Home » Баяндамалар » Мырзағали А. С.Сәдуақасовтың «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты баяндамасы

Мырзағали А. С.Сәдуақасовтың «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты баяндамасы

Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) – Алаштың айбатынан ат үркетіндей ардагер ұлдарының бірі еді.
Қоғам және ұлт қайраткері небәрі 33 жасында Мәскеуде белгісіз жағдайда қайтыс болып, сүйек күлі өртелген алғашқы қазақтың біріне айналды. 2011 жылдары марқұмның сүйек күлі Астанаға жеткізіліп, 2013 жылы жер қойнына тапсырылды. Қысқа ғана ғұмырында ұлтына өшпестей ізгі істерімен еңбек сіңірген азаматымыздың ғұмыр жолы тым күрделі, саяси күрес жолы өте белсенді болған-ды. Қазіргі «Еңбекшіл Қазақ» (Егемен Қазақстан) газетін басқарды. Республикалық ағарту мекемесінің басшылық жұмысын да атқарған.Қазақстанда халық ағарту жұмыстарының қазіргі жайы мен болашақтағы бет алысы туралы жалпы Қазақстан мұғалімдерінің бірінші тобында жасаған «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты баяндамасының «Оқу құралдары және тіл туралы» бөлімін назарларыңызға ұсынып отырмыз!
Бұл баяндама сол күрделі кезеңдегі халық ағарту ісінің қай бағытта, қандай деңгейде екенін білуімізге мүмкіндік тударады. Жоғары сыныптарда кей пәндерді шет тілінде оқыту мәселесі де айтылған.
«Қазақстандағы халық ағарту мәселел» атты С. Садуақасов баяндамасы
Қазақстанда халық ағарту мәселелері
Қазақстанда халық ағарту жұмыстарының қазіргі жайы мен болашақтағы бет алысы туралы жалпы Қазақстан мұғалімдерінің бірінші тобында жасаған Садуақас ұлының баяндамасы / 1927 жыл февраль. Қызылорда.
Доклад т. Садвакасова о состоянии и преспективах дела Народного образования в Казахстане, сделанный им на 1-м Всеказахском учительском съезде в г. Кызыл – Орда. Февраль 1927 г.
Садуақасов Смағұл
Қызылорда : Қазақ мемлекет баспасы
1927 жыл. 29 бет. 2000 дана .


Оқу құралдар және тіл туралы
Жоғарымен байланыстыра мен оқу құралдарына да қағылып өтпекшімін. Бұл мәселе: қазақ мектептерінде өте нашар күйде. Біздің өткендегі тарихымыз тұлдыр боларлық еш нәрсе қалдырмақ түгіл, қазіргіге сабақ боларлық та еш нәрсе бере алмады.
Сонымен оқу құралдарын біз төңкерістен бері ғана шығара бастадық. Оның үстіне 1913 жылға дейін қазақтың өзіне арналған қарпі болмады, біз араб емлесін пайдаландық; 1915 жылға шейін қазақша тіл құралдары болмады; 1913 жылға шейін қазақтың баспасөзі де болған жоқ. Қазақ арасындағы молдалар ақсақалдарға «Әулиелердің» өмірін суреттеген «Зарқұм», «Кер бала» секілді араб ертегілерін айтып ұйытты. Бұл кітаптарды Қазандағы бір татар көпесі бастырып шығарушы еді.
Бізге қазір де бәрін де жаңадан шығаруға тура келіп отыр. Бұл жолда бізге кездесіп отырған қиыншылықтар көп. Бірінші, оқу құралдарын жазатын адамдардың бізде саны шағын, ылғи оқу кітабын жазуға ғана жалғыз Байтұрсынұлы… Басқа адамымыз жоқ. Біз бұл жұмысты басқа істен қолдың босануына қаратып келдік. Бірақ оқу кітабын жазу деген жеңіл жұмыс емес. Мұны өлең сықылдандырып жаза салуға болмайды. Әрине, өлең жазу да оңай емес қой! Бірақ ақын адам онша қиналмай-ақ жаза салса керек, кейде ақын еместердің де өлең жаза салатын әдеті бізде бар. Оқу кітаптарын жазу үшін құры хат танитін болуы жетпмейді, жазушы оқыту ғылымына жетік болу керек; балалардың психологиясын білуі керек. Жалпы алғанда оқымысты адам болуы керек. Әйтпегенде пайда орнына зиян шығуы мүмкін. Адамды бұзып бітіргеннен де, оған еш нәрсені оқытпағанның өзі артық. Егер дұрыс оқытамыз десек, оған жақсы кітап керек. Жақсы кітаптарды жазу үшін адамның білімді болуы шарт.
