Home » Білім және тарих » Музейге саяхат

Музейге саяхат

Жаһандану заманында түрлі теріс ағымдардың етегінде жұтылып кетпей, елдігімізді сақтап қалу – үлкен сын. Оның бірден-бір жалғыз жолы – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Еліміздің тарихын, мәдениетін, туған өлкеміздің тарихын білу – әрбір азаматтың міндеті. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын білім саласында іске асыру барысында мектебіміздің «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен 6-10 оқушылары үстіміздегі жылдың 14 қараша күні Облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасады. Экскурсия барысында оқушылар облыстық музейдің 11 бөлімнен тұратын залдарын аралап, тарихи жәдігерлермен танысып, білім көкжиектерін кеңейтті. Оқушыларға, әсіресе, ұнағаны қазақтың қолданбалы өнері мен тұрмыстық заттары қойылған зал болды. Ер балалар ондағы қазіргі күні де өздері қолданып жүрген ер-тұрман түрлерін көріп, қызығушылық танытса, ал қыз балалар әшекей бұйымдарға аса мән берді. Биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған Алаш партиясының тарихымен танысып, Алаш зиялыларының өкілдерімен, олардың елге жасаған қызметтерінен мәлімет алды. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген қанатты сөзді ұстана отырып, оқушыларымыз экскурсия барысында музейден таным-түсініктерін молайтып, тарихи сана қалыптасуына жол ашты. Халқымыздың, өлкеміздің өткен тарихына деген қызығушылықтары артып, мұндай игі істердің жалғасын табуын қалайтындықтарын жеткізді. Қайтар жолда Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан қаламыздың көрікті орындарының бірі — Тұңғыш Президент саябағына келіп, естелікке суретке түсті. Ендеше, бірнеше оқушының осы экскурсиядан алған әсерлерімен бөліскен ойларын жазып отырмын.

10- сынып оқушысы Акимбаева Айым: Мен жетекшіміз музейге бару туралы ұсыныс айтқанда қуана келістім. Себебі, Облыстық музейден көптеген пайдалы білім алатыныма сенімді болдым. Музейде түрлі жануарлар мен өсімдіктердің ежелгі түрлерімен, аймағымызда өсетін өсімдіктердің бұрын-соңды көрмеген түрлерімен таныстық. Залдардың бірінде — біздің қаламыздағы түрлі фабрикалар және өзімізде өсірілетін астықтарды, жемістерді қойған екен, ал бірінде — қазақ халқының ұл, қыздары киген ұлттық киімдерін, таққан бұйымдарын, қолданған заттарын қойған. Бізді әлемге танытқан жезтаңдай әншілеріміз Б. Шүкенов, Р. Бағланова, М. Ералиева сынды аға, әпкелерімізге де орын тапқан. Біз 3D форматтағы Сығанақ, Шірік-Рабат қалаларын тамашаладық және қазақ елінің тұрмыс-тіршілігімен, салт- дәстүрімен таныстық. Біз қайтар жолда Н.Ә. Назарбаев атындағы Тұңғыш Президент саябағына соқтық. Біз саябақтан да өте жақсы әсер алдық. Осындай саяхатты ұйымдастырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін.

7-сынып оқушысы Өмірбек Бекарыс: Мен және мектептегі достарымыз Облыстық музейге экскурсияға бардық. Менің бұл экскурсиядан алған әсерім: мен өзіміздің тарихымызды білдім, ертедегі ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде қолданған заттарын көрдім. Музейді таныстырушы апай бізді бұрынғы замандағы Қызылорда облысының аумағын мекендеген сақ тайпаларымен таныстырды. Маған ерекше ұнағаны – облысымыздан шыққан спортшыларға арналған зал болды. Ондағы медальдар мен А. Зайчиковтың спорт киімі керемет ұнады.

Өмірбек Инабат,

№203 орта мектеп тәлімгері,

Қызылорда облысы,

Жалағаш ауданы,

Жаңадария ауылы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.