Home » Ашық сабақтар » Мен және басқалар. Әдептілік

Мен және басқалар. Әдептілік

Абдумажидова Ирода Каримжановна

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы,

Қарнақ ауылы, «Айша-Биби»

бөбекжай-балабақшасының әдіскері

Құндылық: дұрыс әрекет.

Қасиеттер: сыйластық, мейірімділік, бірлік.

Сабақтың мақсаты: адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы жайлы түсіндіру, әдептілік ұғымының адамгершілік құндылығы ретінде мәтін ашу.

Сабақтың міндеттері:

  1. Балалардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, жүйелі сөйлеуге, өз ойын еркін айтуға дағдыландыру.
  2. Сөздегі дыбыстарды анық дыбыстап, байланыстырып сөйлеу әрекетін жетілдіру.
  3. Ешкімді ренжітпей, бірлікке әдептілікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі (1минут)

Тәрбиеші: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Балалар, жаңа сабағымызды бастамас бұрын, сендермен тыныштық сәтін ұйымдастырып алайық.

Тыныштық сәті: «Орманға саяхат».

Кеудеуізді тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің есікке қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желдің лебін және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір сәтке тоқтап айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Жарық пен көлеңкенің ойынын қызықтаңыз, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Біз өзімізді орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Ағашқа жақындаңыз да, оны діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Тәрбиеші: — Рахмет. Жарайсыңдар, балалар. Сендер көздеріңді жұмған кезде не көрдіңдер?

Балалар:

— Мен орманда әдемі гүлдерді көрдім.

— Мен орманда көбелектерді, ағаштарды көрдім.

— Мен күнді көрдім.

— Мен саңырауқұлақтарды, құстарды көрдім.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Біз өткен сабақта «Өсімдік мүшелері» мен таныстық. Қанекей гүлдің қандай мүшелері болады, кім айтады?

 Балалар:

— Гүлдің тамыры болады.

— Гүлдің сабағы болады.

-Гулдің жапырағы болады.

— Гүлдің гүлі болады.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Егер біз табиғатты дұрыс аялап, сүйіспеншілікпен қарап, қиянат жасамай, ішкі тыныштығымыз сақтай білсек қана, табиғаттың сийын аламыз. Балалар айтыңдаршы, Гүлдерге, ағаштарға су қуйып, топырағын қопсытып жапырағына қонған шаңды сүртетін балаларды қандай бала дейміз, қане кім айтады?

Балалар:

  • Әдепті бала дейміз.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, әдепті бала дейміз.

Сыртқы интеграция. (Өзін-өзі тану сабағының әдістемелік тәсілдерін қолдану)

Тәрбиеші: Бүгінгі сабағымыздың дәйексөзі: «Әдептілік-адамгершілік бастауы».

Қанекей алдымен ұл балалар, енді қыз балалар айтады, енді барлығымыз қайталайық. Жарайсыңдар балалар!

  1. Әдептілік дегенді қалай түсінесіңдер?

Муслима: Әдептілік бұл үлкендерге сәлем беру.

Бақшамызға барғанда

Жолыққан бар жандарға

Ертемен ақ пейілмен:

Қайырлы таң деймін мен

Тәрбиеші: 2. Біздің әдептілігіміз неден басталады?

Нафосат: Біздің әдептілігіміз жылы сөзден басталады мысалы:

Өтінемін қарындас,

Бере тұршы қарындаш

Тәрбиеші: 3. Адамгершілікті қалай түсінесіңдер?

Мафтуна: Адамгершілік деген үлкенге құрмет көрсету.

Дастарқанның басында

Әдептен біз озбаймыз.

Үлкендердің қасында

Қолды бұрын созбаймыз.

Тәрбиеші: Енді балалар, осы үш қасиетті үш тілде айтып көрейікші:

Балалар:

  1. Сәлеметсіз бе – здравствуйте – good morning.
  2. Өтінемін – пожалуйста – please.
  3. Кешіріңіз – простите – I am sorry.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, «Әдептілік-адамгершілік бастауы» дегеніміз: дана халқымызда «Сәлем сөздің атасы» деген сөз бар. Әдептіліктің, ізеттіліктің, адамгершілік, сыйластықтың бәрі — сәлемдесуден басталады. Сондықтан да, әрбір бала амандасып, үлкенге құрмет, кішіге ізет ету керек. Қандай ортада болсақта, өзіміздің адамгершілігі мол адам екенімізді көрсетіп жүрейік.

-Енді балалар, бір серігіп алайық!

Сергіту сәті:

Біздер үйдің гүліміз

Біздер үйдің күніміз.

Ата-анаға қуаныш

Біздің әсем үніміз.