Мен ағарту мекемесінің бастығы болғанымнан осы күнгі қызметкеріміздің ісіне зарланбай амалым жоқ. Қолынан іс келетіндер «маңызды» жұмыстарға бір шығып кетсе, қызметке ілгеріліктің күштілігінен, жастар да тиісті білімді алмай жатып жұмысқа жегіліп кетеді. Оқу кітаптарын жазудың бір жерінде комиссар болып отырудан кем емес екендігін білетін адам бізде сирек. Біз бұған күшті салуымыз керек, әсіресе оқытушылар кірісуі керек. Біз алдымен оқытушыларға көз тігеміз.
Сендердің араларыңнан оқыту жұмысына жетік адамдар шығып, оқу кітаптарын жазуға кірісуі тиіс. Мұны істеу үшін оқу кітаптарын қолға алып зерттеп, іс жүзінде сынауларың керек, жалғыз оқыту жағынан ғана емес, жалпы маңыз жағынан да кітаптың қалай екендігін ашу керек. Өйткені бұл жағы көңілдегідей емес. Біздің оқытушыларымыздың алдында тұрған ұлы жұмыстың бірі – қазақ мектептерінде ұлттық оқу кітапханаларының негізін құру. Бұл жұмысты біз әлімізден келгенше істеп келеміз, мұны біз күшейтуіміз керек. Күшейткенде алдымен оқытушылардың күшімен күшейтуіміз керек.
Орыс мектептерінде бұл мәселе нашар емес. Бірақ, Қазақстан жағдайын еске алғанда мұнда да істейтін істер көп. Бәрің де білсеңдер керек, қазіргі оқытудың негізі – елдің шаруашылығы, сол жердің тұрмысы, комплекс әдісі мен оқытудың негізі – аймақтану мәселесіне тіреледі. Олай болса, біз кітапты Қазақстан үшін ғана емес, әр губернияның өзіне арнап жазуымыз керек. Сондықтан орыс оқытушыларының міндеті: Мәскеуден жіберген кітабын ғана қанағат қылмай, өздері де жазуға кірісіп, Кеңесті Қазақстан еліне көзін салып қарауы керек! Біздің Кеңестер одағынан өзгешелігіміз, қазақ болғандығымыз ғана емес, орыс болсын, қазақ болсын жалпы Қазақстан болып біріккенде кейбір өзгешелігіміз бар. Сондықтан да бірнеше ұлт қосылып бір Республика болып отырмыз. Осы өзгешелігімізді анықтап, жұмысымызды осыған дәлелдеп келтіру жөнінде орыс оқытушыларының алдында ірі жұмыстар тұр.
Оқу құралдары туралы сөзіміздің аяғында айтатыным: қазақ мектептері туралы бастауыш мектептерге оқу құралдарын әзірлеу жағындамыз; ал орта мектептер мен жоғары мектептер туралы жоспарымызды тым кеңітіп жібермейміз, өйткені бұл мектептерге керекті кітаптарды әзірлейтін адамымыз жоқ. Оның үстіне оқытушыларымыз да жеткіліксіз – орта дәрежелі мектептеріміз осы күнге шейін орысша оқытумен келеді. Кей бір жолдастар бұдан өзінше мағына шығарып, біздің саясатымызды бұрынғы миссионерлер саясаты мен бір дегісі келеді. Мен бұған қосылмаймын. Миссонерлер школының негізі жалғыз орысша оқытуда (бұл – миссионерлер школының құралы ғой) ғана емес. Сол алған білімін кімнің пайдасына жұмсалуда. Біз мектебіміздің жемісін, еңбекшілерге жегізбекпіз. Олай болса, техникумдардан оқып шыққандар орысшалап кетеді деуге қауіп жоқ, жас агрономдарымыз, дәрігерлеріміз, басқа мамандарымыз артық тіл білсе, аз да болса білімі артылса, бұдан келер оларға зиян жоқ.
