Home » Жаңалықтар » МОЛ РУХАНИ АЗЫҚ АЛДЫМ

МОЛ РУХАНИ АЗЫҚ АЛДЫМ

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы республикалық курста біліктілігімді арттырудамын. Курс аясында тренеріміз Рысгүл Нұрова түрлі практикалық тапсырмалар орындатты. Солардың ішінде мен тылсым тарихын балбал тастарға мүсіндеген, рухани әлемін зергерлік әшекейлеріне күміспен күптеп, күйлерінің күмбірімен көмкеріп, жырларымен жиектеген, өткені өнегелі, бүгіні бай да, баянды, келешегі көңілге шалқар шабыт ұялататын, 362 әулие мен Пір Бекет атаның рухымен тыныстап жатқан киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген ізгілік педагогикасы классигі Әбіш Кекілбайұлының еңбектері туралы пікір жаздым. Жазушы еңбектерін оқи отырып, оның суреткерлік шеберлігіне таң қалдым.
Таң қала отырып, шығармаларына негіз болған ұлттық үрдістер, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардан мол тәлім-тәрбие алдым. Суреткер қазақтың тойында болатын жөн-жоралғылар, қызықты ұлттық ойындар, бәйге жарысы, палуан күресі, өнерпаз жігіттердің айтысы сияқты ұлттық үрдісімізге тән жайттарды тамаша суреттеген. Бұлардың барлығы біздің жанымызға жақын, ұлттық болмысымызға тән әдемі суреттер, оқырманға берері мол рухани азық. Осы мол рухани азықты өскелең жас ұрпақ оқып өссе, қандай ғанибет! Мен курстан алған білімімді тәжірибеде іске асырып, рухани-адамгершілігі мол, ұлттық мұраларымызды көздің қарашығындай сақтай білетін, отансүйгіш, патриот, жігерлі, білімді тұлға тәрбиелеуге өз үлесімді қосамын.

Нұргүл ЖҰМАНОВА,
Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі,
Маңғыстау ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.