Ахметова Гүлзина Қабдырахманқызы
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ гимназия-интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Павлодар қаласы
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы, — деген Ғафу Қайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар, ұлы мамандық. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым. Ұстаз болу – бала кезімнен арманым еді. Жылдар өтті… Сол арманға қазір ұстаздық еңбегім арқылы жеттім деп ойлаймын. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол тек нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.
Ал ХХІ ғасырдың нағыз жаңашыл ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл — әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Сондай-ақ, ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады, — дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені, қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», — деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі.
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, қалыптасуына әсерін тигізеді, әрі өзін — өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Қазіргі заман мұғалімі жаңа технологияны меңгеріп, қолданыста кең пайдалана білуі керек. Өз тәжірибемде Қ. Бітібаеваның жобалап оқыту технологиясын, Н.А. Оразахынованың сатылай кешенді талдау, сыни тұрғыдан ойлау технологияларын тиімді қолданамын.
Мен – жемісінің өнімін көруге асыққан бағбандай, бала жанына ақыл дәнін сепкен ұстаздардың бірімін.
Еліктей, қызыға қарайтын өз ортаңдағы аға-буын өкілдері болса, олар сенің өмір жолыңа оң әсер етіп, талай игі істер бастауының көзінен табылса, нұр үстінен нұр емес пе?
Өз басым, ұстаздық жолды таңдап алуыма ұстазым Шакаманова Рыскүл Бектемірқызының алдында шәкірт болып, тәлім-тәрбие алуым әсер етті. Әдебиет әлеміне деген сезімімді тербетіп, оятқан да, қызықтырып, еліктірген де ұстаз болмысы еді. Ең бастысы, санамды билеп, елесімді жаулап алған осы бір пәнге деген сүйіспеншілігім менің өмірде өз соқпағыма түсуіме алып келді. Қашан да тұла бойы даналыққа, терең білімге тұнып тұрған ұстазымның терең білімділігі, мәдениеттілігі, еңбекқорлығы, ең бастысы, халық баласына деген жүрегі мені өзіне тарта түсті. «Қазіргі заманға сай жаңашыл мұғалім қандай болу керек?»- деген сауалға адамзат ғұламасы-данышпан Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат»-деген үнінен жауап тапқандаймын. Бойында осы үш қасиеті бар адам қай қоғамда еңбек етсе де, қоршаған ортасының жаны, жүрегі, ұйтқысы. Өз басым, жылы жүрегімді, ыстық қайратымды, нұрлы ақылымды еліме, аяулы шәкірттеріме арнаймын.
Ұстаздық жол – мен үшін өмірімнің мәні, қайрат-жігерімнің, қабілетімнің бастауы. Әр таңдағы әрбір игілікті еңбек қадамым, ұстаздық шығармашылық ізденістерім, шәкірттеріммен бірлесе атқарған жемісті істерім мені алдағы уақытта мақсатты істерге жетелейді. «Адам өзінің қабілеттерін оларды іс жүзінде қолдануға тырысуы арқылы біле алады»-деген ойшыл Сенеканың пікірін шәкірттер санасына сіңіруден мен де жалыққан емеспін.
ХХІ ғасыр — ғылым мен техниканың, білім мен тәжірибенің ұштаса кемелденген ғасыры. Жаңа ғасырдағы ұстаз шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие беруші ғана емес, ғылым мен техниканың тілін жетік меңгерген, білікті де білгір маман болуы міндетті. Бүгінгі ұстаз — инновациялық технологияларды пайдаланушы, әрі ізденуші, әрі өндіруші, әрі ғалым-зерттеуші. Мен өзімді осындай ұстаздар қатарындамын деп санаймын, өйткені мен — болашақтың бағбанымын!