«Шығармашылық»саласында музыка оқу әрекетінің басты мақсаттары -балалардың эстетикалық талғамын қалаптастыру, музыкалық шығармашылық іс-әрекеттер арқылы эмоциялық қатынасын білдіруге баулу, әдемілік пен сұлулыққа тәрбиелеу.
Балаларға қоршаған ортаның кейбір құбылыстарын бейнелейтін музыкалық шығармаларды таныстыру, олардың түрлері мен мәнерлілігі туралы түсініктерінің қалыптасуына әсер ету, музыканың дыбысын естіп, түсінуге, адамгершілік-эстетикалық сезімдерге тәрбиелеу — осы саланың негізгі міндеттері болып табылады.
Жас ерекшеліктеріне, қабілеттеріне байланысты әрбір бала музыканы қызығушылықпен қабылдайды. Баланың есту қабілеті музыканың дыбыс биіктігін, сипатын, ырғағын, тембрін ажыратып, түсінуіне әсер етеді.
Дидактикалық ойындар музыка жетекшілерінің оқу іс-әрекетін түрлендіріп, мазмұнын байыта, көркемдей түседі. Ойындар балалардың бойындағы музыкаға деген қызығушылығы мен құмарлығын оятады, балалық қиялдарын қозғап, түсініктерін кеңейте түседі. Балалардың шығармашылық қабілетерін дамытып, оларды әдемілікке, музыкалық үндестікке баулиды.
Дидактикалық ойындардың мақсаты:
- Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдылар жайында түсінік беру;
- Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қалыптастыру;
- Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тиянақтау және бекіту;
- Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қайталау және пысықтау;
- Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тексеру.
Дидактикалық ойынның міндеті:
- Баланың қызығушылығын туғызу;
- Баланың белсенділігін арттыру.
Балабақшадағы тәрбиелеу — оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Музыка – адам өмірінің серігі, эстетикалық тәрбие негізі болып табылады. Музыкаға деген сүйіспеншілік, баланың музыкаға жетік болу қабілеттері туа бітпейді, ол өсу, даму процесінде қалыптасады. «Туғанда дүние есігін ашады өлең»-деп Абай атамыз жырлағандай шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ музыка әсер етеді. Ең алғашқы анасының әлдиі, бесікке таянып айтқан ананың бесік жыры бөбектің жанын тынышталдырып тәтті ұйқыға кетуіне әсеретеді.
Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты ырымдар «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» т.б. бәрі де әнсіз, өлеңсіз, жырсыз өтпеген. Бала өмір бойы ән ырғағына бөленіп жүреді. Міне, осындай сыртқы ортаның әсерінен бала бойында әдемілікке, әсемдікке деген сезім күй қалыптасып, эмоциялық әсер нәрестені ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік туғызады.
Ана әлдиін бойына сіңіріп өскен сәби тәй-тәй қадам басқаннан-ақ балабақша есігін ашады. Сол балаға музыкалық эстетикалық тәрбие бере отырып, жан-жақты жеке тұлғаны дамытудың алғашқы баспалдағы балабақшада жалғасады. Тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылдық даралығын дамыту, баланың бар мүмкіншілігін ашып, оны жүзеге асыру білім беру жүйесінің басты бағыттары. Оны біз Қазақстан Республикасының
2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы жобасынан көре аламыз: Қазіргі білім беретін орталықтарда оқытудың мазмұны мен құрылымы өзгеріп отырған кезеңде тұлғағаларға бағдарланған ойын технологиясының алар орны ерекше.
«Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрседе бір жаңалық болу керек!»-деп жазады Ж.Аймауытов. Шағын орталықта музыка сабағында ойын технологиясын қолдана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге үйретуге болады. Оқытылатын барлық пәндер сияқты музыка пәнінде де ойынның маңызы зор. Ойынды әдетте жетекші оқу іс-әрекетті ұйымдастыру алдында не қорытындылар сәтте пайдаланады.
«Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады? Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап-ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс,әрі нақты ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден — бір көмекшісі болуы керек деген.
Дидактика — термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді. Музыка сабағында әрбір баланың жеке тұлғалық (психологиялық, мінез-құлық, қабілет,мүмкіндік т.б.) ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі музыкалық-дидактикалық ойындарқатарын таңдап алған жөн. Бұл ойындар баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында негізболатын оның өзін-өзі сезінуі, психикалық процестерінің дамуына бағытталып, оқу іс-әрекетті ұйымдастыру үстінде, сергіту сәттерінде және сабақтан тыс кездерде жүргізілді.
1.Эмоцияны дамыту, қарым-қатынас, эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған ойындардан “Шатасқан ноталар”, “Кімнің немесе, ненің үні екенін тап”, “Әуенге қозғалыс ойла да, сыйла”. Соның ішінде «Төмен және жоғары дыбыстар» ойыны. Ойынның мақсаты: Балаларды шығарманы тыңдай отырып, динамикалық бояуларын, дауыс күштілігін ажырата білуге баулу. Ойынның шарты: Түстері бірдей, әртүрлі көлемдегі сары қоңыраулар суреті салынған карточкалар үлестіріледі. Шығарманы тыңдап, төменгі дыбысқа үлкен қоңырау, орташа дыбысқа орташа қоңырау, жіңішке дауыстағы әуенге кіші қоңырау бейнеленген сәйкес карточканы көрсетеді.
