Білім беру саласы: «Әлеумет»
Оқу қызметі: өзін-өзі тану
Мақсаты:
— «Өзін-өзі тану» оқу қызметтерінде алған білім, түсініктерін қорытындылау;
— Адамгершілік кұндылықтары мен адами кұнды қасиеттер туралы білімдерін дамыту;
— Жақсы қасиеттерге, ризашылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: дәптер, түрлі-түсті қарындаштар.
Шаттық шенбері
— Қайырлы таң, балалар! Мен сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Қане, бәріміз мына күннің шуақтарын ұстап тұрып, бір-бірімізге жылы тілектерімізді төмендегі өлең жолдарымен білдірейік!
Арайлап таң атты Алтын сәуле таратты Жарқырайды даламыз Жарқырайды күніміз Әрқашанда күлімдеп
Оқуға құштар баламыз!
Тосын сәт: топқа өзін-өзі тану ханшайымы келеді.
Өзін-өзі тану ханшайымы: — Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен сендермен бір жыл бірге болдым. Ал осы уақыт ішінде не үйрендік?- екен соны білуге келдім. Мен сендердің білімдеріңді тексеру үшін бүгінгі оқу қызметтеріңе қатысамын.
Педагог: — Қош келдіңіз, отырыңыз. Біз сізге бір жыл бойы алған білімімізді көрсетеміз.
Әңгімелесу.
Педагог өткен сабақтарды еске түсіру үшін, «Өзін-өзі тану» әлемінің картасына балалардың назарын аудартады. Балалар картаға қарап аялдамаларды атап шығады. Педагогтің көмегімен әр аялдамада не үйренгендерін еске түсіреді. Төмендегі өлеңді бәрі бірге қайталап, мазмұны бойынша әңгімелеседі.
Өзінді тану Ө. Ақыпбеков
Жақсы болу – өзіңнен,
Жаман болу – өзіңнен.
Өзіңді өзің ая да,
Өзіңнен үйрен, өзіңнен.
Жақсылық көрсең біреуден,
Мен қандаймын? -деп ойла.
Жамандық көрсең біреуден,
Мен қандаймын? — деп ойла.
Өзіңді-өзің қолыңа ал,
Өзіңсің ақыл айнасы.
Тиеді саған мәні бар
«Өзіңді тану» пайдасы.
- Жақсы, жаман болу өзіңе байланысты деген сөзді қалай түсінесіздер?
- Өзіңді қандай баламын деп ойлайсыз? Балалардың жауаптары
Осылайша, маңызды әрі үлкен тарауларға қысқаша тоқталамыз.
«Кім ойлап тапқан».
Сөздерді ең аяулы,
Жақсы көріп жаттадым.
Енді білдім оларды,
Кімнің ойлап тапқанын.
«Күнім», «жаным» дегенді,
«Ана» деген сөзді де,
«Аға» деген сөзді де,
«Әке» деген сөзді де
Ойлап тапты балалар.
Тақтадағы суретке назар саламыз!
Отбасы – ең жақын адамдардың ошағы. Әрқашан отбасы мүшелерін сыйлап, құрметтеу керек. Отбасы мүшелері бізді жақсы көріп, бізге тек жақсылық тілейтінін білдік.
- Біз доспыз! Достар қандай болуы керек?
Педагог балалармен бірге төмендегі өлең мазмұнына сәйкес қимыл-қозғалыстар жасайды.
Достар бірге жүреміз, (Қол ұстасып, айнала жүру)
Бірге ойнаймыз, күлеміз. (Бір-біріне қарап, күлу)
Бірге балық аулаймыз, (Қолдарын алға сөзу)
Міне, біздер қандаймыз! (Қолдарын жоғары созу)
Бөлінбейді іргеміз,
Әрқашанда біргеміз.
Достар қашанда бір-біріне қол ұшын беріп, қуаныштары мен реніштерін бірге бөлісетіндерін, тату ойнайтындарын түсіндік.
- Біз табиғатқа қамқор болуымыз үшін қандай көмек бере аламыз?
Табиғат – бізді қоршаған орта. Табиғатқа адам, күн, су, ауа, тас, тау, қүм, т.с.с. жатады. Біз Табиғат-Анаға ризамыз. Әрқашан шексіз алғысымызды білдіреміз. Туған жеріміздің табиғатын қорғауға, аялауға, тазалығын сақтауға, қадірлеуге үйрендік.
Ойын-жаттығу: Педагог балаларға сұрақ қойғанда, ия немесе жоқ деп бірге жауап берулері тиіс!
Күн, ауа, және су — Бәрімізге керек те -Ия, ия, ия Күн жарық үшін керек пе? -Ия, ия, ия Күн жылыну үшін бе? Ауа тыныс алу үшін бе? –Ия ,ия, ия Ауа таза болу керек пе? -Ия, ия, ия Су ішуге керек пе? -Ия, ия, ия Су шынығу үшін бе? -Ия, ия, ия Денеңде күш артты ма? -Ия, ия, ия
Қорытынды:
- Балалар, міне, біздің «Өзін-өзі тану» әлеміндегі саяхатымыз да аяқталды. Біз осы оқу қызметі арқылы жан дүниемізді жақсы қасиеттерге толтыра білдік. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауды, өмірге алғысымызды айта білуді үйрендік. «Адамгершілік» деген сөздің мағынасын түсіндік. Адамның игі істері, еңбек, достық, отбасы, татулықтың адамның
- адамгершілік қасиеттері екенін білдік. Біз өзімізді, отбасымызды, достарымызды, айнала қоршаған табиғатымызды, туған жерімізді, елімізді, Отанымызды сүйіп, аялап, қамқор боп, жақсылық жасай білуге үйрендік.
Өзін-өзі тану ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар, сендер көп нәрсе үйренген екенсіңдер. Үнемі ақылды, қамқор, жүрегіміз сүйіспеншілікке толы болсын! Бүгінгі сабақтан алған әсерім – деп күлегеш (смайлик) бойынша көрсетеді.
Жүректен жүрекке.
— Қане, бәріміз бірге «Өзін-өзі тану» әлеміне ризашылығымызды білдіріп, ханшайымды шығарып салайық.
Мың алғыс саған,
«Өзін-өзі тану әлемі»!
Мың алғыс саған,
Дәптерім менің әдемі!
Мың алғыс саған,
«Өзін-өзі тану әлемі»
Сүйеміз біз,
Қоршаған бар әлемді.
Нені білу керек: «Өзін-өзі тану» оқу қызметтерінде алған білімдерін тиянақтай білуі тиіс;
Нені игереді: Адамгершілік кұндылықтары мен адами кұнды қасиеттер туралы;
Нені білді: Әрқашан алғыс айтып жүру керегін білді.
Демегенова Гүлмаржан Нұржанқызы
№39 «Хиуаз» балабақшасы,
өзін-өзі тану мұғалімі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы