Home » Балабақша » Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

2011 жылы тәрбиеші мамандығын алғаш рет Атырау қаласына арман қуып Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжіне оқуға түскен кезден бастап армандап, мектепке дейінгі тәрбие мамандығына түсіп, 3 жыл білім нәрін сусындатып оқуымды үздік қызыл дипломмен тәмамдадым. Осы кезден бастап менде кішкене бүлдіршіндерге деген қызығушылығым арта түсті. Оқу барысында бірнеше балабақшадан іс тәжірбиеден өттік. Іс-тәжірбиеден өту барысында, ең алғаш №18 «Балдырған» балабақшасынан іс тәжірбиеден өттім. Бұл балабақшада  Ортаңғы «Гүлдер» тобына бөліндім. Балалармен таныса отырып, балаларға тақпақ, ертегі, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, өтірік өлең, тыйым сөздер жаттататынмын.
Осыдан кейін менің балаларға деген сүйіспеншілігім, мейірімділігім, қамқорлығым, махаббатым тіпті артты. №1 Мектепке дейінгі авторлық гимназияда педагог болып қызмет етемін. «Балбөбек» деген тобым бар. Тобымда 31 бала саны. Балаларым бүгінгі таңда еңбегімнің жемісін беріп отыр. Біздің Гимназияда «Үздік жоба», «Дамытушы ойыншықтар», «Үлгілі отбасы», «Әнші балапан» сайыстары өтіп отырады. Топта балалар әр түрлі сайыстырға қатыса отырып жүлделі орын алуда.
Ал қазіргі таңда ЖШС «Жас Батыр Атырау» балабақшасында еңбек жолымды жалғастыру үстіндемін. Тобымның аты Ересек «Қарлығаш» тобы деп аталады. Тобымда 25 бала. Балаларым шеттерінен өнерлі, парасатты, ақылды, білімді, мейірімді. Балабақша ішілік шараларға қатысып жүлделі орындармен марапатталуда.
Балабақшада «Әкем анам және мен» спорттық сайыс, «Дидактикалық ойындар» көрмесі, «Жол ережесін білейік, аман – есен жүрейік!» топтар арасында сайыс, «Тіл — халық қазынасы» тіл мерекесіне орай педагогтар арасында сайыс, «Менің туған елім» атты көрме өткізіліп отырады.
Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиеші. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Өйткені, біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңірудеміз.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, қиындығы мен қызығы, ауартпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс.
Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.
Ұстазсыз-шәкірт тұл! демей ме. Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен көрсететін қорғаныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Қисық біткен ағаштың көлеңкесі өсе келе, қисық болып түседі, жастайынан түземесек.
Менің педагогикалық ұстанымым…
Бала бойында білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға — ұстаз. Адам жанын нұрландырар ұғымының ұлысы – ұстаз.
Елбасымыз Н.Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай, «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені олар — біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» дегені мәлім. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаз – баға жетпес биік тұлға.

Ұстаздық ұлы қасиет. Ұстаз – білім нәрімен сусындаған жан. Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай әр оқушыға білім беріп, оған өмірлік бағыт сілтеп өмірге «кірпіш» болып қалануына зор үлес қосушы- мұғалім. Білімді, тәртіпті, тәрбиелі, инабатты, жаны таза рухы биік, Отаншыл адамды, тұлғаны қалыптастырып, баптайтын адамның өзі де қандай болуы керек, ол кім? Әрине, ол «ұлы» деген сөзбен тіркесіп келетін ұстаз, мұғалім. Елбасымыз Назарбаев Н.Ә «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» -деп атап көрсеткендей, ұрпақ тағдыры үшін жауап беру- ұстаз атаулыға үлкен салмақ тастап отыр. Сондықтан біздер ұстаздар, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпауымыз керек.

Мамандықтың бәрі жақсы, десек те, ұстаз орны ерекше. Әрине, бәрі емес, бала жанымен біте қайнасқандары ғана. Ұстаздықты бар ұлағаттың басы деп білетіндердің ғана орны – мектеп.

Шебер педагогтардың жетістіктеріне үңілген сайын, біз педагогтардың бойындағы нәтежиелі үлгі мен ситуациялық тапсырмаларды жан-жақты шеше білуін өнерін көреміз. Мұнда жеке үлгімен ситуациялық іскерлік басыт рөл атқарады. Мыс: балаларға сапалы білім беру, сұрақтар қою, топпен жұмыс жасай отырып, әрбір жеке тұлғамен жұмыс, бақылау жүргізу, топты ұйымдастыра білу, өз көңіл-күйіне иелік ете білу, дауыс ырғағы, мимика, қимыл әрекет негізінде жүзеге асады. «Тәрбиеленуші сіздің жан дүниеңізбен ақыл ойыңызды сізді көру, тыңдау арқылы қабылдайды», — деген А.С. Макаренко. Педагогикалық шеберлік текқана тәрбиешінің жалпы, жан-жақты , әдістемелік сауаттылықты ғана емес, ол әр сөзді балаларға жеткізе білу, балалардың толық қабылдай алуы негізінде іске асады.Тәрбиеші әр сөзін дұрыс сөйлеп, нық айтуы тиіс, жүріс-тұрысының қозғалысы, отырып-тұруы балаларға ерсі болмайтындай дәрежеде болуы керек.

Мен бүгінгі таңда өз арманыма бір табан болсада қол жеткіздім. Мен үшін Мамандығым- мақтанышым!
«Бала жүрегі – кішкентай күйсандық тәрізді. Ол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол «кілт жүруі керек» дейді заңғар ақын Мұхтар Шаханов.
Жас ұрпақтың білімді де білікті, парасат – пайымы мол, саналы да сарабдал азамат боп жетілуі үшін тәлім мен тәрбие беріп жүргенім менің кеудемде мақтаныш сезімін оятып, өзіме артылған сенім жүгінің салмағын арттыра түседі.
Жаңалықтарды жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкірттерінің жанына құятын ұстаз қауымының мәртебесі жоғары, мерейі үстем болғай.

 

 

Қожақова Ұлмекен,
«Жас Батыр Атырау» ЖШС балабақшасының
II санатты тәрбиешісі,
Атырау

                                  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.