Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауындағы 4-ші басымдық – «адами капитал сапасын техникалық және кәсіптік білім жүйесінде жақсарту» үшін өңірлік колледждердегі инженер-педагог оқытушыларын алдыңғы қатарлы елдердің ТжКБ саласында заманауи озық технологияларымен, тәжірибесімен таныстыру мақсатында шет елдерге тағылымдамаға оқытушыларды жіберді. Ақпараттық технологиялар бағыты бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінің колледждерінен жиналған 68 оқытушымен бірге Малайзия мемлекетіне тағылымдамаға баруға жол түсті. Тағылымдамамыз Майлайзия елінің астанасы Куала –Лумпурда орналасқан ірі жекеменшік университеттерінің бірі ASIA PASIFIC UNIVERSITY, яғни Азия- Тынық мұхит инновациялар және технология университетінде өтті.
Малайзияның білім беру жүйесі әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда. Білім беру жүйесі Ұлыбританияның білім беру жүйесімен жасалынған. Барлық жекеменшік және мемлекеттік университеттерде оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, сол үшін Малайзияға шетелдік студенттер көптеп келіп, көп ұлтты студенттік орта қалыптасқан.
Малайзиялық университеттер және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік бағдарламаларының арқасында студенттер ең үздік деген әлемдік оқу орындарының дипломдарын ала алады.
Бізді әуежайдан университет қызметкерлері күтіп алып APU университетінің жатақханасына орналастырды. Университет әкімшілігі біздерге арнайы жасалған тағылымдама бағдарламасымен таныстырды:
- Intensive English Programme (Жеделдетілген ағылшын курсы)
- Communication Workshops (Коммуникацияны дамытуға арналған семинарлар)
- Training Programme on Teacher Development (Дамыту тренингтері)
- Visits to Vocational Colleges (Кәсіптік білім ұйымдарын аралау)
- Malaysia Familiarisation Trips (Малайзияны таныстыру турлары)
Жеделдетілген ағылшын курстарын бастамас бұрын Қазақстаннан барған барлық оқытушылардан тіл деңгейін анықтау мақсатында емтихан алып, емтихан нәтижесі бойынша бізді 4 топқа бөлді. Әр топқа оқу құралдарын, сабақ кестесін берді.Ағылшын тілін жетік меңгеру үшін басқа елден келген басқа ұлт өкілдерімен араластырып топтарға бөлді. Барлығымызда ортақ мақсат- ағылшын тілін меңгеру деңгейін жоғарылату болып табылды. Қазақстандағы оқу жылындағыдай екі семестр емес, Малайзияда үшеу, оны триместр деп атайды.
4 айда бір семестр аяқталады, 1 апта үзілістен соң екінші семестрді бастайды. Оқу жылы қазан айында басталады. Біздегідей конспект жазу міндетті емес, бастысы – берілген білімді меңгеру. Лекцияны онлайн алуға да болады, емтихан алдында қайталау үшін өте ыңғайлы. Сабақ кезіндегі уақытты конспект жазуға емес, материалды түсініп, туындаған сұрақтарды қойып, дәл сол жерде жауабын алуға жұмсайды. Емтихандардың бәрі жазбаша. Тестілеу мен ауызша емтихан жоқ, сондықтан, білімің болмаса, жазатын жауабың да болмайды.
Емтихан парақтарын тексеру де өзгеше. Студент өзінің аты-жөнін емес, жеке нөмірін (Student ID) жазады да, оқытушы кімнің жұмысын тексеріп жатқанын білмейді. Кейін бағаның объективтілігінде күмән болмау үшін, қойылған бағаны басқа мұғалімдер тексереді.
Тәжірибе алмасу бойынша өткізілген іскер кездесулерде Малайзияның үш университетінің APU университеті, Unitar халықаралық университеті,Герман-Малайзиялық Институтының материалдық техникалық базаларымен таныстық. Бүгінгі таңда Малайзияның білім беру жүйесі әлемдік рейтингте 25-орында. Малайзияда медицина, құрылыс, инжиниринг, ғылыми инжиниринг, химия, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану сияқты салалар дамыған. Малайзияда 20 мемлекеттік университет және 500-ден астам жекеменшік университет бар.
