Әлем жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде өмір сүруде. Бұл жаңа технологиялық жетістіктер мен инновацияларды енгізу, IT-технологиялардың қарқынды дамуы және адам ресурстарының ұтқырлығы.
Осы жағдайда білім және ғылым өзгерістердің алдыңғы қатарында тұруы тиіс. Әлемнің жетекші экономикалары жоғары деңгейдегі адам капиталы есебінен ғана гүлденуге қол жеткізуде. Оған жаңа білім беру стратегиялары мен саясаты ықпал етеді.
Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың қазіргі заманғы кезеңі әрбір адамның сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білімге қолжетімділігін, колледж бен университетте жаңа кәсіби дағдыларды алу, зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді.
Тәжірибенің өзгеруі – бұл білімнің өзгеруі. Сапалы дамыту жұмысына жаңа технологияларды енгізгенде ғана өзгертушілік әсері болады. Тәжірибедегі өзгерістер немесе жақсартулар; оқыту мен оқудың жақсартылған әдістері. Мектебіме өзгеріс ендіру үшін Lesson Study педагогикалық тәсілін қолдандым.
Lesson Study Жапонияда 19-ғасырда жаңа жалпы білім беретін жүйе орнатқан уақытта мектеп базасында, сонымен қатар өңірлік және ұлттық деңгейде пайда болды. Lesson study – сыныпта жүргізілетін және бірлесе жоспарлайтын, оқытатын, зерттелетін сабақтардағы оқуларды бақылайтын және талдайтын эксперименталдық зерттеудің ерекше нысаны.
Lesson Study зерттеу сабағы болып табылады, және де Қазақстанда өткізілетін ашық сабаққа ұқсас.
Lesson Study-дың мақсаты әр мектепте әртүрлі. Lesson Study-дың мақсатқа байланысты үш түрі бар. Бірінші түрі Lesson Study-дың бірыңғай тақырыбына байланысты, екінші түрі оқыту дағдыларын дамытуға арналған, ал үшінші түрі бақылау дағдыларын дамытады.
Әрбір Lesson Study мектептің зерттеу тақырыбына байланысты болуы керек.
Lesson Study тәжірибесін өткізу 5 кезеңнен тұрады.
Lesson Study әдісінің педагогикалық жұртшылыққа берері мол. Бұл әдістің негізгі мағынасы мынада. Біз бәріміз де өз тәжірибемізді, оның ішінде сабақ беру практикасын жақсартуға мүдделіміз: «Әрбір келесі сабақ алдыңғы сабақтан жақсы болуы керек!» деген ұран ұстанамыз.
Ал біз сабақтарымызды (кеңінен алғанда, практикамызды, тәжірибемізді) қалай дамытамыз, жақсарта аламыз? Олардың қай жағын жақсартамыз? Қалай жақсартамыз?
Бұл сұрақтарға жауапты Lesson Study әдісі бойынша біз екі түрлі тұрғыдан ала аламыз:
1) Басқа мұғалімдермен бірлесу арқылы сабақтарымызды:
а) жоспарлау, ә) бақылау, б) талқылау мен қорытынды жасаудың негізінде.
2) Оқушы пікірін ескеру арқылы: а) оқушылармен сұхбаттасу, олардың мүдделерін, ой-пікірін, қалау-сұраныстарын білу, ә) сабақта оқушылардың үйрену және қарым-қатынас әрекеттерін бақылау арқылы.
Мектептің тәжірибесіне Lesson Study үдерісін енгізер алдында мұғалімдерге арналған коучингтер өткіздім. Сол коучингте Lesson Study-дың жағымды және жағымсыз жерлері, Lesson study үдерісінің маңыздылығы көп талқыланды. Lesson Study үдерісін қолдаған мұғалімдерден комиссия тобын құрдым. Бұрынғы тәжірибемізде сабақ жоспарларын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, бақылау, проблемаларды бірігіп шешу деген бұрын болмаған еді, Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білім жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екендігіне коучинг арқылы мұғалімдердің көздері жетті. Оқушы тақырыпты жақсы меңгеруі үшін бірнеше сабақ бойы түрлі әдістерді қолданып, бақылап, зерттеп, соңында тиімді тәсілді анықтау арқылы жетістікке жетуге болатынын түсінгеннен кейін,зерттеу сабағына сабақ жоспарын бірлесіп жасауға кірістік.
Төмендегі қадамдарды қолдандық:
1) Оқу үдерісінің сапасын арттыру мақсатында өз сабақтарымызда сынап көргіміз келген «оқытудағы/оқудағы жаңа тәсілді» айқындадық.