Топ-топ балақан

Шапалақта алақан.

Жабырқауды білмейміз

Жалқаулықты сүймейміз.

Біз ынталы баламыз

Істен қызық табамыз.

Жалқау болса жатады

Ұйқыға ұзақ батады.

Зерігеді күлмейді,

Сергуді бір білмейді.

Топ-топ балақан,

Шапалақта алақан.

Жабырқауды білмейміз

Жалқаулықты сүймейміз.

Біз ынталы баламыз

Істен қызық табамыз.

Топ-топ балақан,

Шапалақта алақан.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар, орындарымызға отырып алайық

Жаңа сабақ:

Ішкі интеграция (жалпы адамзаттық құндылықтарды сабақ мазмұнына интеграциялау)

Тәрбиеші сыйы: Балалар, бүгін мен сендерге «Әдеп» туралы сийымды ала келдім. Мұқият тыңдаңдар!

Арман мен Аян деген достар болыпты. Арман мен Аян қалада тұрады екен. Екеуі де бір мектепте, бір сыныпта оқиды. Бүгін автобустың алдыңғы орындығына жайғасқан екеуі мектепке келе жатты. Алдыңғы есіктен қолындағы сөмкесін әзер көтеріп әжей кірді. Аян орнынан тұрып, әжейге орын берді. Ал Арман болса, көрмегенсіп, теріс қарап отыра берді. Бір уақытта әжей, орнынан тұрып, түсуге ыңғайланды да, сөмкесінен екі алма алып, Аянға берді. Әжей Аянның әдептілігіне сүйсініп, алғысын білдірді. Аян досы Арманға алмасының біреуін берді, досы Арман өзінің ісінен ұялды.

Тәрбиеші:Ал балалар сендер Арманның орнында болғандарыңда не істер едіңдер?

Муслима: Әжейге орын беретін едік.

Тәрбиеші:Арманның істеген ісі дұрыс па?

Фирдавс: Арманның істеген ісі дұрыс емес.

Тәрбиеші:Әдептілікке жата ма?

Рустам: Әдептілікке жатпайды.

Ал балалар, өздерің ойланыңдаршы, әдепті бала қандай болады?

Мадина: Әдепті бала тәртіпті, ақылды, сыпайы болады.

Тәрбиеші:Әдепсіз бала қандай болады?

Алишер: Тәртіпсіз, ұқыпсыз, сабырсыз болады.

Тәрбиеші: Ендеше, бұл әңгіме жақсылыққа жол бастап, жамандықтан арылуға бағыттайды. Балабақша жасынан жақсы әдеттерге тәрбиеленіп, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстағанымыз жөн екен. Демек, адам бойында жақсы-жаман қасиеттер болады екен. Мысалы, әдепті сөзіне ұқсас мағыналы қандай сөздерді білесіңдер.

Балалар: Әдепті, тәртіпті, ақылды, білімді, сыпайы…..

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, бұндай мағыналары ұқсас сөздерді синонимдер деп атаймыз.

«Санақ санамай сегіз деме, сынап-сынамай дос деме» дей келе математикамен байланысты шығармашылық жұмысымызды орындайық. Бұл тапсырманы орындау үшін 1 және 2 санын қолдана отырып, екі топқа бөлініп алайық. Бірінші топтағы балалар оң жаққа, екінші топтағы балалар сол жаққа жайғасып алыңдар.

1-тапсырма – «Тауық пен балапандар».

Тауық шықты көшеге,

Ерді барлық шөже де.

Алға кетті 2-еуі,

Артта қалды 2-еуі.

Санай алмай барлығын

Есі шықты тауықтың.

Сен есепте, балақан,

Қанша еді балапан?

Енді бұл тапсырмамызды кім қорғайды ?

Эмиля: Тауықтың балапандары 2 – еуі алдында, 2 – еуі артында болса, барлығы 4 балапан болады. Тауық – ол ана, өзінің балапандарын қорғап, үнемі көз алдында болғанын қалайды. Бізді анамыз қалай өсіріп, біз қуансақ қуанып, біз мұңайсақ мұңайып жанымызда болса, тауық та өз балапандарының көз алдында болмағанына мазасызданды.

Тәрбиеші: Түйін: Адам бойындағы мейірімділік, қамқорлық, қайырымдылық болса және ол қасиеттерге дұрыс әрекет жасай білсек, әрқашанда бір-біріне деген сүйіспеншілік туындайды.

2 – тапсырма .