Мысалы, APU университетінде барлығы 20 мыңнан асам студент білім алса, соның 3 мыңы халықаралық студенттер. Олар 85 мемлекеттен келіп білім алып жатыр. Басқа елдермен салыстырғанда Малайзияда оқу ақысы мен өмір сүру бағасы қолжетімді.
Тағылымдама нәтижесінде ағылшын тілінен жеделдетілген курс өткендігі жөнінде сертификат, оқытушылардың дамуына арналған тренинг сабақтарға және кәсіби коммуникациялық семинар сабақтарға қатысқандығы туралы сертификаттар табысталды.
Тағылымдама нәтижесі бойынша Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шет елдік тағылымдамадан өткен оқытушыларының жылдық жоспарын дайындадық. Жоспар бойынша төмендегідей семинарлар өткіздік. Қызылорда облысының білім басқармасының әдістемелік оқу орталығының ұйымдастыруымен «ТжКББ оқу орындарының пән оқытушыларын CLIL бағдарламасы бойынша дәріс беру әдістері» тақырыбындағы облыстық семинар-практикумына қатысып «Пәндік тілдік интеграцияланған оқытуда АКТ-ны пайдалану тәсілдері» тақырыбында семинар сабақ өткіздім.Ол семинарда CLIL технологиясын қолдана отырып арнайы пәндерді өткізу әдістерімен бөлістім.
Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған «Шет елдерде ағылшын тілін оқытудағы ерекшеліктер(Ұлыбритания,Чехия,Финляндия және Малайзия)» қалалық семинарында «Ағылшын тілінде оқытуда қолданылатын ойын тәсілдерінің ерекшелігі» тақырыбында панорамалық сабақ көрсеттім.
Сонымен қатар өзім қызмет жасайтын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінде «Педагогикалық креативтілік және құзыреттілік кәсіби даму факторлары» семинарында «Арнайы пәндерде Kahoot, Quizlet, Aurasmaweb-қосымшаларын қолдану арқылы ағылшын тілін кіріктіру» тақырыбында колледж оқытушылары үшін мастер-класс өткіздім.
Арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды іске асырудағы мақсаттар:
Арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесін ұйымдастыру;
- Практикалық тапсырмаларды ағылшын тілінде орындауда шығармашылық белсенділікті қамтамасыз ететіндей жағдай жасау;
- Пән ерекшелігіне қарай ғылыми – техникалық мәтіндерді түсініп, аудармасын жасауға дағдылану;
- Оқыту барысында кездесетін ғылыми-техникалық терминдердің мағынасын түсініп, сабақта қолдана білу;
- Оқыту процесіне инновациялық технологияны енгізе отырып, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда кіріктірілген сабақ жүргізу.
Заманауи ақпараттық қоғамға кіру үшін оқу үрдісіне компьютерлік оқыту бағдарламаларын, тестілеуді, презентацияны пайдалана отырып ақпараттық технологияларды енгізу қажет.
Мастер-класс барысында оқытушыларды қазіргі заманғы web-қосымшалармен таныстырдым:
* Kahoot – бұл викториналарды, тесттерді, сұрастыруларды онлайн құрастыруға арналған бағдарлама, сонымен қатар оқу сабақтарында, сыныптан тыс іс-шаралардажәне БІД жандандыру үшін пайдалануға болады;
* Quizlet – оқу үрдісінде командадағы ойын барысында, оқу материалын тыңдау үшін, жеке оқыту, интерактивт ісабақ беру үшін пайдалануға болады;
* LearningApps.org – бұл интерактивт імодульдердің көмег іарқылы оқу үрдісін қолдауға арналған қосымша;
* Aurasma – мобильдік қосымшасы, жарнамалық мақсатта суреттерді, журнал беттерін, жарқағаздарды және көпшілік қолданатын объектілерді жандандыруға арналған қосымша.
Қорыта келгенде, тағылымдама нәтижесінде үйренген бағдарламаларды, компьютерлік технологияның мүмкіндіктерін сабақта әр оқытушы ұтымды пайдалана білсе, білім сапасы қажетті деңгейге артады деп ойлаймын.
Молдабаева Нәзира Асылбекқызы
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық жоғары колледжінің
арнайы пән оқытушысы