Home » Ашық сабақтар » Мерекелік отшашу. Омарова Айболган Бөгеновна

Мерекелік отшашу. Омарова Айболган Бөгеновна

Білім беру саласы: «Шығармашылық»                                                                                                                                                                                    Бөлімі: «Сурет»

Мақсаты: Дәстүрден тыс әдісті қолдану. Түрлі материалдарды пайдаланып, бастыру, шашырату әдістерімен мерекелік отшашу көрінісін бейнелеуді үйрету. Ой қиялын дамыту. Ұқыптылыққа, тазалыққа, ұжыммен жұмыс жасауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері: Көрсету, түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, ТРИЗ әдісі.

Қажетті көрнекіліктер: Көк түсті қағаз А3 ф, түрлі-түсті гуашь, көпіршік резинке (гупка) дөңгелек, сопақша пішіндер, құлақ тазалағыш таяқша, тіс щеткасы, ермексаз кескіш, сүлгі, су, тәрелкелер, слайд, үнтаспа, көрнекіліктер.

Қостілдік компонент: Мереке – праздник, отшашу – салют.

Шаттық шеңбері:                                                                                                                        

Кел достарым, келіңдер,
Қолдарыңды беріңдер.
Шаттық толы шеңберге,
Қуанышпен еніңдер.
Шақырамын сендерді,
Жолдастарым, кел бері,
Толтырайық шаттыққа,
Дөңгеленген шеңберді.
Сәлеметсіздер ме, достарым!

Мемлекеттік әнұранды орындау. (Жүректерінің тұсына қолдарын қойып, әнұранды айтады).

Отан деген – Атамекен,
Отан деген – Туған жер.
Отан – ана, Отан – үлкен,
Қазақстан – туған ел.   (тәрбиеші өлең оқиды.)

— Балалар, Отан дегеніміз не? (Отан – біздің еліміз, ата-анамыз, өзіміз туып-өскен жер.)
Біздің мемлекетіміз қалай аталады? (Қазақстан Республикасы.)
– Балалар, мемлекетіміздің рәміздерін атаңдаршы. (Рәміздер туралы мәліметтерді түйіндеп айтады).

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күні – 16 желтоқсан. Қазақстандықтар бұл мерекені асыға күтеді, тойлайды. Сондықтан да мұндай мерекелерде отшашулар болады.

— Отшашулар болатын басқа қандай мерекелерді білесіңдер? (Мерекелерді атайды).

Сергіту жаттығуы:                                                                        

Біз бесеуміз, бесеуміз,
Бес тармақты жұлдызбыз.
Біз бесеуміз, бесеуміз,
Ақ қалпақты құндызбыз.
Аяғымыз қайда екен,
Тез қозғалсақ пайда екен.
Бізден биік секірер,
Мықты жандар бар ма екен?

– Міне, сергіп, демалдық. Енді әрі қарай оқу кызметін жалғастырайық.

– Балалар, отшашу көрінісін суреттей аламыз ба? (Иә).

– Олай болса тақтадағы үлгі суретке қараңдаршы, бұл суретте не бейнеленген? (отшашулар, түрлі-түсті шарлар).

Тәрбиеші слайд арқылы балаларға отшашу туралы түсінік береді.

– Енді балалар, алдымызда тұрған материалдарды қолданып, мерекелік отшашу суретін қалай салатынымызды түсіндірейін. Мұқият қарап отырыңдар (тәрбиеші рет-ретімен түсіндіреді) Мынау, көпіршік резинке (гупка). Оның үш пішіні бар. Дөңгелек және екі сопақша. Біз пішіндерді үш түсті бояуға батырамыз да, көк түсті дайын қағаз бөлігіне бастырып, шарлардың суретін саламыз. Тіс щеткасын түрлі-түсті бояуға кезек батырып, ермексаз кескішін пайдаланып, отшашу орындарына шоғырландыра шашыратамыз. Құлақ тазалағыш таяқшаларды бояуға батырып, шашыранды үстіне отшашулар саламыз. Ол үшін бояуды таяқшамен сүйкей жаға отырып, түрлі-түсті сызықтарды сызамыз. Бұл сызықтар тек бір ғана нүктеден басталып, ал ұштары жан-жаққа тарай орналасады. Осылайша бірнеше отшашулар саламыз.

«Шығармашылық» сурет салу. Балалар үш топқа бөлініп, сурет салуға кіріседі.

Марш екпініндегі патриоттық музыка қойылады.

Балалар, үлгіден пайдаланып, тәрбиеші нұсқауымен жұмысты орындайды. (Тәрбиеші дайын жұмыстарды тақтаға іледі. Балалармен бірге жұмыстарды талқылайды).  Сұрақ-жауап арқылы оқу қызметін қорытындылайды.

Балаларды мақтап-марапаттау.

Күтілетін нәтиже: салтанатты шерулердің мән-мағынасын біледі.

Игереді: қиялдағы дүниелерді сурет арқылы беру дағдыларды, жақсы көңіл күйді жеткізу ептіліктері жетіледі.

Меңгереді: бастыру, шашырату, сүйкей жағу тәсілдерімен сурет салуды.

                          Омарова Айболган Бөгеновна,
№ 9 “Бәйтерек балабақшасы”
Бейнелеу пән мұғалімі,
Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау-5 селосы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.