2) Оқу жоспарының (тақырыбының) қандай бөлігінде бұл тәсіл аса ықпалды болатынын шештік.
3 )Тақырыбына қарай, оқушыларымызға лайықты, нақты күтілетін оқу нәтижесін айқындадық.
4) Енді Lesson Study-ға қосу үшін біздің сабақтарымызда оқушылардың түрлі топтарын көрсететін оқушыларды «іріктеп» алдық.
Коучингтерде танысқан 7 модульдерді сабақтарға ұтымды пайдалану жолдарын қарастырдық.
Жеті модульдың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты.
Lesson Study тәсілін жүзеге асыру үшін «Оқыту үдерісінде топтық жұмыстардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру» атты мектептің зерттеу тақырыбын басшылыққа алдық.
Осы орайда 2017 жылдың ақпан айында 5″Г» сыныбында білім сапасын көтеру, сонымен бірге пән мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуын, кәсіби шеберлігін, бақылау дағдыларын дамыту мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерімен бірлесіп Lesson Study өткіздік.
Бұл зерттеу жұмысы тек оқушылардың білім сапасын көтеруге ғана бағытталып қойған жоқ, сонымен қатар, тәжірибие алмасу болды.
Сабақтан соң
- Мен талдаймын:
— оқу мақсатына жетті ме, жетсе қалай;
— не орындалды, нені орындау керек еді;
— келесі жолы басқаша қалай жасауға болады;
— нені қайталау қажет;
— жоспарланған шарадан басқа оқушылар тағы нені үйренді.
Осыған байланысты, пән мұғалімдеріне төмендегідей ұсыныстар жасалды:
— Өз бетімен жұмыс белгілі бір мақсатқа бағытталған, оқушы орындай алатындай етіп таңдалуы тиіс;
— Тапсырма бар ынтасын салып жұмыс істейтіндей, қызықты етіп әзірленуі керек;
— Тапсырмалар жеңілден күрделіге қарай бағытталуы керек;
— Мұғалімге уақытты үнемдей алу;
— Оқушылардың берген жауабын мұқият тыңдап, қатесін түзетіп отыру;
— Өткізілген зерттеу бойынша педгогикалық кеңесте мектеп ұжымымен бөлісу.
— Жұмысты жетілдіруде оқушылардың деңгейін міндетті түрде ескерілу керек, қалыптастырушы бағалауды түрлендіре отыра, әр сабақта мұғалімге оқушылардан кері байланыс алу міндетті түрде керек деген түйін жасалды.
Lesson Study үдерісін қолдана отырып, мұғалімдер мен оқушылар келесі жетістіктерге қол жеткізді.
а) Өз-өзіне деген сенімі күшейді;
ә) Құзыреттілігі артты;
б) Сапалы білім беруге үлкен үлес қосты;
в) Мұғалімнің көшбасшылығы кушейе тусті;
г) Топтағы іс-әрекет арқылы сыныпта оқушылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы өзгерді;
д) Өзін-өзі және сыныптастарын әділ бағалай алды;
е) Істеген іс-әрекетіне талдау жасай алатын болды.
Қорыта келгенде, бұл тәсілдің нәтижесінде біз оқушылардың білімдерін жаңа тәсілдер арқылы кеңейте алдық. Сабақ соңында өз мақсаттарымызға жеттік, қалыс қалған оқушылар болған жоқ. Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыра отырып, оқушылардың сұрақтарға толық жауап беруіне, ойларын ашық айтуына дағдыландырдық. Топтық жұмыс арқылы ойларын ортаға салып талқылау, талдау, өз пікірін ашық айтуға дағыдыландыра отырып, оқуға деген қызығушылығын арттырдық. Болашақта осындай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткен сабақтарымызбен оқушының білім, білік дағдыларын арттыруды көздеп отырмыз және үлгерімі «С» дәрежесіндегі оқушылармен әлі де жұмыстар жасап «В» дәрежесіне жеткізуге, «В» дәрежесіндегі оқушыларды «А» дәрежесіне жеткізуге тырысамыз. Талантты және дарынды оқушыларға күрделенген тапсырмалар беруде әлі де ізденуге жұмыстанамыз. Күнделікті тәжірибеде оқушылардың ілгерілеуін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдістерін қолданамыз.
Салходжинова Баян Есенкелдіқызы
Қызылорда қаласы,
Ә.Молдағұлова атындағы
№173 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі