңызды мәселелері өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес және жоймайды да. Адамзат бар жерде оқу бар, оқу бар жерде оқыту бар, ал оқытудың сапалы әрі тиімді болуы елдегі білім беру реформаларына, елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты екені айдан анық. Елімізде білім беру аясында қабылданған реформаларды сапалы жүзеге асыратын, оны нәтижелі ететін, ол әрине мұғалім. Мұғалімнің берген білімінің нәтижесі бір күнде не болмаса бір жылда өз жемісін бермейді, ол ұзақ жылдардан соң ғана жемісін бермек. Ал, мұғалім өз еңбегінің жемісті болу жолында аянбай тер төгуі қажет. Қазіргі заман тек білімді, білікті және өз ісінің шебері ретінде бәсекеге төтеп бере алатын тұлғаны талап етуде. Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар еліміздің ертеңі, Қазақстанды мәңгілік ел ету аясында дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын тағылымды ұрпағымыз. Сол ұрпаққа сапалы білім беру әрбір ұстаздың парызы.
Осы орайда мұғалім білімін жетілдіруді үздіксіз жүргізіп отыратын «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты облыс педагогтеріне жаңартылған білім беру бағдарламасы мен критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан педагогикалық шеберлік пен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрету жолында елеулі еңбек етіп, еліміздің білім саласын дамыту мен жаңартуда ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін жетілдіріп, 2 апталық, 3 апталық, 4 апталық біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырып, үлкен үлес қосуда. Облыс ұстаздары курс барысында жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсат, міндеттерімен танысып, педагогикалық әдіс-тәсілдерді, жаңаша оқытудың қыр-сырларын, критериалды бағалау жүйесімен танысып, жаңа оқу бағдарламасы құрылымын, пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асырудың қажетті дағдыларын меңгеруде. Курста меңгерген білім, білік, дағдыларын педагогтер өз тәжірибелерінде сәтті жүзеге асыруда.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие. Өйткені бағдарламада оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасау, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған.
Кез келген елдің білім беру жүйесінде өзіндік ерекшеліктер мен артықшылықтар, міндетті түрде кемшіліктері де болады. Біз отандық білім беру жүйесіндегі өзіндік ерекшелігімізді сақтай отырып, артықшылығымызды арттырып, кемшілігімізбен күресуіміз қажет. Осы тұрғыдан келгенде білім берудің дәстүрлі жүйесін түбегейлі өзгертіп, оқытуды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру арқылы білім мазмұнын жаңарту уақыты келген сияқты. Бұл жолдың міндеті ауыр болғанымен мақсаты айқын болмақ. Елдің білім беру қызметі қоғам сұранысына, заман талабына толық жауап бергенде ғана оқыту сапалы, ұстаз қызметі тиімді болмақ.
Ендеше, жаңа форматты мектепке айналу жолы – мектепті жаңаша дамыту стратегияларын қолға алудан басталмақ.
Ануарова Айгерім Дүйсенбайқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО
бойынша ПҚБАИ
Мониторинг және талдау бөлімінің
бас маманы