Қарағанды облысы, Жезқазған қаласындағы №10 жалпы білім беретін орта мектебінің 5 «А» сынып оқушылары Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ұйымдастырылған «Уақыт кеңістігіне саяхат» атты ретро көрмеге саяхаттады.
Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады.Туған өлкеміздің тарихын білу – әрбір азаматтың міндеті. Музейге экскурсия барысында оқушылар музей қорында сақталған 50-90 жылдардың эксклюзивті және құнды жәдігерлерден тұратын ауқымды ретро көрменің тарихи жәдігерлермен танысып, білім көкжиектерін кеңейтті. Оқушыларға, әсіресе, ұнағаны тұрмыстық заттары қойылған зал болды. Ер балалар ондағы түрлі аудио, видео техникалардың түрлерін көріп, қызығушылық танытса, ал қыз балалар әшекей бұйымдарға, ойыншық қуыршақтарға аса мән берді. “Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес” деген қанатты сөзді ұстана отырып, оқушыларымыз экскурсия барысында музейден таным-түсініктерін молайтып, тарихи сана қалыптасуына жол ашты. Халқымыздың, өлкеміздің өткен тарихына деген қызығушылықтары артып, мұндай игі істердің жалғасын табуын қалайтындықтарын жеткізді. Көрме соңында естелікке суретке түсті. Ендеше, бірнеше оқушының осы экскурсиядан алған әсерлерімен бөліскен ойларымен бөліскім келеді.
5 «А» сынып оқушысы Шамұрат Айханым: Өзім жетекшіміз музейге бару туралы ұсыныс айтқанда бірден қуана келістім. Өйткені музейден көптеген пайдалы білім алатыныма сенімді болдым. Музейде 50-90 жылдарда қолданылған тұрмыстық бұйымдардың бұрын-соңды көрмеген түрлерімен таныстық. Көрменің бір бөлімінде 50-90 жылдары мектеп оқушы ұл, қыздары киген киімдерін, таққан бұйымдарын, қолданған заттарын қойған. Осындай саяхатты ұйымдастырған мектеп ұжымына, сынып жетекшіме алғыс айтамын!
5 «А» сынып оқушысы Оразбай Бақытжан Мадиярұлы: Мен және мектептегі сыныптастарымыз Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залына экскурсияға бардық. Менің бұл экскурсиядан алған әсерім: мен ата-бабаларымыздың сәби кезіндегі түрлі ойыншықтарынан бастап оқушы кезіндегі мектеп құралдары мен студенттік шақтарында қолданған түрлі аудио,видео техникаларының сан алуан түрлі болғанын білдім, тұрмыс-тіршілігінде қолданған заттарын көрдім. Музейді таныстырушы апай бізді көрмеге жиналған заттардың қалай,қандай жолмен келетінімен де таныстырды. Маған ерекше ұнағаны – түрлі төс белгі мен значоктардың коллекциялары болды. Мен нағашы әжемнен қалған жарты ғасырлық сиясауыт, пошталық маркалар,хаттар мен медальдарды әлі күнге сақтап келе жатқан анамның көрегендік ісімен мақтанамын. Менің ұстазым тарихшы, анам музейтанушы педагог мен сол кісілердің білімін сіңіріп өсіп келемін. Болашақта музей қызметкері болсам ғой деген ой келді маған.
5 «А» сынып оқушысы Әбілхасан Раида: Маған музейге саяхат сабағы керемет әсерлі өткенін баяндағым келеді. «Уақыт кеңістігіне саяхат» атты көрменің атауының өзі маған үлкен әсерлі болды. Көрмені бастап кеткеннен–ақ сыныптастарымызбен бірге көне заттарды тамашалаған сәтімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес, әсіресе маған қатты қызық болғаны 50-90 жылдардағы телефон түрлері мен шоқ салынатын үтік . Көрме жүйелі түрде ұйымдастырылған маған тың мәліметтер алуға зор көмек берді. Алдағы уақытта да осындай көрмелер жиі ұйымдастырылса екен деп ойлаймын.
5 «А» сынып оқушысы Марлан Нұрәлі: Ұстазымыз Гүлмира Токтамысқызы алда музейге саяхат сабағы бар деген кезінде мен қатты қуандым. Әне- міне дегенше уағдаласқан жерге де жеттік. Музей қызметкерлері бізге жылы қабақ танытып қуана қарсы алды. Біз барған көрмеде маған ұнағаны түрлі пошталық маркалар мен құттықтау хаттары. 50-90 жылдардағы құнды жәдігерлердің көбісі сол қалпында жақсы сақталған әттен заман талабына сай келмей қолданыстан шыққаны болмаса. Музей ұжымына өзімнің ұстазымның және сыныптастарымның атынан үлкен рахметімді айтамын! Еңбектеріңіз жемісті болсын.
Гүлмира Жамантаева,
Жезқазған қаласы
№10 орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі