Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің болуы, өнер-білімді игеру, өскен ортаға, сонымен бірге білім беретін ұстазға да байланысты деп ойлаймын. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Адам талаптанса, ынта-жігері болса, қандай мамандық болмасын игеруге шамасы жетеді. Бір жағынан ол сабаққа оқушыны ынталандыратын мұғалімнің өз пәнін қызықты өткізуі де үлкен рөл ойнайды. Дүниеде оңай нәрсе: кісіге ақыл айту, айыптау, табалау, жазғыру, жазалау. Бұл әрбір адамның қолынан келеді. Ең қиыны адам тәрбиесі: үйрету, оқыту, жетеге жеткізу. «Ұстазға қарап шәкірт өсер» деп, халқымыз ұстазға үлкен жүк артқан. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла, ол саған бойындағы бар асылын берді, өнер үйретеді, ұстазыңның үмітін ақта» деген ақыл-кеңестер халық арасында айтылған.
Бүгінгі таңда ұстаздарға ең қажетті нәрсе заман талабына сай мықты, шығармашылығы мол, дарынды, жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеп шығару. Заман күннен-күнге дамып, өркендеу үстінде. Олай болса, біз алдымызда тәрбиелеп отырған шәкірттерімізге адамгершілік пен өз елін сүйетін ұлтжандылық қасиетін қалыптастыруымыз қажет.
ХХІ ғасыр – дамыған білім ғасыры. Ғылым мен білімнің дамуына қызмет ету – еліміздің болашағына қызмет ету. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесі тең ететін – білім» деген.
Ұстаздық жол – мен үшін өмірімнің мәні, қайрат-жігерімнің, қабілетімнің бастауы. Әр таңдағы әрбір игілікті еңбек қадамым, ұстаздық шығармашылық ізденістерім, шәкірттеріммен бірлесе атқарған жемісті істерім мені алдағы уақытта мақсатты істерге жетелейді. Қазіргі кезең – ғылым мен техниканың, білім мен тәжірибенің ұштаса кемелденген заманы. Жаңа ғасырдағы ұстаз шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие беруші ғана емес, ғылым мен техниканың тілін жетік меңгерген, білікті де білгір маман болуы міндетті.
Бүгінгі ұстаз – инновациялық технологияларды пайдаланушы, әрі ізденуші, әрі өндіруші, әрі ғалым-зерттеуші. Мен өзімді осындай ұстаздар қатарындамын деп санаймын, өйткені мен – болашақтың бағбанымын!
Қазбекова Жанар Жұмадилдақызы
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№ 1мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі