2017 жылдың 18 мамыр күні «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер және қайшылықты тарих: құпияны ашудың реті» атты ауқымды іс-шарасы өтті.
Алқалы жиынға музей басшылары мен қызметкерлері, ғалымдар, ЖОО-ның ұстаздары мен шетелдік мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Мерекелік шараны «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» деректі фильмінің көрсетілімімен басталды.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК бас директорының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Сейдін: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мәдениет ошақтарымызды жандандыру және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр. Музейді дамыту – «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметінің де басты бағыттарының бірі болып табылады. «Ғылым ордасына» қарасты: «Табиғат», «Археология», «Сирек кездесетін кітаптар» және «Қазақстан ғылымының тарихы» құрылымдық музейлері қала тұрғындары мен қонақтарына белсенді қызмет көрсетіп келеді. Мұндағы қызметкерлер мемлекетіміздің мәдени құндылықтарын іздестірумен, зерделеумен және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында түрлі экспедицияларға шығып, өзге өңірлердің мұражайларымен нәтижелі ынтымақтастық орнатып, табысты еңбектенуде», — дей келе барша қызметкерлерді төл мерекемен құттықтады.
Шара барысында, еліміздегі музейтану жайында мамандары тарапынан баяндамалар жасалып, қазіргі кездегі осы саланың іргелі мәселелері мен даму үрдістері, сондай-ақ, музейдің қоғамдық өмірде атқаратын қызметі, жаңа технологияларды қолдану және т.с.с. көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының жетекшісі, мәдениет жөніндегі атташе Саид Джавад Джалали Киясари, Египет Араб Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының жетекшісі, профессор Хамдан Ибрагим, ҚР МСМ «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Байпақов, ҚазБСҚА Жалпы гуманитарлық дайындық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Жұмаділ, «Ғылым ордасы» РМК Табиғат музейінің меңгерушісі, билогия ғылымдарының кандидаты П.Тілеубердина, «Center Smart tourism» компаниясының бас директоры Д.Тин, «Ғылым ордасы» РМК ғылыми қызметкері Ж.Шыныбеков музей ісінің өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар жасап, көпшілікке өз ойларын бөлісті.
Жыл сайын 18 мамырда бүкіл әлемдегі музей қызметкерлерінің барлығы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Аталмыш мереке – күнтізбеде 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің (International Museum Day (ICOM) кезекті отырысында осы мәдени мерекені бекіту туралы Ресей ұйымының ұсынысын қабылдаумен орын алған болатын. 1977 жылдан бері Халықаралық музейлер күні 150-ден астам мемлекетінде кең көлемде тойланады. Осы бағытта еліміздегі музей құндылықтарының бірегей үлгілері жинақталған «Ғылым ордасы» РМК-да жыл сайын осы бір дәстүрлі мерекені жоғары деңгейде өткізуге атсалысуда.