Тәрбиеші: Балалар мен сендерге тапсырманың басын оқимын, мұқият тыңдаңдар! Арман мен Нұржанға анасы бес дана тәтті тоқаш пісіріп беріпті, енді сендер қиянат жасамай, сүйіспеншлікті қоса отырып, тәтті тоқашты кинетикалық құмнан жасап, Арман мен Нұржан қандай тең бөліскенін айтыңдаршы?

Муслима: Балалар, мен сендерге тәтті тоқаш әкелдім. Бір-біріңе қиянат жасамай, бөлісіп алыңдар!

Арман: Біреуі саған!

Нұржан: Біреуі маған!

Арман: Біреуі саған!

Нұржан: Біреуі маған! Енді біреуі қалды ғой.

Арман: Сен менің інімсің ғой, біреуін сен ала ғой!

Нұржан: Арман, сенің сүйіспеншілігіңе ризамын, бұл тәтті тоқашты тең екіге болісіп алайық.

Тәрбиеші: Енді бұл тапсырмамызды кім қорғайды ?

Муслима: Арман мен Нұржанға анасы 5 дана тәтті тоқаш пісірді. Арман мен Нұржан бір-біріне қиянат жасамай, тәтті тоқашты тең екіге бөлісті. Әрқайсысына теңдей екі жарым тәтті тоқаштан тиесілі болды.

Тәрбиеші: Міне, балалар адам баласының бойында ізгілік қасиеттері көп болса, оның адамгершілігі де көп болғаны. Егер тәрбиесі дұрыс қалыптаспаса бір-біріне қиянат жасаған болар еді.

Енді сендермен қызықты ойын ойнаймыз. Жақсы қасиеттерге қолымызды 3рет, жаман қасиеттерге аяғымызды 3 рет соғамыз.

  1. Алдымыздан кезіккен

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен

Біздер сәлем береміз.

  1. Аяқ-қол

Жарылған.

Батпаққа малынған,

Киімі

Кір сатпақ,

Осы ғой

Нағыз салақ.

  1. Тамақ ішер кезде енді

Сөйлемейміз, күлмейміз.

Астан басқа өзгені

Елемейміз, білмейміз.

  1. Жалқау болса жатады

Ұйқыға ұзақ батады.

Зерігеді, күлмейді

Серігуді бір білмейді.

Жарайсыңдар, балалар. Сендер өздеріңнің қандай әдепті бала екендеріңді көрсете білдіңдер. Олай болса, балалар «Мен әдепті баламын» әнін бірге орындайық.

Топпен ән айту Мен әдепті баламын.

Сөзі – У. Бекетовтікі

Әні – И. Нүсіпбаевтікі

Мені үлкендер әдепті деп мақтайды,

Мінезімнен теріс қылық таппайды.

Ал егер сен жалқау болсаң тілазар,

Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.

Қайырмасы: Айтқан тілді аламын,

Айтқан жерге барамын,

Мен әдепті, мен әдепті баламын.

Қарсы алдынан кесіп өтпей көлденең,

Қашанда мен үлкендерге жол берем.

Абайсызда қалса біреу сүрініп,

Сол заматта сүйеніш боп қол берем.

Қайырмасы: Айтқан тілді аламын,

Айтқан жерге барамын,

Мен әдепті, мен әдепті баламын.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар!

Балалар, бүгінгі сабағымызды қорытындылап, айтатын болсақ, сабағымыздың құндылығы дұрыс әрекет жасау екен. Сендер өздерінің үлкендерді қалай сыйлап, ал кішкентай балаларға қалай көмек көрсететініндеріңді жұмсақ жүрекше арқылы айтып өтіңдерші…

Жүректен – жүрекке.

Балалар:

-Мен үлкендермен сәлемдесемін.

-Мен үлкендерге орын беремін.

-Мен қыздарды сыйлаймын.

-Мен өзімнен кішілерге қамқор боламын.

-Мен қыздарға жол беремін.

-Мен үнемі достарыма көмектесемін.

Тәрбиеші: Өте тамаша, енді бір сәт тынышталып, көзімізді жұмайықшы. (әуенмен). Бүгінгі сабағымызды есімізге түсірейік. Жақсыны естіп, айтып бәріміздің көңіл –күйіміз.көтерілді. Ісіміз де сөзіміз бен ойымыздай, болатынына сенемін. Сабақта жақсы көрініс тапқан жақсы қасиеттер жүректерімізде сақталып, іс жүзінде асырылсын. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық!

Дұрыс әрекет, дұрыс әрекет, дұрыс әрекет бар жерде,

Дұрыс әрекет, дұрыс әрекет, дұрыс әрекет бүкіл әлемде.

Рахмет. Сабақ аяқталды. Енді жайлап көздеріңізді ашуға болады.

Енді келген қонақтармен қоштасайық…

Сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.