Музыканың бала тәрбиесіндегі алар орны ерекше. Музыкасыз, ойынсыз, ертегісіз баланың толық мәніндегі ақыл-ойы мен қиялын дамыту мүмкін емес.
Музыкалық тәрбие, эстетикалық тәрбие – сұлулықты, көркемдікті сезінуге баулу, сезініп қана қоймай, оны өз бойына қалыптастыра білудің әдет-дағдыларын меңгеру. Бала музыканы тыңдап, әнді, ойынды, биді көз алдына елестете отырып, өзінше қабылдайды. Мысалы, бала салтанатты адымдап келе жатқан сарбаздарға, маң-маң басқан аюға, үркек қоянға, тағы да басқаға тән бейнелі қимылды іздейді және оны өзі орындайды. Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер етеді. Олардың музыкаға деген көзқарасы қалыптасып, есту қабілеті жетіле түседі (шығармашылық елестету сезімі пайда болады). Музыканың ықпалы кейде үгіттеуден, нұсқаудан анағұрлым күшті болады. Музыканы қабылдау ақыл- ой үрдісімен де тығыз байланысты, яғни музыка арқылы балалардың дыбыс үніне зейіні, байқағыштығы, тапқырлығы жетіледі.
Баланы эстетикалық және ақыл-ой тұрғысынан жетілдіре отырып, оның қабылдау және көз алдына елестету қабілетін, қиялын жандандырып, барынша демеп, қолдап отыру керек. Баланың эстетикалық тәрбиесі олардың қабылдаушылық, байқағыштығының, сөзінің, қоршаған орта туралы түсініктерінің кеңеюінің дамуымен тығыз байланысты. Егер сәби шақтан бастап оларды қоршаған орта жағдайының әдемілігіне, табиғатқа, іс- әрекетке, сүйіспеншілікке дұрыс тәрбиелеген жағдайда, өмірінің екінші жартысындағы балалар әдемілікті одан да күшті түсініп, сұлулықты сезінетін болады. Оларға өлең, күлдіргі сөз, музыка тыңдау және қайталау ұнайды. Олар жақсы көйлекке, бантикке, гүлдерге қызығады.Сәбилік шақтағы балаларға эстетикалық құралдардың бірі — музыка болып табылады. Ол 3-4 айлық кездің өзінде-ақ бала тарапынан эмоциялық қостау туғызып, өнердің басқа түрлерінен бұрын қабылданады. Қарапайым сазды музыка баланың музыкалық қабылдуын оятып, оны тамаша дүниеге жетелейді. Музыкалық тәрбиенің негізгі міндеттері — балаларға қуаныш әкелу, музыкаға деген сүйіспеншілік егу, оның қабылдау қабілетін (есту, есте сақтау, ырғақ сезімі) дамыту мен оған белсенді үн қосуға ынталандыру, музыкамен қимылды, биді және ойынды байланыстыру.
Музыка оқу қызметі — ән тыңдау, ән айту, музыкалық ырғақты қозғалыс, балалар музыкалық аспабында ойнау, әуенді ойын бөлімдерінен тұрады. Түрлі де қызықты музыкалық аспаптар балалардың музыка оқу қызметіне деген қызығушылықтарын арттырып, есте сақтау, зейінді болу қабілетін дамытып, балалардың ұяңдығы ашылып, ән сабағына деген қызығушылықтары арта түседі. Өмірінің бірінші жылында басталған музыка тыңдау жөніндегі жұмысты жалғастыра отырып, музыка жетекшісі 1,5 жастағы баланың көп отыра алмайтындығын ескеруі қажет. Осыған байланысты музыка ұйымдастырылған оқу қызметі ойын ретінде өткізіледі. Ұйымдастырылған оқу қызметі ән тыңдау бөлімінде балалар жаңа көңілді әнді тыңдағанда қимыл жасап, билей бастайды. Бұл көңілді әуен балалардың қуанышты сезімдерін арттырып, көтеріңкі көңіл күйге түсіреді. Одан әрі балалар өздерінің үйренген әндерін орындап, қимылмен қайталайды. Оқу қызметінің ән айту бөлімінде музыка жетекшісі баланың қосылып айтуына да, жеке айтуына да оңай тиетін әндерді іріктеп алуы керек. Әннің мазмұны мен әуені қарапайым болуымен бірге сөзінің дыбыстық құрылымы қабылдауға жеңіл болуы керек. Мысалы: әуені де, сөзі де қарапайым «Қошақаным» әніне қосылып айту балаларға оңай, әрі қызықты да қарапайым болған кезде, оны тез меңгереді.
Бала денсаулығының дамуында мерекелік ертеңгіліктерді өткізіп тұрудың маңызы зор. Ертеңгіліктер бала сезіміне әсер ету құралы ретінде өнер мен көркемдік іс-әрекеттерінің түрлерін біріктіреді. Жақсы әзірлік, ертеңгілік жоспары, дұрыс ұйымдастыру — осының бәрі мерекедегі әр баланың көңіл күйі мен мінез-құлқы, өнердің әр түрлерінің ықпал ету сапасын анықтайды. Мерекелік ертеңгіліктер — балаларға арналған қуаныш болғандықтан, көпке дейін есінде сақтайтын әсерлерінің қайнар көзі. Жақсы ән мен музыка — жан азығы. Сазды, ырғақты жан тербетер ән, музыка тыңдаған сәби ерекше қуанышты күйге бөленеді. Сөйтіп организмде қан айналу, зат алмасу процесі жақсарады. Музыка көңілді көтереді, бойды сергітеді.Тартымды да мәнді музыка дертке де шипа, ауыр ой еңбегінен кейін бірер сағат сазды музыка тыңдаңыз, сонда ғана сіз музыканың құдіретті күшін ұғасыз, өзіңіздің қалай тез тыныққаныңызды білмей де қаласыз. Атақты биолог, ұлы ғалым Чарльз Дарвин қартайған шағында: «Егер маған екінші рет өмір сүруге тура келсе, ең болмағанда аптасына бір рет поэтикалық шығармалар оқу мен музыка тыңдауды әдетке айналдырар едім, сонда миымның қазір семіп қалған бөліктері өзінің өміршеңдігін сақтаған болар еді» деп жазған екен.
Ендеше, денсаулықты ойласақ, есті ән-күй мен музыканы тыңдай білейік.
Сериков Нурлан Өтегенұлы,
БҚО, Орал қаласы
№46 «Ақжайық» бөбекжайының музыка жетекшісі