Home » Жаңалықтар » «Мен театрды сүйемін» (отбасылық сайыс)

«Мен театрды сүйемін» (отбасылық сайыс)

Отбасы және мектепке дейінгі білім беру ұйымы — балаларға әлеуметтенудің екі маңызды мекемесі. Олардың тәрбиелік функциялары әр түрлі, бірақ баланың толыққанды дамуы үшін олардың өзара әрекеттесуі қажет. Бұл қарым-қатынастардың жаңалығы «ынтымақтастық», «өзара әрекеттестік», «серіктестік» ұғымымен анықталады.

 

Егер тамырдан нәр алып, діңгегі мықты болып, бұтағы жапырағын жайса, ағашымыз жемісін беретіні секілді, отбасында балаларымызға қамқор болумен бірге, өзара қолдау көрсетіп, олардың бойына рухани құндылықтарымызды сіңіріп, талапқа сай байыпты білім, қалыпты тәрбие бере алсақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Осы мақсатта Алматы қаласы Алмалы ауданы «№74 балабақшасында» мектеп алды даярлық «Аққу» тобының «Мен театрды сүйемін» атты отбасылық сайыс өткізілді. Ата-аналарды отбасылық сайысқа қатыстыра отырып, олардың отбасылық тәрбие туралы білімдерін кеңейту, тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттау. Ата-аналардың балабақшамен, тәрбиешілермен, басқа ата-аналармен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру. Балабақша мен ата-ана бірлігін нығайту негіздерін алға қоя отырып топ тәрбиешісі Туғанбаева Оразкүл Тұрлыбекқызы ұйымдастырды.

«№74 балабақша» меңгерушісі Батқалова Жанат Шүкірбекқызы іс-шараны ашып беріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде отбасылық сайыстың мақсаты мен күтілетін нәтижесі, оның бүлдіршіндер үшін маңыздылығы туралы айтып өтті.

Отбасылық сайыста 2 отбасы өзара бақ сынасты. Олар «Ауезхановтар» тобы, мүшелері Ауезханова Анэля мен оның ата-анасы, «Алькеновтар» тобы, мүшелері Алькенова Томирис мен оның ата-апасы қатысты.

Отбасы мүшелері сайысқа үлкен дайындықпен келгендіктерін байқатты. Ұлттық киімде келген балабақша тәрбиеленушілері ата-аналарымен бірге өнер көрсетті. Театр тақырыбындағы өлеңдерді мәнерлеп жатқа оқуда, оны нақышына келтіре орындауда алдарына жан салмады. Сондай-ақ, олар қасиетті өнерді дәріптеу арқылы ұйымшыл, ынтымақты, бақытты отбасы мерейін танытты.Отбасылық сайыста қатысушылыр мадақтау қағаздарымен марапатталды. Сайыс арасында басқа да балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.

Бүлдіршіндердің бойына рухани құндылықтарды сіңіре білуге бағытталған отбасылық сайыс балабақша бүлдіршіндерінің дарындылығы мен қабілеттіліктерін шыңдауға зор ықпалын тигізді.

Шығыс нақылында: «Егер бір жылыңды ойласаң, дән сеп; он жылыңды ойласаң, ағаш ек; бір ғасырыңды ойласаң, жақсы адам тәрбиеле» дейді. Отанымызға лайық ұрпақ өсіру, оның бойына  адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарыту біздің негізгі міндетіміз.

Қойшыбаева Анар Әлбатырқызы

Алматы қаласы МКҚК «№74 балабақшасының»

әдіскері

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.