Home » Ашық сабақтар » МЕН ӨЗГЕРІСКЕ ӘРҚАШАНДА ДАЙЫНМЫН.

МЕН ӨЗГЕРІСКЕ ӘРҚАШАНДА ДАЙЫНМЫН.

Маңғыстау облысыМұнайлы ауданыБаянды ауылы
№7- «Айналайын» балабақшасының  тәрбиешісі
Битанова Сания Исламбердыевна

Баланың ынтасын ояту үшін оқытатын
нәрседе жаңалық болу керек
Ж. Аймауытов

Маңғаз өлкем Маңғыстауымның тау-тасы мен ой-шұқыры, жусаны мен изені, шыңыраулары мен бұлақтары, сексеуілі мен қараталына дейін қаншалықты жаңашыл жас ғалымдарды өзіне неғұрлым тартатыны секілді қазіргі заманғы білім берудегі толассыз өзгеріске түсіп жүрген озық идеялар солғұрлым мен секілді ізденіс үстіндегі бала жанашырларын магнитше өзіне тартып әкететін күшке ие екендігін қалайша жасыра алармын?! Психолог Ж.Аймауытовтың оқытатын нәрседе жаңалық болу керектігін ерекше айтқан бұл сөзіне елең етпейтін құлақ жоқ, есте сақтамайтын жад жоқ-ау, сірә! Неге «жаңа» сөзі әр сөзімізге қосарланып тіркесуге тиіс? Ойланып көрсеңіз, ұғыну оңай: жаңа мыңжылдық, жаңа ғасыр, жаңа дәуір, жаңа технология, жаңа идея… Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра аласыз. Ақпараттандыру ғасырының өзгермелі толқынындамыз бәріміз. Ғалымдар өткен ғасырды өнеркәсіптің дамуымен байланыстырды, ал бұл ғасырдың ерекшелігі сол- әлемнің қай бұрышында тұрсаңыз да, лезде ақпарат жиып, лезде әлемге паш ете алатындығымызда. Ендеше ол ағымның толқыны асау болса, ілесе алу адамнан шапшаңдық пен жасампаздықты керек етсе керек. Ал мен ше?…

         Мен өзімнің бес жылдық еңбек өтілімде «Өзгеріске әрқашан да дайын бол!» деген ұстанымымды өз шешіміме, көзқарасым мен әрекетіме сәйкес қызмет бабында ғана емес, әлеуметтік-тұрмыстық жағдаяттарда да қолдана алатындығыма ризамын. Оған, әрине, жаңашылдық қажет. Жаңашылдықты ұғынғысы келетін адамды мен балабақша төріне келіп, тәрбиеленушілердің жанарына үңіліп, сәби жүректеріне кіршіксіз сезіммен бойлап, ойын әрекеттеріне жағдай жасап беруге шақырар едім. Міне, дәл сол жерден шығармашылыққа ұмтылатын жалындаған ойлы көзді табар едіңіз? Себебі Абай айтқандай, «ол немене?», «бұл немене?» деп жас шыбық сынды талпынған жан азығын толтыруға асыққан бүлдіршіндердің мекені бұл. Ал мен сол жас шыбықтардың өздігінен өсуіне себепші болатын балғын бақтың бағбаны сезінемін өзімді. Ондайда мені ерекшелейтін не? Алдымен, ақпараттармен сусындай алу қабілетім болса, екіншіден, оны тиімді жерде қолдана білуім деп есептеймін, үшіншіден, сол арқылы бала бойында отансүйгіштік қасиетін қалыптастыра білуге мүмкіндігімнің артатыны.

 

Ақпараттық технологияның қарыштап дамуында шек жоқтығын  бүгінгі білім беру мекемелеріне енгізілуімен өлшер едім. Жаңа технология ойындарының элементтері арқылы білім алушылардың қызығушылықтарының артқандығын білім беру ұйымдарындағы әріптестерім сөзбен жеткізе де алмай қиналып жатады. Менде бір жақсы идея пайда болып, құрастырмалы ойыншықтардың орнын космопазлдармен ауыстырған дұрыс деп есептедім. Неліктен? Бірінші себеп: психолог ғалымдар баланың ойының ұшқырлығы 3 жастан бастап дамытса, шексіз дүниелерді ойлап шығара алатындықтарын дәлелдеген. Бұл – балабақша жасындағы балалардан бастау керек дегенді білдіреді. Екінші себеп: әлемдік аренаға шығу үшін  жаратылыстану ғылымдары бойынша баланың таным-түсінігі жоғары болуы керек, оның бәрі кішкене ғана дүниені өз ойымен құрастыра алудан басталады деп шештім. Расында, бұл ойымды іске асыру үшін қандай қадамдар жасадым? Атап өтейін:

  • Кіші топтағы сәбилерге ғарыш сипатындағы пазлды көрсеттім, құрастыру керектігін айттым, ал үлкен топқа пейзажды бердім;
  • Уақыт мөлшерін есептедім: ғарышты құрастыруға үлкендердің көмегімен 30 минут; пейзажды құрастыруға көмек қажет етпей-ақ 30 минут. Мынаған назар аударыңыз: екі топтың пазлдарын ауыстырғанда үлкен топтағылар да, кіші топтағылар да ғарыш бейнесіне ерекше ықылас білдірді, қызықты, планеталардың бейнесін тез жасағылары келіп, аса жылдамдық танытпақ болды. Нәтижесін көруге 20 минутқа жетер-жетпес уақыт жеткілікті болды.

Бұдан нені ұғамыз? Ойланып көрсем, қызығушылық жаратылыстануда екенін байқадым. Оның себебі әлем қалай жаратылды, неден нені жасауға болады, қайткен жағдайда қажет емес бұйымнан қажет бұйым жасап шығару мүмкіндігі бар – барлығы балабақша жасындағы баланың ойлау әрекетінде бар дүние. Ендеше жаңа әлемнің жасампаз қадамдары сәбидің жаңаша ойлауына мүмкіндік беретін жаңашыл педагогінің табысты әрекетіне қарай озық болмай ма? Кез келген әрекеттен жаңалық іздеп, жаңаша ойлай алатындарда ғана жаңашылдық басым болатындығында күмәнім жоқ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.