Home » Баяндамалар » Музыка және оның адам өміріндегі рөлі

Музыка және оның адам өміріндегі рөлі

Музыка (грек тілінен тура мағынасында музалар өнері) – белгілі биіктіктегі дыбыстардан тұратын, адамға сазды әуенімен әсер ететін, дыбыстық көркем бейнеге негізделген өнер түрі. Өзінің эмоциялық әсері арқылы музыка адамзат тарихында қоғамдық — идеялық, мәдени-тәрбиелік және эстетикалық рөл атқарады. «Музыка теоpиясының негізгі принциптеpін тек түйсік, тәжірибе aрқылы білуге болaды»[1] — деген Әл-Фараби өзінің музыка трактатында.
        Музыка адам сезімін, ойын, оның ерік-күшін дыбыстық формада суреттейтін қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Адамның жан дүниесін, көңіл-күйін, сезімін бейнелеуде музыка оның сөйлеу тіліне, дәлірек айтқанда, өзін қоршаған ортаға эмоциялық қатынасын білдіретін сөйлеу интонациясына өте жақын келеді. Соған қарамастан, музыка адамның басқа дыбыстық іс-әрекетінен ерекше саналады. Музыкада дыбыстардың биіктік және уақыттық (ырғақтық) қатынастары өте қатаң тәртіпке келтірілген. Музыкалық шығарма мазмұнында адамның ақыл-ой, ерік-күшінің эмоциялық жақтары кеңінен көрініс табады. Мұның өзі адамның психологиялық хал-жайын ғана емес, оның мінез-құлқын да музыкада ашуға жағдай тудырады. Адам эмоциясын нақтылы, ерекше сыршыл сезіммен бейнелеуде музыканың мүмкіндігі мол. Сондай-ақ музыка идеялар әлемін, әр алуан құбылыстарды және болмыс шындығын суреттейді.

Музыканың адамға деген әсері зор екені бәрімізге белгілі құбылыс. Бұл сиқырлы да сырлы дыбыстар адамды қуаныш-шаттыққа бөлеп қоймай, мұң-зарға да сейілткен. Ежелгі гректер музыканың емдік қасиеті бар екенін анықтап, медицина саласында қолдана білген. Әуеннің белгілі бір ырғақтары, дыбыстары арқылы адам организміне әсер ете білген[2]. Сол себепті, оны кейбір жүйке ауруларын емдеуге немесе оларды алдын алуға қолданған. Тіпті қазірге кезде кейбір емханаларда музыкатерапиямен емдеу жолдары қолданылуда. Сырлы да сазды музыка әуендерін тыңдау жас балалар үшін қажет. Оның себебі, музыка, жастардың ой-өрісін жетілдіріп қоймай, олардың рухани дүниелерін байыта алады. «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі.» деп Лонгфелло айтқандай, қазіргі заманда, өздеріңіз байқайтындай, кәдімгі тұрмыста көптеген жастар түгілі ересек адамдар да тұрмыста құлаққап киіп алып, сан түрлі ұлттық қана емес, шетел музыкаларын да тыңдайды. Шынымен де, музыка әуені адамды ерекше рахатқа бөлейтін күш деп айтсақ артық болмас[3]. Өзі, әуенді сүймейтін, тыңдайматын адам жоқ та шығар. Айтар ойымды түйіндей келе, құрметті оқырман, сіздерге деген кеңесім, музыка тыңдап өмірлеріңізді бір керемет сезімдерге толтырыңыздар. Себебі музыка деген жан-дүниемізді өзге әлемге жетелеп, бір өзгеше ғажайып сезімдерге бөлейді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Трактаттар, 216-217 б. 11. Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка
  2. Большая книга о музыке. – Алматы, 2000. − С.

 

Мақұлбеков Айдос Төлебекұлы,
Астана қаласы
№51 мектеп-гимназиясының
музыка пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.