Орта мектептер, жоғары дәрежелі білім орындары қазірше орыс тілінде оқыту керек деп қаймықпай айта аламыз. Бұған олай дейтініміз, қазақтың бастауыш мектептері мен орта дәрежелі мектептердің арасын байланыстыру керек дейміз. Біздің мұғалімдеріміз орысша жетіліп, мектептердің соңғы кластарында орысша оқыта аларлық болулары керек.
Бірсыпыра жолдастар маған қағаз жазады. Менің болжауым теріске кетпеген екен. Олар жазған қағазында былай дейді: «Мектептерге орыс тілін кіргізу ескі саясатқа, миссионерлер саясатын қайталау емес пе?» дейді. Бұл туралы айтатынымыз: біз мектептерге орыс тілін кіргізуге ұсынсақ, патша өкіметі секілді сол орыс тілін жақсы көргендіктен емес, біздің басқа шарамыз болмай отыр. Орта дәрежелі мектептеріміз түгіл, бірінші басқыш мектептеріміз де оқу құралдары жағынан қамсыздана алмай отырғанын Сіздер білсеңіздер керек?! Олай болса, орта дәрежелі мектептерге қазақ тілінде дайындалған кітаптар жоқ болса, оқытушы мұғалім жоқ болса, не қылмақшымыз?! Ауылдық мектепте тымырайып отыра бермекшіміз бе?! Меніңше, есі бар қазақ, әсіресе, мұғалімдер мұны айтпаса керек.
Біз орыс тілімен мәңгі оқыта беру керек деп айтпаймыз. Мүмкіндігі бар жерінде қазақшасы керек. Қызылорда да Қазақ институты бар. Мұндағы оқытушылар орта дәрежелі мектептерде оқыта алады деген қазақ оқытушылары. Оқытуы әдемі. Бірақ осы институт сықылданып әр қаладан да аша беруге оқытушыларды таба алмаймыз ғой.
Сондықтан еш мүмкіндігі болмаған соң орта дәрежелі мектептерге біз орыс тілін жүргізіп отырмыз. Өне бойы осы бойымызбен кете береміз деп айтпаймыз. Ақырындап отырып орта дәрежелі мектептерге оқу құралдарын әзірлей бермекшіміз. Мәдени күштеріміз көбейген сайын кітап санын да өсіре бермекшіміз.
Бұл жерде бір мысал көрсете өтейін: Жапон елінің оқу тарихы мен қаншалық таныстарың барын білмеймін. Әйтсе де олардың құлдық тұрмыстан мәдениетке қалай өрлегенін айтып өткім келеді. 1856 жылы Жапон елі біздің Қарақалпақ секілді ел еді. 50 жылдың ішінде мәдениетті ел болды. Жапон елі осынша тез өркендегенде өз тілімен өркендеген жоқ. Білімді ағылшын тілі мен бастап еді.
Олардың орта дәрежелі оқу мектептері 20 — ғасырдың аяғына дейін ағылшын тілінде болып келді. Университеттерінің жапон тіліне көшкені жақын арада ғана. Кейбір университеттерінде профессорлар осы күнге шейін ағылшын тілінде сабақ береді.
Білім кітаптары осы күнге шейін көбінде ағылшын тілінде басылады. Санақ жұмысы да ағылшын тілінде. Міне, бұл жапон елінің шет тілден қанша пайдаланғандығын ашып көрсетеді.
Біздің Қазақстанда меніңше әрбір қаазақ орысша білуі керек де, орыс – қазақша білуі керек! Мұндай күй болса, өте жақсы болар еді. Шынында бұған екінші көзбен қарауға болмайды. Өйткені, Кеңес мектептері тар ұлтшылдықтан аулақ қой.
8-9-10 беттер
Смағұл қайтыс болғанда қазасына қатты қайғырғандардың бірі Мағжан еді.
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылған
Қайран қазақ, орны толмас жара екен!
P.S.
Ұлты үшін өшпес із қалдырған Алаш азаматтарының еңбегінің жеңісі мен жемісі бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!!!

Мырзағали Абай,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.