ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Өскелең елдің жарқын болашағы үшін ең әуелі сапалы білім қажет. Ол үшін еліміздің білім саясатындағы ғылыми-техникалық әлеуетін жұмылдыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу – инновациялық дамудың негізгі көзі. Қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы педагогтан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер педагогтардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз-өзіне қызмет ете алатын, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – тәрбиешінің қолында.
Жуырда Орал қаласының №25 «Снежинка», №34 «Балбұлақ» бөбекжайында мектепке дейінгі ұйымдардың жас әдіскерлеріне арналған «Менің ұстанымым – әдіскер» атты семинар өтті. Жоспарланған, мақсатты бағытталған жұмыс пен кәсіби дағдыларын жетілдіру арқылы жас әдіскерлердің педагогикалық шығармашылықтары мен шеберліктерін шыңдау, кәсіби құзыреттілігін көтеру мақсатында өткізілген семинарда Батыс Қазақстан облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша әдіскері Даурия Төлегенқызы жетекшілік етті. Мектепке дейінгі ұйым әдіскерінің негізгі функционалдық міндеттерін қарастырып, талқыладық. Әдістемелік жұмысты нормативті-құқықтық сүйемелдеу бойынша Орал қаласының №25 «Снежинка» бөбекжайының әдіскері Гүлнар Есенқызы, №26 «Тұлпар» бөбекжайының әдіскері Максим Татьяна, №27 «Жігер» бөбекжайының әдіскері Хлюстова Татьяна Ивановна таныстырды. №37 «Жұлдыз-ай» бөбекжайының әдіскері Есқалиева Тыныштық Сәрсенбайқызы, №21 «Росинка» бөбекжайының әдіскері Буентаева Меңсұлу Абулғазықызы «Үлгілік бағдарлама мазмұнын игерудің сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ететін өтпелі тақырыптар негізінде құрастырылған перспективалық жоспардың құрылуын» көрсетіп, таныстырды. Біз сияқты жаңа бастап жатқан жас әдіскерлер үшін кәсіби құзыреттілігімізді, шығармашылығымызды, шеберлігімізді көтеруде бұл семинардың пайдасы зор болды. Жаңартылған оқу бағдарламасы – заман талабы. Сол талапқа сай болу – әр әдіскердің міндеті. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты бола алады, нәтижеге жете алады.
Камшат Қуатқызы Бишаева,
№42 «Алтын сақа» бөбекжайының ІІ санатты
әдіскері
Орал қаласы, БҚО