«Алты алаштың басы біріксе, төр – мұғалімдікі». Осы сөзді ұстаздық жолды таңдаған күннен бастап жадымнан шығарған емеспін.
Ұстаздық жолдың жүгі ауыр. Расымен де, жас ұрпақты тәрбиелеу, жазу мен сызуды үйрету, жаман мен жақсыны айыру жолында бағыт бағдар беру – оңай нәрсе еместігі бәрімізге мәлім. Себебі, әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз – сол әлемді зерттеп, болашаққа жетелеуші. Осындай қызығы мен қиындығы көп ұстаздық жолды мен де таңдадым. Жас маман болсам да, ұстаздық өмірге жаңа аяқ бассам да өзіме артылған жүкті адал атқаруға тырысып жүрмін. Бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық қызмет балаға тек жазу мен сызуды үйрету болса, қазіргі заманның талабы мүлдем бөлек. Қазіргі таңда ұстаз – бағыт беруші, жаңашылдық иесі. Ал жаңашыл ұстаз қандай болу керек? Жаңашыл ұстаз – өз кәсібінің майталманы, ақпараттық технологияны жетік меңгерген, баланың психологиясын түсінетін, актерлік шеберлік бойында дарыған жан-жақты тұлға. Бүгінгі таңда еліміз жаңа мектептің моделін құруда, ал сол мектептің жүрегі – жаңашыл ұстаз.
Мен – жас маманмын. Мен – жаңашыл ұстазбын. Демек, менің сабақ берудегі әдістерім де күнбе-күн жаңарып тұруы қажет. Әсіресе, бастауыш сыныптарды оқытуда бұл үлкен қажеттілікті тудырады. Себебі, қазіргі жас ұрпақ – саналы ұрпақ. Менің негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Яғни, өмірге жаңа қадам басқан кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеуді міндеттейді. Оларға әр түрлі ақпарат көздерін пайдалана отырып, тақырыпты түсіндіру олардың жан-жақтылығын арттырады деп ойлаймын. Осы еңбек жолында өзіме мынадай міндеттерді жүктеймін.
- Сабақ беруде жаңашылдықты арттыру;
- Сабақ беруде ақпараттық технология көздерін пайдалану;
- Үнемі бала жауабымен санасып отыру;
- Баланы шығармашылық жағынан дамыту;
- Оқу процесінде үштілділікті қолдану.
Кез келген пәнді оқытудың мазмұны мен міндеттері болады. Осыған орай оның нәтижесі де болады. Жас маман болсам да нәтижелі жұмыс жасауды мақсат қоямын. Жүйелі түрде оқушыларды әр түрді жарыстарға қатыстыруға тырысамын. Атап өтсем, «Триада» республикалық білім беру орталығы ұйымдастырған «Менің арманым» атты қашықтық эссе байқауынан Бақтыгерей Д, Темірболат Д, Темірболатова Г жүлделі 2-орынды, «Платон» білім беру орталығы ұймдастырған сурет байқауынан Балтабаева А, Жұмабек А, Социал А, Бекбаева А 1-орынды иеленсе, Кеңес А 2-орынды иеленді. Қашықтықтан өткізілген «Күз көрінісі» атты эссе байқауынан Бақтыгерей Д – I дәрежелі, Утегенов Н III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Оқушыны үйрете жүріп, біз өзіміз де үйренеміз. Оларға білім беру жолында үнемі ізденісте боламыз, жаңашылдыққа ұмтыламыз, қиыншылықтарды жеңе отырып, биік белестерді бағындырамыз. Алдымызға мақсат қоя отырып, саналы ұрпақты тәрбиелейміз.
Ақманет Берикқалиқызы Тажмуханова,
Теректі ауданы, Шағатай ауылы, БҚО
Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ-нің
бастауыш сынып мұғалімі