Home » Мақалалар » Мен – новатор ұстазбын

Мен – новатор ұстазбын

Сәби – ол әуен, ал нашар музыканттың
 қолында жасандыға айналуы мүмкін

 

Көктем мезгілінде, күннің шуақты сәулесінің әсерінен қарлар ери бастайды, шағын жылғаларға  жан біткендей мөлдір суы  тастарға  кейде бар күшімен қатты соғылғандай, кейде баяу аққандай тәрізді.Көзіңізді жұмып, бір сәт көз алдыңызға елестетіңізші – дәл осы кез жас, пәк  сәбидің жеке тұлғаға- ересек адамға айналуын сипаттайды емес пе? Әлемде мамандықтар өте көп, бірақ  тек біреуі ғана жауапты, әрі  нәзік мамандық – тәрбиеші. Тәрбиеші деген атқа кез-келген адам ие бола алады, бірақ оның қыр-сырын меңгеру әрбір  адамның қолынан келе бермейтін дүние.

  Мен – тәрбиешімін, ал тәрбиеші  — алдымен бала тәрбиелеуі тиіс. Менің алға қойған мақсатым – адамзатты, қоршаған ортаны көруге, сүюге, қорғауға тәрбиелеуге, өмірдің сұлулығын сезінуге шақыру. Мұның барлығы да жаңашыл ұстазға тән. Яғни мен – новатор педагогпын. Айналадағы сұлулықты көре білу – жүректің тазалығы, жанның сұлулығы. Бала жанына жан сұлулығын, тән сұлулығын зерлей өрнектеу. Ақыл – ойдың кемеңгері, данышпан Әл-Фараби: «Балаға білімнен бұрын тәрбие  беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», — деп айтқан.

Тәрбиеші балаға дұрыс тәрбие бере отырып, саналы да сапалы білім нәрін бойына егуі міндетті. Менің балаларым мен үшін әділ сот іспетті. Оларды алдауға болмайды, себебі олар жалған айтқан дүниені сезеді және шынайы  қарым-қатынасқа дән риза. Міне, дәл осындай қарым-қатынаста өздерінің құпияларын ашып, сыр шертеді.Егер бала сізге сенетін болса, онда сіздің кәсіптік талаптарыңыз еш кетпеген.

Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосатын жандарға шексіз батылдық, ақылгөйлік, шығармашылық  және еңбексүйгіш болуларын, ал оның орнына балалардың махаббатына ие болуларын тілеймін.

Атақты педагог А.С.Макаренко тәрбиешінің қызметін : «Тәрбиелей білу-бұл өнер,  домбырада, скрипкада жақсы ойнау, суреттерді жақсы салу өнері секілді, баланы тәрбиелеу де —  үлкен өнер »,- деп өз ойын жеткізген болатын. Мен «Баланың жан дүниесін тыңдауға емес, тыңдай білуге қорқудың қажеті жоқ, сол кезде ғана сәттілік сен ойлағаннан әлдеқайда тез келеді», — деп санаймын.

Қазбекова Фарида Тұрсынбекқызы,
№9 балабақша тәрбиешісі,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.