Home » Бастауыш » Мен — қазіргі заманның педагогімін!

Мен — қазіргі заманның педагогімін!

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп ұлы ақын Абай атамыз жырлағандай, ғұмырын ұстаздық мамандыққа арнаған, көңілі мәңгі жас баладай жақсылыққа құмар ұстаз болу — көп адамға бұйыра бермеген бақыт десем артық айтқандық емес шығар. Өйткені аузын ашса жүрегі көрінетін, жалғандықты, жасандылықты сүймейтін тазалық пен пәктіктің иесі — оқушыларды көргенде, олармен бірге қуанып, бірге күліп, жан дүниең ерекше сезімге толып, жас баладай қуанышқа бөленесің. Ұстаз. Ұстаздық киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса  да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе — жас ұрпақты өмір сүруге дайындау бұл қиынның-қиыны. Себебі әр адам — қайталанбас жеке  тұлға. Әр адамның жан дүниесі өзгеше бір әлем.

Уақыт өткен сайын бүкіл дүние жүзіндегі қоғамдағы саяси әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын ұстаздың қызметі қиындай түсуде. Өз білімін үнемі жетілдірген ұстаз қоғам көшінен қалып қоятыны сөзсіз. Сондықтан алдына жаңа мақсат-міндеттер қойып, жаңаша жұмыс  істеуге, шығармашылық еңбегімен оқыту әдістерін жаңа арнаға бұрып, өмір талабы мен оқушы талғамына, сұранысына бейімдеп отыру  жаңашыл ұстаздың міндеті. Иә, бүгінгі күн мұғалімінің көп ізденіп, тынымсыз еңбектенуін, сабақ берудің амал тәсілдерін жетілдіріп отыруды  қажет етеді. Өйткені, білім мазмұны, оқыту үрдісі үнемі жаңартуды талап етеді. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны  дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек.

Қазіргі ХХІ ғасыр педагогі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа жақын өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық-адамгершілік тұрғыдан шеше алатын, жаңаша  ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлігі мен өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен педагогикалық  ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар, шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс. Ол шәкірт  жүрегіне жол табарлық пәнін қызықтырарлық  жол іздейді, өз білімін жетілдіреді, жаңа технологияны пайдаланады.

 

Ұрпақ… Бала … Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні. Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамзат тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы — оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде — ұрпақ тәрбиесі. Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт-бағдар беріп, үнемі қадағалау — бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін. Сол себепті де, оқушыларымыздың сапалы білім мен өнегелі тәрбиені мектептен алып шығатынын еш ұмытпауымыз керек. Оқушымыздың парасатты да саналы адамгершілігі мол тұлға болып шығуымен қатар, нәтижелі білім алып шығуына бар күш-жігерімізді сарп етуіміз қажет. Ұстаз өзінің алдына нақты белгілі бір мақсатты қойып, соған жету жолында барынша талаптанса, жетістікке жетері сөзсіз. Білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланып, оқытудың ой елегінен өткен тиімді әдіс-тәсілін дұрыс таңдап, оны мейлінше меңгеру аса қажет болып табылады

Ұстаз болу шәкірт тәрбиелеу — ұлы міндет. Бала тәрбиесіндегі ата-анадан кейінгі жауапты адам мұғалім. Қоғамға пайдалы жеке тұлғаларды дайындау ұстазға байланысты. Оқушының мектеп қабырғасынан әрі білім, әрі тәрбие алып шығуы да мұғалімнің еңбегі, қайраткерлік қызметі. Ең бастысы ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырым тигізуден шаршамайтын, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей, оқушыларының тәрбиелі болуы — ұстазынан көрген өнегесі мен тәлімінен екені даусыз. Ы. Алтынсарин: «Мұғалім — адам жанының инженері» деп, өз заманында ұстаздар қауымына зор баға берген. Ұстаз — адам жанының емі, шипагері десек артық айтқандық емес.

 

Касимова Хафиза Ергешовна,
Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсуабад ауылы №26 М.Кашкари жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.