Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер!» — дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады.
Ғабит Мүсірепов
Осы тақырып жайында жаза бастағанымда «басқа қатысушылардың ойымен дәлме-дәл болып қала ма» деген бойымда аздаған қобалжу пайда болды. Көбісі өз жазбаларында мемлекетінің гүлденуіне өз пайдасын тигізетін адамды білімді, жан-жақты, заманауи, ойы жинақы, сөзі салмақты, ортаға бейімді етіп суреттейді. Өйткені, барлық адам «Заманына қарай бөркіңді ки» деген сөз тіркесі секілді өз заманына сай болуы тиіс. Бірінші орынға білімді қоятынымыз ақылы, білімі жетік ұрпақ – жарқын келешегіміздің кепілі. Оған елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі дәлел: «Болашақ- білімді жастар қолында. Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.» Білімді болу-қай заманда да болсын ауадай қажет. «Білімсіз адам хайуанмен тең» деп айтқандай білімді адам өте қажет. Білімінің арқасында адам үлкен жетістіктерге жетеді және де еліне өз пайдасын тигізе алады. Алдымызға қойған мақсаттарымыздың бірдей болып көрінуі – Отанымыз ортақ. Сондықтан ақылы мен тілі бір, ойы мен арманы бір, жүрегі мен тілегі бір, әрдайым алда болуға ұмтылатын ұрпақ бола алсақ нұр үстіне нұр болар!
«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» деп өз ішімнен жүз ойланып мың толғандым. Себебі бұл сауал жастар арасында өте күрделі және ауқымды. Бір-екі сөйлеммен жаза салатын сұрақ емес. Сондықтан бар ойымды жинақтап, сарапқа салып, «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп, бастаған ісімді орта жолдан тоқтатқым келмей шығармамды жазуға кірістім.
Көптің талқылауына түскен бұл сауалдың жауабын тапқандай болып, өз алдыма қойған мақсаттарыммен, армандаған армандарым жайлы ойлай бастаған едім, ойыма ой қосылып қаламыма қанат бітті.
Әрбіріміз бұл дүниеге шырылдап келген мезеттен бастап, мына өмірдің ауасымен тыныстай бастаймыз. Ата-бабаларымыздың кейбір қасиетін сүйегімізге дейін сіңіре өмірге аяқ басамыз. Ең бастысы әрқайсымыздың тұтастай келбетіміз, ішкі сыртқы мазмұнымыз, әртүрлі ойларымыз мен армандарымыз болады, бірақ түбі бәрі бір өзіндік сипатқа ие. Осыған байланысты әрбіріміздің атқарар міндетіміз бар.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де-бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан», — деп қара өлеңнің патшасы ұлы ақын Абай атамыз айтып кеткендей, кез келген адам «Өмір» атты дүниенің босағасын аттағаннан кейін өз орнын, кірпіш секілді өз кетігін табуға ұмтылады, яғни биіктейді, өнеді, өседі. Алдына қойған қағидасын берік ұстанып, таңдаған мамандықтарының қызығын көруге ұмтылады. Бұл ретте «Елім үшін не істей аламын» деген заңды сұраққа: «Сіз өзіңіз қалаған кәсібіңіздің маманы болу арқылы еліңізге өз үлесіңізді қосасыз. Ал сол қалауыңыздағы мамандық арқылы сіз ел дамуына пайда әкелесіз»-деп жауап беруге болатын секілді. Бірақ бұл мақсатқа жету жолында тек сөзге қарағанда нақты, айқын қадамдарға бару маңызды. Елін сүйетін әр адам мемлекетінің гүлденуі үшін үлес қосуы керек. Алайда өз үлесін қосуда міндетті түрде ұлы істер атқару шарт емес. Әркім өз мүмкіндігіне қарай қызмет атқарса сол да жеткілікті. Кейбірі мәдениет жағынан, кейбірі экономика, саясат жағынан, ал кейбірі техника, экология, спорт жағынан мемлекетімізге өз үлесін қосып жатыр.
Бүгінгі Қазақстан Астанасын бас қала етіп, дамыған мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдырып, елінің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, дүниежүзіне танытуға күш салуда. Бұған мемлекетіміздің Біріккен ұлттар ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық қауымдастықтарға мүше болып дүние жүзі елдерімен тығыз байланыс орнатуы және осы жолда атқарып жатқан қыруар істері дәлел бола алады. Кемеңгер Елбасымыздың «Қазақстан -2050» бағдарламасы өз бағытымен жүзеге асса, келешекте Қазақстан мемлекеті дүние жүзіндегі ірі мемлекеттер қатарына қосылады деген сенімдемін.
