Аружан: Армысыздар құрметті көрермендер, ата-аналар және ұстаздар! Бүгінгі «Мен бақытты баламын» атты ән кешіне қош келдіңіздер!
Данара: Концертімізді бастамас бұрын №50 мектеп-лицей директоры Болатаева Роза Әбіләкімқызына сөз кезегін берсек (Директор сөйлейді…)
«Тепеңкөк» және «Келіншек» күйлері ойналады.
Аружан:
Бейне нұрлы көкте күн,
Білсең өмір – көктемің.
Айқара ашып есігін,
Хош келдің! деп мектебің.
Өміріміздің есте қалатын балғын шағымыздың куәсі – мектебіміз.
Аружан: Ендеше, Данара, осындай керемет мектебімізде көктемнің шуақты күнінде өткелі отырған кішкентай бүлдіршіндеріміздің өнерін тамашалайық!
(Ән: «Ассалаумалейкум!»)
— Сіздердің тыңдаған әндеріңіз «Ассалаумалейкум». Орындаған Мештаев Әділбек. Данара: Келесі кезекте алдарыңызға «Тұлпарым» әнімен Алдияр мен Жанбатырды шақырамыз.
– Әже – Анамыздың анасы. Қайда жүрсек те қасымыздан табылатын, жүрегінің жылуын аямайтын аяулы жан. Біздің 2-ші анамыз.
– Білесің бе, Аружан, мектепке немерелерін жетектеп жүретін қамқоршы әжелеріміз де аз емес. Сондай бақытты немеренің бірі – біздің Камила.
– Олай болса «Сағындым әже» әнімен Сабырбаева Камиланы қарсы алыңыздар!
– Данара, сен қазақтың ұлттық аспаптарын білесің бе?
– Иә, әрине білемін.
Мысалға (домбыра, қобыз, шертер, жетіген)
Ал сен жетіген аспабында ойнай аласың ба?
— Жоқ, мен ойнай алмаймын. Бірақ маған сол аспап өте қатты ұнайды.
Ұнаса қазір жетігеннің дауысын тыңдайсың. Қарсы алыңыздар! «Бүлдірген» әнімен алдарыңызда – Қайратқызы Амира.
Биылғы жылы мектебіміз көптеген жетістіктерге жетті, соның ішінде өнер саласын алып қарайтын болсақ, «Шаттық-2017» Қалалық байқауында күміс медаль жеңіп алған вокалдық ансамбль бар. Қазір сол топтың әнші аруларын ортаға шақырайық. Халық әні: «Қараторғай». Қарсы алыңыздар!
Аружан:
Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
Данара:
Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе,- лайықсыздар.
Алдарыңызда «Анашым» әнімен – Жұмат Сержан.
(«Буратино» 3 «А» сынып оқушылары.)
Аружан:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жәйраңдаған.
«Қыз өссе — елдің көркі…» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран баба
Данара: Ортаға «Мен қазақтың қызымын» әнімен Мейримханова Мерейді шақырамыз. Домбырамен ән салып, өнер жолында жүрген қазақтың қыздары қаншама. Өскенде Қарақаттай әнші боламын дейтін кішкентай бүлдіршіндер де аз емес. Солардың бірі – Балым. Келесі тыңдайтын әндеріңіз – Тәттіхан Балымның орындауында «Бипыл» әні. Қарсы алыңыздар!
Біздің мектепте әжесін сыйлап, қатты жақсы көретін балалар көп екен. Арусана да өз әжесіне арнап ән салмақ. Қарсы алыңыздар! «Әжетайым» әнімен – Арусана.
Аружан:
Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Данара:
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
—— Алдарыңызда «Астана» әнімен кіші вокалдық топ. Қарсы алыңыздар!
Аружан: Баланың қылығы тәтті, былдырлап сөйлегені тәтті. Қаз-қаз басып, тәй-тәйлап жүргені тәтті. Әрбір ата-ана өз баласының қылығына қызығы, тамсана қарайды. Осында отырған барлық адамдар сондай бақытқа бөленгендері сөзсіз.
Данара: Иә, Аружан, кішкентай сәбилердің барлық жасаған қылықтары тәтті. Ендеше ортаға «Тәтті» әнімен қылықты қыздарымызды шақырайық!
Данара: Шіркін, керемет табиғат аясында арқаңды кеңге жайып, таза ауада демалғанға не жетсін.
Аружан: Иә, кезінде ата-бабаларымыз жазда жайлауға барып демалатын болған.
Данара: Неге кезінде? Қазірдің өзінде барады. Және тек аталар, әжелер ғана емес, кішкентай балалар да барып жүр.
Аружан: — Иә, иә. Енді есіме түсті. Жақында ғана Амірхан барып келген. Сенбесеңіздер өзі айтып берсін. Ән: «Жайлауда» — Ибраев Амірхан.
Аружан: Жігіттің құны – жүзжылқы.
Данара: Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған.
Аружан: Бойдақ жігіт – жұрт күйеуі.
Данара: Жігіт адамға жетпіс өнер де аз.
Аружан: Қарап отырсақ жігіттер туралы аз мақал айтылмапты.
Данара: Иә, тепсе темір үзетін жігіттердің бары рас.
Аружан: Сондай жігіттер біздің мектебімізде де бар.
Данара: Ендеше қарсы алайық! «Алға қазақ жігіттері» 2 «А» сынып оқушылары
Жоғарыда айтқан жетістіктердің бірі «Шаттық – 2017» хор ұжымдарының арасынан біздің мектептің ортаңғы топ хоры Күміс медаль иеленді. Олай болса кезекті хорға берейік.
Сүлейменова Анаркуль Серикбаевна
Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі
музыка пәні мұғалімі
Астана қаласы