Home » Балабақша » Мукангалиева Майна. Құстарға қамқорлық

Мукангалиева Майна. Құстарға қамқорлық

                                                                                                                                           

 Білім беру саласы: Әлеумет    

Оқу қызметі: Қоршаған орта\Экология негіздері

Мақсаты: Табиғатты сүюге баулу. Құстар туралы түсініктерін қалыптастыру, құстардың пайдасына тоқталу. Балалардың есте сақтау  қабілетін дамытып, мейірімділікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Табиғат аясы, құстардың суреті, құстың ұясы, үнтаспа,слайд.

Билингвальды  компанент: Құстар-птицы, торғай-воробей,  сауысқан-сорока, тоқылдақ- дятел,  қарға-ворона, көгершін-голубь, тауық-курица,  әтеш-петух.

Шаттық шеңбері.

— Балалар келіңдер шеңберге тұрып жылулық шеңберімізді орындайық.
Өсті ақыл санамыз,
Қонақтармен ең алғаш,
Амандасып аламыз.
Сәлеметсіздер ме апайлар?!
Жарқырасын күніміз,
Жайнап тұрсын гүліміз,

Жақсы ниет тілекпен,
Бастайық оқу қызметін біз.

Ұйымдастыру кезеңі.

Балалар бүгін ауа – райы қандай?

Дұрыс айтасыңдар салқын.
— Салқын ауа – райы қай мезгілде болады?

-Күз мезгілінде неше ай бар?

— Күз мезгілінде қандай өзгерістер болады?

— Иә, балалар дұрыс айтасыңдар күздің соңғы күндері болғандықтан, күн салқындады, ағаш жапырақтары жерге түсіп болды, ағаштардың барлығы жалаңаш тұр. Балабақшада құстардың дауысы естілмейді. Неге естілмейді? Құстардың барлығы қайда кетті?
—    Жылы жаққа ұшып кетті.
—    Құстар жылы жаққа ұшып кетті, бірақ та қыстап қалатын құстар бар емес пе?

Жұмбақ:    

Секектеп бір тұрмайды
Әжемнің құртын ұрлайды.    (Сауысқан)

Қара құсты қарқылдақ,

Ұшып – қонып жалпылдап.
Қоқыстарды шоқиды,
Жем іздейді там тұмдап.            (Қарға)

 

Ұзақ тектес құс,
Шеркей жеп.

Ауыл маңынан,

Ұзап кетпес құс.                        (Торғай)

 

— Міне балалар осы мына айтылған жұмбақтағы құстардың барлығы бізбен бірге қалып қыстайтын құстар.
Қыстайтын құстарды балаларға қайталатады.

Балалар көңілімізді тақтадағы құстардың суретіне аударайық.
Құстар жайлы түсіндіріп өту.

Сұрақ-жауап:
— Құстар немен қоректенеді?
— Құрт құмырсқалармен.
— Осы құстар нені қорғайды?
— Ағаштарды.
— Ағаштар бізге не үшін керек?
— Ағаштар таза ауа шығарады.
— Ендеше балалар мына тақтадағы құстарды ағашқа қондырайықшы.
— Балалар бір бірден шығып алған құс жайлы айтып ағашқа отырғызады.

Мнемокесте бойынша тақпақ жаттау
Құс ұясын бұзбайық

Жұмыртқасын алмайық

Обалына қалмайық

Әдейі көздеп атпайық

Біз қамқоршы баламыз

Құстарға ұя саламыз

Жем-су беріп үнемі

Балапанын бағамыз.

Тосын сәт:
Сол сәтте Түлкі балапанмен кіреді:
— Сәлеметсіңдер ме балалар!
— Сәлеметсіз бе, түлкі.
— Менің қарным ашып тұр еді орта жолдан бір балапанды ұстап алдым, жақсы болды енді қарным бір тоятын болды. Мен бұны үйшігіме апарып жеп алайыншы.
— Түлкі түлкі сіз бұларды қалай алып кетесіз, сіздің салып алатын қалтаңыз жоқ қой.
— Ой расымен мен балапандарды жеткізгенімше қашып кетер.
— Түлкі біз балапанды қарай тұрамыз сіз барып себетіңізді алып келіңіз.
— Түлкі себетін алып келуге кетеді.
— Балалар, балапандарды құтқарып, балапандарға қамқор болдық.
— Балалар өлең жолдарын айтып балапандарға нан қоқымын тастайды.
— Балалар келіңдер балапандар тамақтанып алғанша біз сергіту сәтімізді орындайық біраз шаршағанымызды басайық.
Сергіту сәті

Қарлығаш болып ұшайық

Торғай болып қонайық

Сауысқан болып секіріп,

Бүркіт болып самғайық

Қане қанат жазайық.

Ұшып – ұшып алайық,

Орнымызға қонайық.
Осы сәтте топ ішіне тауық кіреді: құт – құт — құт — құт сәлеметсіңдер ме балалар!
— балалар осы балабақша маңында менің балапандарым ойнап жүр еді сол балапандарымды жоғалтып алдым, сендер көрмедіңдер ме?
Балалар көрдік сіздің балапандарыңызды түлкі ұстап алыпты, біз оларды құтқарып қалдық, міне сіздің балапандарыңыз.
— Рахмет сендерге балалар. Менің балапандарымды құтқарып алғандарыңа.
— Балапандарыма мынадай ақылды балалар қамқорлық жасағандарыңа алғыс айтамын және өз сыйлығымды бергім келіп тұр.
— Тауық сыйлықтарын береді.
— Рахмет, сау болыңдар!
Түлкі кіреді: Балалар менің балапандарым қайда?

— Түлкі түлкі мұңаймаңыз келіңіз бізбен бірге бір ойын ойнап көңіліңізді көтеріңіз. Жолдан әлі талай балапанды кезіктіресіз.
Ойын: «Ұшты-ұшты»

Венн диаграммасымен қорытынды жасау:
— Балалар біз бүгінгі оқу қызметінде нені білдік? Не үйрендік?
-Құстар туралы.
— Қандай құстарды білдік атап шығайықшы?
— Балалар атап шығады.
— Құстар немен қоректенеді екен?
— Құрт құмырсқалармен.
— Құстарға қамқор болуымыз керек.
— Олар біздің досымыз.
— Балалар түлкіні балабақшамызды көрсетуге серуенге шақырады.

Балалар оқу қызметінен алған әсерлерін смайлик арқылы бағалау ағашында көрсетеді.

 

Мукангалиева Майна,

ЖШС «Премиум-Талғар» балабақшасының ортаңғы

«Құралай» тобының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.