Музыка – эстетикалық тәрбие негізі болып табылады. Оған деген сүйіспеншілік, баланың музыкаға жетік болу қабілеттері туа бітпейді, ол – өсу, даму процесінде қалыптасады. Музыканың адам өміріндегі мәні ерекше. «Ол жоқ жерде, адам тірлігі де — жоқ»,- деп Ю.Фучек өте тауып айтқан.
Музыка адамды шаттыққа бөлеп мұң-зарын сейілткен. Музыканың әсер ықпалының күштілігі соншалық, ол адамдардың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін де өзгерте алады. Жақсы ән мен сазды музыка – жан азығы. Әсем ырғақты жан тербетер ән мен музыка тыңдаған адамның жүрегі жай тауып ерекше сезімге, қуанышқа бөленеді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп Абай атамыз жырлағандай, шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ, музыка әсер етеді. Ең алғашқы анасының әлдиі, бесікке таянып айтқан ананың бесік жыры бөбектің жанын тыныштандырып тәтті ұйқыға кетуіне әсер етеді. Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты ырымдар — «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» т.б. бәрі де әнсіз, өлеңсіз, жырсыз өтпеген. Бала өмір бойы ән ырғағына бөленіп жүреді. Міне, осындай сыртқы ортаның әсерінен бала бойында әдемілікке, әсемдікке деген сезім, күй қалыптасып, эмоциялық әсер нәрестені ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік туғызады. Ана әлдиін бойына сіңіріп өскен сәби тәй-тәй басқаннан-ақ, балабақша есігін ашады. Сол балаға музыкалық-эстетикалық тәрбие бере отырып, жан-жақты жеке тұлғаны дамытудың алғашқы баспалдағы балабақшада жалғасады.
Мектепке дейінгі жастағы баланың музыкамен айналысуының маңызы зор. Балалар халық әндерімен қатар түрлі классикалық музыка және вокалдық шығармалар, аспаптық шығармаларды тыңдап, ішкі дүниесімен қабылдауға тырысады. Музыканы түсіністікпен дифференциалдық түрде белсенділікпен қабылдайды. Балалар музыканы тыңдап, ән айтып, билейді, музыкалық ойындарға қатысып, қол ұстасып айналады. Балалар салтанатты әндерді орындаумен қатар үлкендермен бірге ән айтып, ойын сауықтың шараларға мерекелік – Жаңа жыл, 8-наурыз, Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні тағы басқа да мейрамдарға арналған ертеңгіліктерге қатысады. Музыкалық сауаттылығын үйренуге деген қызығушылығы артады. Ол үшін сазды естіп-тыңдау қабілетімен қатар, баланың эмоционалдық қасиеттері дамытып, ойын түрлерін, жоғарғы дауыстық әуендерді пайдаланған жөн. Қол қимылы мен дыбыстық елестетуді байланыстыра білу керек. Баланың музыкалық дыбысты ажырату қабілеті – шаруашылыққа деген қызығушылықты арттырып, музыкалық аспаптарда ойнап үйренуге жол ашады. Баланың саз жетекшісі, тәрбиеші, ата-аналары оларды музыкалық мәдениетке, оның тілін ұғынуға, музыка арқылы жеке тұлға қасиетінің қалыптасуына көмектеседі. Балаларды музыканы сүюге, оның тілін түсіне білуге үйрете отырып, олардың көркемдік талғамын тәрбиелеу керек. Олар (хал, ішек, үрмелі) оркестр әуен, ритм, екпін, жылдамдық, динамика, балет, опера, оперетта, концерт секілді терминдерді түсініп ұғынуға қабілетті. Музыкалық тәрбие берудің келесі санатында балаларды түрлі сипаттағы музыкамен таныстыру жалғасады.
Ересек топтардағы музыкалық тәрбие берудің негізгі міндеттеріне тоқталайық. Түрлі сипаттағы музыкаға қызығушылық және эмоцияналдық серпілісті дамыту және қалыптастыру музыка басталғанда немесе оны тыңдап отырып, оның сөзін естімей-ақ, таныс шығармаларды басқаларынан айырып, оны еске сақтау бойынша музыкалық қабылдау қасиетін дамыту. Ән айту – музыкалық тәрбиенің аса маңызды құралы және баланы жан-жақты жарасымды жетілдіру міндеттерін шешуде елеулі роль атқарады. Ән айту бала организміне жайлы тиіп, сөйлеу қабілетін жетілдіруіне, тыныс алуына, дауыс аппаратын шынықтыруына көмектеседі. Ән айту кезінде баланың тез жаттап алуы үшін әр түрлі әдістер қолдануға болады. Мысалы, музыка тыңдауда балалар әр түрлі образдағы музыкалық шығармаларды тыңдап, мазмұнын, сипатын, көңіл-күйін ажырата біледі. Жалпы, музыканың күйін сезінуге, көркем образдың дамуын қадағалауға болады. Балалар музыканы жасаушы композиторлар, авторлар туралы алғашқы мағлұмат алады. Музыкалық ырғақты қимылдарды жүргізу баланың бойында естуді, есте сақтауды, икемділік пен шапшаңдықты, зейінді, іскерлікті, балалардың дене бітімінің сұлу да, сымбатты болып қалыптасуына көмектеседі. Музыкалық аспаптарды танып білуге, аспаптарды ойнау әдіс-тәсілдерін үйренуге, олардың тембрлерінен ажырата білуге үйретеді. Жеңіл әндерді аспаптарда ойнап, ырғақтық бейнесін бере отырып, ойнауды меңгереді. Музыкалық есту түйсігін, шығармашылық қиялын жетілдіреді. Ырғақтық сезімін, динамикалық есту қабілетін дамытады. Қимылды және дидактикалық ойындар баланың музыкалық есту, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Нота сауатының бастапқы элементтерін қызғылықты формада меңгеруге көмектеседі. Осы қызмет түрлерін нақты да, жүйелі жүргізудің нәтижесінде балалардың бойында жалпы музыкалық қабілетін, дамытып қалыптастырады. Әсемдікті қабылдап сезіну, түсіну – жақсы мен жаманды байқап шығармашылық тұрғыдан жеке қимыл жасауға, көркемдік қызметтің әр түріне қамтылу қабілеттерін қалыптастырып, дамытуға көмектеседі.