Жыл сайын 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні мерекесі жақындаған сайын менің анам бір мұңға батып, өткен өмірін еске түсіріп, осыдан 26 жыл бұрын жазықсыз жапа шеккен құрбы-құрдас, достарын еске алып отырады. Мен де анамның қас-қабағына қарап, орынсыз сұрақ қоюға бата алмаушы едім. «Қанды желтоқсан» оқиғасын ғаламтор арқылы қарап, «Тарих» пәнінен оқып, өз бетіммен мәліметтер алып, анама бар білетінімді айтып бердім. «Иә, қызым, өрімдей жас кезімдегі менің және менің құрбыларымның бастарынан кешкен сол қанды оқиғаны әлі күнге ұмыта алар емеспін, — деп бастады әңгімесін анам.
– Алматыдағы «Қыздар педагогикалық институтында» оқып жүрген кезіміз еді. Қазақ елін басқа ұлт өкілі басқарады дегенге барша халық, әсіресе жастар шыдап тұра алмадық. Ұйымдасып, бейбіт шеруге шықтық… — деді де, анам егіліп жылап жіберді. Қолдарында сартылдаған қарулары бар солдаттар қазақ жастарын ұрып-соғып, үлкен жүк машиналарына тиеп, тауға апарып қоқыс төккендей төгіп, үстеріне қыстың қара суығында мұздай су құйып, қор қылып тастап кетті. Көз алдымда бір қайсар қазақ қызын «Біз сені қазақ баласын көбейте алмайтындай қылайық» деп тепкінің астына алып жатқанын көзіммен көрдім. Желтоқсанның қара суығында үсікке шалынып кейбіреулері көз жұмды, біз қалаға таң ата жеттік. Сол құрбыларым суық тиіп, соққыдан запа шегіп, ана болу бақытынан айрылды. Бұл Тәуелсіздік осындай жолмен келді, қызым. Бұл күн – біреулерге мейрам, ал мен үшін – қаралы күн!» — деді де анашым үнсіз қалды.
Осы уақытқа шейін Тәуелсіздіктің оңай келмегенін білуші едім. Анамның әңгімесінен кейін ұзақ ойға кеттім. Қазақ халқының басынан қандай күндер өтпеді? Анау ХІХ ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқагөл сұлама» заманынан бастап қазақ халқы талай киындықты басынан өткізді. Одан кейінгі ашаршылық жылдары қаншама халқымыздан айрылдық, Кеңес үкіметінің қысымшылықтарына шыдай алмай қазақтың бас көтерер азаматтары шет жерге кетсе, репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының орны ерекше еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында талай боздақтар қыршын кетіп, талай арулар жесір, балалар жетім қалды. Соғыстан кейінгі халықтың басынан кешкен қиыншылықтарды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халықтың арманы – бейбіт өмір сүру болатын. 70 жыл бодауда өмір сүріп, өз тілімізден, дінімізден, жерімізден айрылып қалуға айналдық. Ақылшы қарттарымыз, дана аналарымыз қалмады. Ата-баба дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз жоққа шығарылып, өткен өмірімізді ұмытуға айналдық. Осының бәрін көріп отырған жастарымыз кімге сенерін білмей, мәңгүрт күйге түсті. Өз діні мен тілі болмаған халық әруақытта жалтақ болады, «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегендей басқа ұлттың өкілдері сайрап, біздің ұл-қыздарымызды көзге ілмей мүсәпір күйге жеттік.
Ханыңнан да, патшаңнан да тайсалмай «Хан емессің қасқырсың!» — дейтін Махамбеттер мен Абайлар, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, әділдікті бетке айтатын Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердей қазақта ер
азамат, әділдік айтатын, шындықты тайсалмай, ешкімге жалтақтамай бетке айтатын ұлдарымыз қалмады. Олардың орнына басқа халыққа жалтақ, өз тілін білмейтін, тек қара басының қамын ойлайтын құр сүлделерін сүйреткен біреулер қаптап кетті. Тіпті бейбіт шеруге шыққан жастарға қол жұмсап, қамауға алып жатқанда да билікте отырғандардың ішінен бас көтерер бір азамат табылмады.
Тәуелсіздік алу бізге оңайга түспеді. Біз білетін тәуелсіздік құрбандары: Қайрат пен Ләззат сияқты қазақтың өрендей ұл-қыздары абақтыға қамалып, тәуелсіздік жолында құрбан болды. Сол тәуелсіздік жолында құрбан болған әр батырымызды қастерлеп, мақтан тұтып, бас иіуіміз керек.
Тәуелсіздік күнінде ойыма мынадай ақын өлең жолдары келеді:
Бүгін енді мен қалайша жай табам,
Абайды ұрған қамшың-ау деп айта алам.
Желтоқсанда желбіреген ұрпаққа,
Сенің қолың көтерілді қайтадан.
Ауызбірлік адамзаттың айбыны,
Бір елдей-ақ тарттық азап қайғыны.
Сенің қолың көтеріліп елдікке,
Жұдырықтай жұмылады қай күні?!
Біз тәуелсіздікті 1991 жылдың 16 желтоқсанында алдық. Ақырында халқымыздың асқақ арманы орындалды. Анау ерте заманнан халық бостандығы үшін күресіп, ел үшін, жер үшін жауға қарсы шығып, ұрпақ үшін жанын қиып, халықты сан жылғы арманына жеткізген бабаларымызға, батырларымызға мың алғыс айтып, бас иеміз! Осы Тәуелсіздік арқасында өз ойымызды ана тілімізде еркін айтатын халге жеттік! Ешкімге жалтақтамай өз жерімізде, Тәуелсіз Қазақстанымызда еркін, бейбіт өмір сүріп жатырмыз.
Мен тәуелсіз Қазақстанымды, елімді, жерімді шексіз сүйемін! Мен де Қазақстаным үшін, халқым үшін, жерім үшін, халқымның тәуелсіздігі үшін жанымды беруге әзірмін!!!
Абсалам Гүлнұр
9 «Ә» класс оқушысы
№16 орта мектебі
Ақтөбе қаласы