Home » Балабақша » Мерекенің бастауы- қуаныш тойы Наурыз!

Мерекенің бастауы- қуаныш тойы Наурыз!

Қуаныш пен өнердің, үміт пен арманның орындалар ордасы- ерекше балаларға арналған Астана қаласы әкімдігінің №64 «Асылбөбек» балабақшасы.
«Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген Ұлы Абайдың бір ауыз сөзі игі істердің басында жүрген аталмыш балабақшаның меңгерушісі Мукашева Жанар Изтолеуовна басқарған қамқорлық жасаудан қашпайтын осы бір ұжымға арналғандай….
Мейірімге  толы жүздері,  қамқорлықпен жанашырлыққа үйретер үлгілі істерімен назарымызды өздеріне бұрған бұл ұжым биылғы Әз-Наурыз ұлыстың ұлы күнін шын мәніндегі ізгілікпен, бірліктің татулықтың мерекесі ретінде көрсете алды.
Апта басы дүйсенбі күні өзге білім ордаларынан қарағанда  келушілер қатары көп алыстан ата-апасы осы бір бүлдіршіндерінің мерейлі күніне жиналған шаңыраққа бізде арнайы бардық.
Есіктен кіргеннен әсем безендірулер мен ұлттық нақышта жасалған қазақи бұрыш, төрт түліктің арнайы жасалған мүсіндері ата-аналар көмегімен жаңа жылымызға арналған жылы тілектерге толы құттықтаулар барлығы барлығы көздің жауын алады.
Музыка залына бара жатып балабақша меңгерушісі Жанар Изтолеуовнамен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларымызға арналған ем-дом бөлмелерімен топтардағы балапандарымыздың жай-күйін көре өттік. Тірек-қимылы бұзылған балаларға арналған 10 топпен, сөйлеу қабілеті бұзылған балалар білім алатын екі топ психикалық дамуы тежелген балалардан құрылған бір топпен қосқанда 13 топта 70-тен астам қызметкер көмекке мұқтаж балғындарымызға қамқорлық жасауда.
Дұрысы тағдырдың қатал сынағын көтере білген бүлдіршіндерге қамқорлық, ал келер күннен жақсылық күткен 156 балапанның ата-анасына үміт сыйлаған 38 педагог пен 2 әдіскер, 16 тәрбиеші , 6 логопед, 4, дефектолог, 3 психолог, монтессори маманы, емдеу –сауықтыру шараларын жүргізетін балалар дәрігері, ЕДШ дәрігері, терапевт-психиатр, неврапотолог, ортопед, физио медбикесі, диеталық медбике, барлығы да ауыруына ем іздеген балаларға күнделікті қолдарынан келген көмектерін көрсетуде.
Өзгенің баласы, өзгеше бала деп қарамай әр тәрбиеленушісіне ертеңгі елдің атқа  мінер ұл-қыздары болып шығуы үшін жүрміз деген зор үмітпен өздеріне қатаң талаппен қарайтын педагогтар биылғы Жаңа жыл мерекесіне ерекше  дайындалған.
Қазақтың оюлы көрпешелерін төсеп, ақ кимешекпен жайғасқан ата-апалармен ибалы келін екендікіктерін көрсеткен  жас аналардың балаларынан артық дайындығы жақсы іске деген жауапкершілігін көрсетті. Бесікке салудағы түрлі салтты көрсетіп, сәбилі болған шаңыраққа арнап шашу шашылып, ұлттық ойын аударыспақпен күш сынасқан әкелердің күштері сыналды.
«Құлыншақ», « Ертөстік», «Аққу» мектепалды даярлық топтарының 30-ға жауық тәрбиеленушілері қатысқан мерекеде наурызға арналған өлең жолдарын жатқа айтып, қыз қуу мен асық ату ойындары қыза түсті.
Қоларбада отырса да бұл күнгі мерекенің шад-шадыман қуанышын сезіне білген балғындардың өздерін еркін ұстауы, өнерге деген ұмтылысы, бір-біріне деген сыйластығы «Алланың берген ауыр сынағын бірлесе көтере білейік» деген ата-аналардың бірлігі көңілге медет, жүрекке жылылық нұрын сыйлады.
