«Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз.»
Әл-Фараби
Мамандықты дұрыс таңдай білу – әр адамның өміріндегі ең маңызды шешім. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің алдымада мыңдаған мамандықтан өзіме лайқтысын таңдау міндеті тұрды. Дегенмен таңдау жасауға Жүсіпбек атамыздың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл-жай күнелту, тамақ асыраудың ған жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзіне өзіме бағыт сілтеп темір қазық етіп алдым десем болады. Мен өз мамандығымды сүйемін, сол себепті жұмысымның сапалы болуына назар аударамын. Білмеген сауалдарыма жауап іздеп, білгенімді басқаларға үйретуге талпынамын.
«Жас бала – жаңа өркен жайған ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Ы.Алтынсаринның ұстанған басты қағидасы, баланың жеке басын қадірлей отырып, оны ізгілікке, қайырымдылыққа жұмылдыру болатын. Мектеп – қазіргі қоғамның дамуымен әлеументтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Қазіргі психологияның өзекті бөлімдерінің бірі-жастар психологиясы. Бұл психологиялық жас ерекшеліктері, оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық және әлеументтік мәселелері жанұя, әртүрлі топтардың әсері және тағы басқа көптеген аспектілер.
Н.Ә.Назарбаевтың «Күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады» деген даналық сөзінде терең мән-мағына жатыр десем де болады. Мен адамның жан дүниесіне жақын өзімнің осы мамандығым арқылы жабырқаған көңілге қуаныш сыйлаймын. Қорқыныштан арылуға, күдіктен сейілуге, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға көмегімді тигізе отырып, шешімін таппаған сан алуан сауалдарына жауап табуға көмектесемін. Алдыма келген әр тұлғаның көңілі байыз тауып, жаны жадырап, балбұл жайнаған жүзіне қарап істеген ісімнің оң нәтиже бергенінен өзім де рахат күй кешемін. Міне мен таңдаған мамандық көзге көріне бермейтін нәзік қыры осындай. Сондықтан мамандығымды мақтаныш ете отырып ізденіспен алға ұмтыла беру – негізгі мақсатым. Психолог болу-қызықты да қиындығы мол тамаша мамандық. Қызметтің тәтті де ащы дәмін татып, әрқашанда өз ісімнің шебері болуға ұмтыламын.
Оқушы кейбір сырларын өз ата-анасына, сынып жетекшісіне немесе құрбысына айта алмай жатады. Бұл жақын адамдарына сенбегендіктен емес, өзара қарым-қатынастардың шиеленісуінен орын алуы мүмкін. Ал бала өзін психолог кабинетіне келгенде тыныштық және жайлылық әлеміне келгендей сезінуі тиіс. Бұны кабинет деп те айта алмайсың: жұмсақ және ыңғайлы диван мен кресло жеңілдік пен жан тыныштығына бөлеп, бүкіл алаңдатқан мәселелерді сыртқа айтып шығаруға жетелейтіндей. Кейбір кездері мектепте келеңсіз жайттар орын алып жатады: көптеген мұғалімдер «тәрбиеге мойынсұнбайтын» балаларды тәрбиелеуге тырысады, нәтижесінде түрлі кикілжіңге ұласып кетуі ықтимал. Ал тәрбие, ең алдымен, адамды тәрбиелене алуға қабілеттілікті қалыптастыру емес пе? Тәрбиелене алуға қабілеттілік – бұл оқушының психологтың сөз мәнеріне, көзі мен іс-әрекеттеріне, көңілі мен күлімсіреуіне деген жан сезімділігі, жүрек сезімділігі. Иә, психологтың жанары бала бойындағы кез-келген ерекшелікті мүлт жібермей, терең де, тыңғылықты баға бере алады. Ол педагогикалық тәжірибеге ғана емес, өмірлік тәжірибеге де сүйенеді.
Мен үшін оқушының қызығушылығы, білім-қабілеті және басқа да психологиялық ерекшеліктері үнемі басты орында. Мектеп психологының негізгі жұмысы оқушымен, мектеп ұстаздарымен, ата-аналармен байланысты болады. Сондықтан үш жақты жұмы істеген нәтижелі.
Қорытындылай келе біздің жұмысымызда баланың сезімін түсіне білуіміз керек, ол оның бет-әлбетінде, іс-әректінде, тәртібінде, адамдармен қарым-қатынасында көрініс табады. А.С.Макаренко айтқандай : «Адамның, баланың бетіне қарап оның жан-дүниесін оқи білу керек, мүмкін ол жайлы арнайы курстар жазылғанда шығар. Бірақ адамның бетіне қарап оның ішкі сезімін түсінуде ешқандай айлакерлік пен таңғажайыптық жоқ», — деген. Бала тәрбиесі – нәзік те күрделі, әрі қоғамдық жауапкершілікке жатады. Бала өмірдің гүлі, сол әлеументтің болашағы. Міне менің мамандығым – мақтанышым.
Орынбасарова Ардақ Кеңесқызы,
Әлкей Марғұлан атындағы
№40 орта мектеп психологы.