Жуырда «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасының ортаңғы «Балдырған» тобының тәрбиешісі Б. Жүніс «Мен өз елімнің патриотымын!» атты тәрбие сағатын өткізді.
Бұл тәрбие сағатының мақсаты: балалардың Қазақстан Республикасының рәміздері туралы білімдерін толықтыру. Туған ел, Отан туралы түсініктерін кеңейту. Еліміздің рәміздерін қастерлеп, өз Отанын сүюге, құрметтеуге, батыр да, батыл болуға тәрбиелеу.
Топтың іші мерекеге сай безендіріліп, тақырыпқа сай қажетті көрнекіліктермен қамтылды.
Тәрбие сағатына балабақша педагог-тәрбиешілермен қатар, арнайы ата-аналар да келіп, балалардың білімдеріне тәнті болып, өнерлеріне риза болды.
Балалар шаттық шеңберін құрып, келген қонақтармен амандасып, шаңыраққа ілінген лентаны ұстап жылы лебіздерін білдіруден бастады. Кішкентай бүлдіршіндердің жүрек тұсына қолдарын қойып, Қазақстан Республикасының әнұранын орындағанда ерекше күйге бөлендік. Сонымен қатар Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер тақпақтар айтып, еліміз туралы қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беріп, өз білімдерін көрсете білді.
Бүлдіршіндеріміз «Жігіттер», «Томирис» биін билеп қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, балабақшаның алғашқы түлегі Мұхажан Абылайхан «Атамекен» әнін тарту етті.
Тәрбие сағатының бір ерекшелігі қазіргі таңда балабақшада қолданылып жүрген жаңа технология әдісінің бір түрі – мнемокесте арқылы «Туған жерім тамаша!», «Қазақстан жалауы» атты өлең шумақтарын мәнерлеп айтып берді. Мереке соңында бүлдіршіндер қолдарына көк жалауымызды ұстап, «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтады.
Бүгінгі өткізілген тәрбие сағатынан байқағанымыз бүлдіршіндердің Отанымыз, еліміз туралы балабақшадан алған білімдері айқындалып тұрды.
Сөз соңында балабақша әдіскері Ж. Айтбай бүгінгі ұйымдастырылып отырған тәрбие сағатының жоғары деңгейде өткізілгенін айтып өтсе, тәрбие сағатына арнайы келген ата-аналар балаларының балабақшадан алған білімдері мен өнерлеріне риза болып, топ тәрбиешісі Жүніс Бибіәсияға шығармашылық табыс тіледі.
Баратова Гүлмарал,
«Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасының
саз жетекшісі,
Кентау қаласы