2.Жеке тұлғаның адекватты өзін-өзі бағалауды дамытуға бағытталған ойындардан “Ертегі құрастырамыз”, “Ақындар бізде қонақта”, “Сазгерлер”, «Ойлан, тап!» жұмбақ ойыны. Ойынның мақсаты: Жұмбақ ойынды қолдану арқылы балалар аспаптар түрлерін, құрылысын ажырата отырып, тапқырлыққа, шапшаңдыққа үйрене алады. Ойынның шарты: Жетекші жасырған жұмбақты балалар жарыса тауып алулары керек. Бұл баланың ойлау қабілетіне әсер етеді.
Ұзын мойын екі ішек,
Қатар-қатар тепкішек.
Басып қалсаң бір-бірлеп,
Күй шығады күмбірлеп, (Домбыра)
Саусақ басқан түтіктен,
Сандуғаш құс сайрайды. (Сыбызғы)
Сексен бес тілі бар,
Әр тілдің
Өзіне тән үні бар. (Күйсандық)
Ұсынылып отырған жұмбақтарды балалар екі топқа бөліп жарыс түрінде өткізуге болады. Бірінші топтың балалары жұмбақты айтса, екінші топ балалары жауабын табу керек т.с.с.
3.Қабылдауды дамытуға арналған ойындардан «Әуенге не жетіспейді?», «Не бейнеленгенін анықта?», «Аспаптарды боя». Атап айтар болсақ, «Төрт түліктің төлін шақыру» ойыны. Ойынның мақсаты: Бұл ойын арқылы балалар төрт түлік малтуралы, олардың төлдері және қасиеті жөнінде естіп,біледі..
Ойынның шарты: Ойын жүргізуші: — Қане балалар, дауыстап төрт түлік малды төлін емізуге,бәріміз бірдей дауыстап шақырайық. Ойынды көрнекіліктер пайдалана отырып, өткізуге болады. Мысалы:
Биені құраулап,
Түйені көс-көстеп,
Сиырды аухаулап,
Ешкіні шөрелеп,
Шақырып аламыз,
Сауамыз, бағамыз.
Бұл музыкалық ойында ән айтқызу арқылы дыбыс тазалығына, сөздерді анық айтуға көңіл бөлеміз.
- Есті дамытуға арналған ойындардан «Тыңда да таны», «Әуенді есте сақта», т.б. «Жұбыңды тап» ойынына тоқталып өтсек.
Ойынның мақсаты: Балалардың еске түсіру және есте сақтау қабілетін дамыта отырып, өздерін еркін сезіне білуін қалыптастырады. Суретте бейнеленген аспаптардың атауын, түрін, түсін айыра білуге дағдыланды. Ойынның шарты: Балалар зал ішінде кең, еркін,белгілі бір қалып жасап, аспаптардың суреттері арқылы жұп болып тұрады. Музыка ойнаған кезде жүгіріп ортаға келіп, би қимылдарын орындап,музыка аяқталған сәтте өз орындарына, яғни жұптарын тауып, бастапқы қалыпқа тұра қалу керек.
5. Ойлауды дамытуға арналған ойындардан «Төртіншісі артық», «Әуенді аяқтау», «Артық нотаны тап», «Әуен құра»,«Музыканы салыстыр». Соның ішінде «Әуенді сағат» ойынына тоқталып өтетін болсақ: Ойынның мақсаты: Үйренген ән,әуендерді есте сақтап,бекіту үшін қолданылады. Әртүрлі көңіл күйдегі әуендерді кіріспесінен немесе үзіндісінен табуға машықтандырады. Ойынның шарты: Әртүрлі шығармадағы кейіпкерлер суреті салынған сағат бейнелі карточкалар беріледі. Жетекші таныс ән немесе әуенді ойнап,балалар «Әуенді сағаттан» сол әннің мазмұнын сай суреті сағат тілін қозғау арқылы тауып береді.
6. Зейінді дамытуға арналған ойындардан «Не өзгерді?», «Айырмашылығын тап», «Рұқсат етілмейтін қимыл». Соның ішінде«Неше аспап және қандай аспап?» ойыны.
Ойынның мақсаты: Ойлау, еске түсіру қабілеттерін дамытады. Әңгімелеп айтып беру арқылы, сөз қорларын дамытуға септігін тигізеді.
Ойынның шарты: Жетекші таныстырылған түрлі аспаптың аттарын атаған кезде, сол аспапты ұстап отырған бала,аспапта ойнайды. Жетекші балалардың зейінін арттыру мақсатында бір дегенде екі немесе үш-төрт аспатың атын атайды. Қалған балалар неше аспап және қандай аспап екенін,әр түрлі дыбыстың шығуына байланысты саусақтарымен немесе ойша санау арқылы тауып айтып әрі,аспап туралы өз білгендерін айтып әңгімелеп береді. Осы нұсқада төмен,жоғары дыбыс ойынында ойнауға болады. Ойындық өзара әрекет – бұл өмірдің имитациясы емес, бұл баланың қоғамда өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін жүзеге асыруына, өзін-өзі бекітуге мүмкіндік беретін ерекше іс-әрекет түрі. Яғни,ойын бала тұлғасының әлеуметтік дамуының негізгі факторы.
Музыкалық ойындар балалардың музыкаға деген құлшынысын, қызығушылығын ғана арттырып қоймай, есте сақтау, ойлай білуге, ажырата, салыстыра алуға баулиды. Қорыта келе, бүгінгі таңда дидактика саласындағы негізгі мәселелердің бірі – білім берудегі ойындар технологиясы болып отыр.
Ойын өмірде өте ерте жастан өзінен өзі бастала отырып, адамның кәсіпті толық меңгермегенінше жалғасады және ойын оқытуда алдыңғы технологиялардың маңызды бөлігі болып табылады.
А.Т. Мажитова
Астана қаласы, «№32 «Балдәурен» балабақшасы»
шағын-орталығының
музыка жетекшісі