«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша
Будумбаева Базиза Кашкеновна 19.05.1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауылында дүниеге келген. Семей қаласының М.Әуезов атындағы педагогикалық училищені 1982 жылы «мектепке дейінгі тәрбиеші» мамандығы бойынша бітірген. Ұстаздық қызметті 1982 жылы Семей қаласының Бородулиха ауылында тәрбиешіліктен бастады.
Бұдан соң Шығыс Қазақстан облысындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің даярлық тобында он жылдай адал қызмет етіп, ұстаздық жолын жалғастырады. Кейіпкеріміздің педагогтық еңбек өтілі 38 жыл, санаты жоғары.
– Әрине, бағдарламалар жыл сайын өзгеріп жатқан уақытта балаларға білгеніңді үйрету, тәрбие беру оңай емес, өте қиын. Десек те, ұстаздық жолымды ұнатқандықтан болар, әрбір сәтте жұмысыма құлшыныспен кірісіп кетемін. Өйткені менің өмірімнің мәні мен мақсаты – балаларға деген сүйіспеншілік, олардың ілім-білімді үйренуі, жақсылық пен жамандықты ажырата білуі, бақшаға ықыласпен келуі. Тобымда балалар әрдайым көп. Бірақ ата-аналардың: «Біз сізді білеміз әрі баламызды өзіңіз оқытып, үйреткеніңізді қалаймыз!» — деген өтініштері мен үшін бір ғанибет!
Иә, көпшілік отбасында алдымен тұңғышына, кейінірек ортаншысына тәрбие мен білімді жан-жақты сіңіріп жатқандықтан кейбір ата-аналар кенже балаларын да менің тобыма алып келіп жатады. Көрші-қолаңның мақтауын естіп келген аналар да баршылық. Әрине, өзім жайлы жылы лебіздер естіп, халықтың алғысын алу үлкен бақыт! Яғни олар тәрбиешілер мен ұстаздар жайлы пікірлесіп, ақпарат алмасады, сөз арасында менің еңбегімді елеп, әңгіме етсе, мен бұған да қуанамын! Өйткені мекеменің тыныс-тіршілігімен ата-аналардың етене таныс болуы баланың білімінің сапасын толықтыра түспек! — дейді өз еңбегі жайлы сөз қозғаған тәжірибелі ұстаз Базиза Будумбаева.
Педагогтардың үнемі ізденіп, ата-аналардың талап-тілектеріне сай келуі әрі үнемі қоян-қолтық байланыста болуы үлкен тәжірибемен келеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз олармен қашан да тығыз қарым-қатынас орнатып отырады. Өзінің кешегі шәкірттерінің бүгінгі таңда Астана қаласындағы №5, №19 мектептерде үздік оқшылардың қатарында жүргендігі үкілі ұстаз үмітінің ақталғандығы дейді. Осы орайда ұлағатты ұстазға алғыс білдіріп, ата-аналар мен бүлдіршіндердің тарапынан: «Сіз біздің жадымыздасыз, біз сізді жақсы көреміз!», — дегендей жылы лебіздері де айтылып жүр.
Ұстаздың жолы сара жол, сондықтан олардың еңбегін әлеумет бағалап жатса, одан асқан марапат бар ма, дерсің?! Ал Базиза Кашкенқызын бүлдіршіндердің ата-аналары ғана емес, басшылығы да кәсіпқойлығы үшін мақтай жөнелді. Ол турасында Астана қаласындағы №48 «Ақ көгершін» балабақшасының меңгерушісі Ұлжан Әбенқызы былай деді: «2013 жылдың 22 мамырынан бастап Базиза Кашкеновна Будумбаева № 48 «Ақ көгершін» балабақшасына қарасты шағын орталығының орыс топтарының тәрбиешісі қызметін атқарып келеді.
Жұмысқа келген күннен бастап 4 жыл ішінде өзінің жақсы жақтарымен талай көзге түскен тәрбиеші. Мінезі сыпайы, қарапайымдылығымен адамды баурап алатын жан. Шағын орталықта балалар махаббатына бөленген балаға тәрбие, білім беруден жалықпаған тәрбиеші. Ұжым ішінде біздің гүліміз, ертеңгіліктерде әрдайым атсалысып, өзінің шығармашылық ойларымен бөлісіп, тәрбиешілерге ақыл-кеңесін беретін, көмек беруге дайын тұратын тәрбиеші, ол – Б.К.Будумбаева.
Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мен тәжірибесі мол, өз мамандығын жақсы көретін маман. Ұжым арасында сыйлы.
Базиза Кашкеновна 2015 жылы Астана қаласы Білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды, 2014ж., 2015 ж., 2016 ж. «Үркер» зияткерлік орталығының дипломдарымен, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы «Алматы» аудандық филиалының «Алғыс хатымен», 2016 жылы Астана қаласы Білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды, 2016 жылы «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығымен ұйымдастырылған «Тәрбиеші болу – бақыт» атты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналған VII Республикалық сайысында «Үздік тәрбиеші» номинациясы бойынша III орынға ие болды, 2016 жылы Ұлттық «Мерейлі отбасы» конкурсында дипломмен марапатталды, 2016 жылы «Методическая копилка» II Халықаралық конкурсында Сертификат алды, 2016 жылы Астана қаласы Білім Басқармасы Гуманитарлық колледжінде «Білім беру мазмұнын жаңарту контексінде қазіргі заманғы білім беру кеңістігін ұйымдастыру» атты білім беру мекемелерінің қалалық X ғылыми-тәжірибелік конференциясында шығармашылық белсенділік танытқаны үшін II дәрежелі дипломмен марапатталды, 2016 жылы «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы «Летний пейзаж» республикалық дистанциондық балалар сурет конкурсына белсене қатысқаны үшін дипломмен марапатталып, 2016 жылы «New Opportunities» Білім беру әдістемелік орталығының «Алғыс хатын» иеленді.
Будумбаева Базиза Кашкенқызы өмір жолын тек ұстаздыққа арнаған, отбасында аяулы ана, сүйікті жар.
Міне, сондықтан бүкіл еңбек жолында осындай 100 шақты марапаттарды иеленген №48 «Ақ көгершін» балабақшасының шағын орталығының өнегелі ұстазы Базиза Кашкенқызын аталған бақшаның меңгерушісі Ұлжан Сабиева Астана қаласы Білім басқамасының басшысы А. Жангозинге келе жатқан ұстаздар күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің «Құрмет Грамотасымен» марапаттауға ұсыныс берді.
Дана халқымыз «Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші, баланы бастан салиқалы әрі білімге құштар етіп тәрбиелеу үшін қандай әдіс-тәсілдер қолдануымыз қажет екенін кейіпкерімізден сұраған едік. Ол: «Мен бақшадағы бүлдіршіндерге, олардың аналарына бағыт-бағдар сілтеймін. Мысалы, суретке, биге, математикаға, тілге, тағы басқа салаларға бейімі барларға ынта қойып, демеуге тырысамын. Олардың жанұя мүшелеріне де осы бағытта еңбектену қажеттігін айтамын. Иә, кейбір балалардың көздерінің оты бірден баурап әкетеді, оларға ерекше көңіл бөлу керек. Дарынды балалардың өнеріне қолдау әрқашан қажет! Ал кейбір кішкентайлардың еркелігі басымдау болады, ондайда еш ұрыспай ақылмен сөйлеп, басқа жәйттермен салыстырып түсіндіру керек. Міне, сол кезде бала ақылды, инабатты болмақ!
Өзімнің қызым мен ұлым өте жақсы оқыды, тіпті ұлым «Алтын медальдің» иегері атанды. Балаларыма жасынан осындай тәрбие берген едім. Қазір олар менің мақтанышым! Өз балаларым өте жақсы оқығандықтан өзгелердің де ұл-қыздары жоғары дәрежеге жетуіне тілектеспін!» — деді.
Қорытындылай келе, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Базиза Кашкенқызының өмірлік тәжірибесінің көптігін көрген оқырмандарымыз дәл осы тұлғаның жақсылығын сөз етіп, мерейі үстем ұлағатты ұстаздан өнеге алса игі еді.
Жансая Құманғалиқызы
Білім Айнасы
Астана қаласы