Өзім жайлы айтсам мен студентпін. Павлодар қаласының Инновациялық Еуразия Университетінің «Журналистика» мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі таңда 3 курс студентімін. Осы үш жыл ішінде журналистика саласының мұхиттай шексіз тереңіне жүзіп кеткендеймін. Болашақта осы мамандықтың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, елім үшін бәрін істеуге дайынмын. Менің мемлекетті гүлдендіруге қосар үлесім қандай болмақ? Менің қосар үлесім, оқуымды жақсы оқу, болашақ мамандығымның қыр-сырына теориялық тұрғыдан қанығып, жан-жақты танып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп шыңдалу. Бәрі шыңдалу дегеннен шығады. Кез келген мамандық өзіңдік, басқаға ұқсамайтын терең ізденісті талап етеді. Ізденген адам дамиды, өзге адамдардан көш ілгері болады. Өзіміздің дамуымыз арқылы өзгенің де білімін жетілдіруге жол саламыз. Осы тұста менің мамандығымның рөлі аңғарылады. Неге десеңіз, журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Сондықтан бұл мамандықтың тізгінін ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс деп білеміз.
Қазіргі таңда елімізде көптеген маңызды жағдайлар орын алуда. Солардың ішінде осы жастарға тоқталғым келеді. Көбісі батысқа еліктейді. Еліктегені жарайды көз жұмдық, бірақ жастар арасында коммуникация жоқ. Көбіміз ұялы телефонға, нақтырақ айтсам ғаламторға тәуелдіміз. Арамызда сый-құрмет азаюда. Бүгінгі жастарға рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, қала берсе, денсаулығымыз да жетіспейтін секілді. Неге денсаулығымызды, жанымызды таза ұстап, талғамымыздың биіктігін білдіріп, салауатты өмір сүрмеске? Бұл ретте менің тарапымнан қандай көмек немесе шешім болады? Біз жастар ұжымы болып бірге ат салысып, еліміздегі түрлі қайырымдылық шараларға, әртүрлі байқауларға қатысып, жаралы жанға демеу болсақ, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрып, сапалы білім алып, болашақта қазақ елінің ар-намысын, қорғайтындай нағыз патриот боламыз. Егерде қолымнан келсе, жоғары да отырған заң өкілдерін, мәжіліс және сенат депутаттарын қазақ тілінде сайратып, балаларын тастаған безбүйрек аналарға қарсы заң қолданып, пара алған азаматтарды жазалап, зейнеткерлердің зейнетақысын көтеріп, қарапайым қара қазақтың жалақыларын көбейтсем, еліміздің экономикасын өз орнына қойып, мұнай, газ, күнделікті өмірде қолданылып жүрген тұрмыстық заттардың бағаларын қарапайым халыққа қолжетімді етіп, ланкестікті, хиджаб кию дегенді жойсам және жетімдерді жебеп қол ұшын созсам мен өзімнің елімді гүлдендірер едім. Бірақ Елбасымыз бұл жолда аянбай еңбек етуде. Біз де осы жоғарыда айтылған мәселелердің оң шешімін табуға жәрдемдессек менен асқан бақытты жан болмас!
Иә, мен әлі студентпін. Сонда да алдыма қойған мақсатымның мазмұны айқын, арманымның тұғыры биік. Өз мамандығыммен қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған және тек ақиқатты ғана жазатын журналист боламын деп өз-өзіме серт еттім.
Біздің жер — талай батырлардың ақ білегінің күшімен, ақ найзаның ұшымен арпалысқан, қиыншылықтың тауқыметін көрсе де, шыдамдылық пен табандылық танытқан азаматтарымыздың арқасында жастарға, яғни біздерге мұра етіп қалдырылған жер. Ол жерді сақтау енді — біздің міндетіміз.
Қорыта айтқанда, патриот, тәрбиелі, білімді ұрпақтың қалыптасуына кепіл бола алатын университетімізде жарқын болашақ үшін көп жұмыстар қолға алынуда. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Сондықтан келешекте Қазақстан әлемдегі ең дамыған, ең қуатты елдердің қатарына еніп гүлденуіне бүгінгі студенттер қалтқысыз үлестерін қосады, яки қосу үшін аянып қалмайды деген сенімдемін. Елімнің көркеюіне қасық қаным қалғанша тыңбай еңбек ететініме ар алдында ант етемін!
Боранбаева Айдана Женисовна
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЕУРАЗИЯ УНИВЕРСИТЕТ
Журналистика