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алғашқы буыны болып табылатын мектепке дейінгі кезеңде балалардың музыкалық қабілетін жан-жақты дамыту және тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілуде, себебі осы кезеңде балалардың музыкалық қабілетін дамыту мүмкіндіктері мол. Ғалымдардың пікірінше, табиғи жаратылысында музыкалық қабілетінің алғашқы шарттары 50-60% байқалған. Баланың музыкалық ерекшеліктері жаратылысынан шығармашылық, ізденімпаздық сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты бағыттарын айқындау – ең алдымен, оның жас және дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты. Балалардың толыққанды музыкалық тәрбиесін қарапайым музыкалық түсініктерді қалыптастырудан бастау қажет. Баланың музыкалық даму процесі музыкалық қызметтерді ұйымдастыру барысында жүзеге асады. Сәбилік шақтан бастап, музыкалық қызығушылықтарын дамыту – тәрбиешінің міндеті.
1-2 жаста бала ересек адамның әнін тыңдай отырып, дауыс интонациясына еріп, уілдейді, былдырлайды.
2 жаста бала қарама-қарсы сипаттағы әндерге шаттанып қуанады немесе сабырлы күй танытады. Алақандарын шапалақтап, аяқтарын тоқылдатады. Кейде әннің жеңіл буындарын «әй-әй», «топ-топ» буындарын қайталайды.
3-4 жаста шағын әндерді ересектердің көмегімен орындай алады. Дербес әрекет етуге ұмтыла отырып, билеуге, ойнауға талпынады.
5 жас – баланың көп білуге құштар кезеңі. «Неге?», «неліктен?» деген сұрақтарды көп қояды. Бала жетекшінің қойған талаптарын, ән, пьесалардың көңілді, қуанышты, сабырлы сипаттарын сезіне отырып, пьесадағы қарама-қарсы екі бөлімді, музыкалық аспаптар тембрін, қол ұстасып ән айту, жеңіл би қимылдарын орындай алады.
6 жас – балаларды мектепке дайындау кезеңі. Балалар музыкалық шығармаға сипаттама бере отырып, эстетикалық көзқарасын қалыптастырады. Ән, би, ойындарды орындауда шығармашылығы дамып, музыкаға деген ынта-ықыласы айқын көріне бастайды. Музыкалық тәрбие берудің басты мақсаты – музыка өнері арқылы баланың өмірге деген көзқарасын, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, өз халқының өнерін, салт-дәстүрін жоғары бағалай білетін парасатты азамат тәрбиелеу. Білім берудің ең төменгі сатысы – мектепке дейінгі кезең және тұлғаның даму іргетасы, оқу әрекетін қалыптастырудың ең қуатты кезеңі. Бұл сатыдағы баланың есте сақтау қабілеті, қабылдауы төмен болғанымен, білуге құштарлығы зор болады. Даму ортасының негізінде тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін мектепке дейінгі білім беру мекемесі, баланың тұлғасын дамытуда оның жеке ерекшелік мүмкіндіктерін ашып, таным белсенділігін қалыптастыру мақсатында мынадай міндеттерді шешуі шарт.
— Баланың ішкі белсенділігін дамытуға арналған қажетті мүмкіндіктер жасау;
— Әр балада оның жеке дара қасиеттері мен қабілеттерін ашып, олардың өмір сүруге қажетті салаларға орнығуына мүмкіндік көрсету;
— Әр баланы тұлғалық ерекшеліктерін ашып көрсету және оны дамытуда көмегін тигізетін жаңа жолдарды іздестіру;
— Әр баланың тұлғасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қамтамасыз ететін қарым-қатынас орнату;
Отбасында ата-аналарға педагогикалық білім өте қажет, себебі, ата-ана бала тәрбиесінің мақсат-міндеттерін айқын түсінбей, бала тәрбиесінің жолдары мен амалдарын ойдағыдай іске асыра алмайды. Ата-аналармен әңгіме кезінде өсіп келе жатқан сәбидің мүмкіндіктері зор, бірақ олар шексіз емес екендігін олармен бірге өткізілетін тренингтерде ескерту қажет. Баланың мүмкіндіктерін ескермей, дамуды жеделдетуге болмайды. Сондай-ақ даму барысында кідірістер болмауы қажет. Сондықтан, ата-ана ерте сәбилік және мектепке дейінгі жастағы балалардың музыкалық дамуының көрсеткішін білуі аса маңызды.
СМАГУЛОВА Жазира Каиржановна,
Май ауданы
«Ақбота» бөбектер бақшасының
тәрбиешісі
Павлодар облысы