Екі сағатқа созылған мерекені өз дәрежесінде өткізе білген тәрбиешілер Ағыбетова Рита Есімқызы, Бекеева Ұлболсын Жасанқызы, Усманова Гульмира Анварбекқызы, Ербосын Айдана Сауатбекқызы музыкалық жетекші Ауезханова Әсемгүл  Мананқызының еңбектерін атап өтпеске болмас. 9 топ қазақ тілінде 4 топ орыс тілінде білім алатын бүлдіршіндер ордасының белсенділік танытқан ата-аналары арасында Бақпай Әлиханның әжесі Рахметова Нүркамал Зарлыханқызы, талантты әнші талай жүлделердің иегері Дінмұхамед Дәулеткелдінің әкесі Қасқарауов Дәулеткелді Тұрдәліұлы, Қуат Махмуттың әкесі Қадыров Дәурен Жармағамбетұлы Мүсіпқазы Мирас, Нұрайдың аналары Қарлығаш Айдарбекқызы өздерінің жылы лебіздерімен шынайы тілектерін , балаларына осынай қамқорлық жасап отырған тәрбиешілерімен балабақша меңгерушісіне деген алғыстарын жеткізді.
Солардың арасында Дәулеткелді Тұрдәліұлы жүрумен жазудан мүлдем күдерін үзген ұлы Димашын осы балабақшаға әкелгендегі алғашқы  жағдайын есіне алды. Арада екі жылдан астам уақыт ішінде өзі жүріп, қолына қалам ұстап, өнердің биігін бағындырған ұлының жетістігін көргені үшін бақытты екенін жасыра алмады.
-Біз сенім артқан жылы ұяда балаларымызда арналған жан-жақты жағдай, ешбір ақысыз көрсетіліп жатқан ем-шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп балам өз аяғынан тұрды, мектеп қабырғасына аттағалы отырмыз қимай қоштасармыз,-деп ағынан жарылды.
Иә, арнайы балаларға арналған балабақша Астананың жан-жағынан емге зәру, көмекке мұқтаж балаларды жай ғана жинап алып отырған жоқ өздерінің алдына мақсат қоя білген ұжым әр тәрбиеленушісінен нәтиже күтеді сол үшін аянбай еңбек етіп, күнделікті ізденіс үстінде.  Оған дәлел ерекше балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің мақсаты орындалып бүгінде 219 түлектің 58 пайызы жалпы білім беретін мектептерде білім алуда. Балаларды үш тілде сөйлеуге бағытталған талаптарға да сай білім ордасының шәкірттері биылғы Есіл ауданы бойынша өткен «Жол жүру әліппесі» сайысында дені сау балалармен қатар қатысып, қаншама балабақшалар арасында жүлделі II орынды иеленуі таңқалып, тамсанар дүние, тамаша жаңалық.  
Алға қойған мақсат айқын, жұмысы жүйелі  көңілі таза, үміті өшпесе дәл міне осы «Асыл бөбектің» аялы алақанындағы бүлдіршіндердердің жетістігі арқасында ата-ананың үміті ақталып, болашаққа деген сенімі арта түскен.  Мүмкіндігі шектеулі болса да арманы асқақ, өмірге деген құлшынысы басым, талабы зор әр балаға емдеріне шипа, әр күндеріне қуаныш тілейміз.
Дені сау балаланың еркелігін көтере алмай жүрген кейбір әріптестеріне үлгі болар осы ұжымдағы әр тәрбиешіге ізгілік жолындағы  еңбектеріне табыс тілейміз.  Әр шәкіртінің аты-жөнін жатқа айтып, әр отбасының жағдайына қанық, өз ісінің маманы білікті басшы Мукашева Жанар Изтолеуовнаның талайға үлгі болар еселі еңбегіне шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Астана қаласы, «Білім айнасы».

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.