Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, әр адам баласы осынау кең дүниенің бір бөлшегіне айналары анық. Кішкентай ғана шақалақ қоршаған ортаның ықпалымен, дүние салтымен, өмір заңдылығымен өсіп, бой түзеп, тұлға болып қалыптаса бастайды. Ғаламның тылсым құдіретімен, айналаның іс-әрекетіне, заманның ағымына, тәрбиенің сапалығына байланысты бала санасына өмірге деген құштарлық, көзқарас қалыптасады. Ақ пен қараны ажыратып, өзіндік ой, өзіндік талғаммен ерекшеленеді. Жасөспірім шаққа жеткенде алға мақсат қойып, арман жетегінде үлкен өмірге аяқ басуға қамданатыны сөзсіз! Жас шыбықты отырғызып, күтіп-баптап, саялы ағаш еткендей, жас баланы да өмірден ойып алар өз орнын табуға бағыттаймыз емес пе? Қоғам болып, ұжым болып, шырылдаған ата-ана болып, ұрпағымыздың түзу жолмен жүріп өтуіне бар маңдай терімізді төгеміз. Санасына жақсылықтың терең тағылымын орнатып, жүрегіне шексіз иман нұрын ұялатып, қанға сіңген қасиетіміз адалдық пен шынайылыққа, көпшілдік пен мейірімділікке, бауырмалдылық пен қайырымдылыққа баулимыз. Н.Ә. Назарбаев: «Ұрпағы жақсы елдің – болашағы жарқын!» — деп айтқандай, болашақтың қамын ойлау үшін бүгінгі ұрпақтың ұстанымына назар аударғанымыз жөн. Мәселен менің жасым 21-де, мен жас маманмын. Менің ұстанымым, алға қойған мақсат-міндетім қандай болуы мүмкін? Мен өзімді оңашада сыр шертіп, қолға қалам алып, жан дүниемді ақтарып әңгімеге тарттым. Өзіме «сен кімсің?» деген сауал қойдым.
Мен ұстазбын! Ыбырайдың ізбасары, дана Абайдың ұрпағымын! Мен педагогпын! Өз мамандығымның жанашыры, Отанымның патриотымын! Менің ұстанымым «Ұрпағы жақсы елдің – болашағы жарқын!» Алға қойған мақсатым – ұстаздық қызметімді барынша шынайы, адал атқарып, болашағынан үміт күттіретін білім алушылар тәрбиелеу. Атағым кеңге жайылмаса да, қарапайым мектеп мұғалімі, қоғам белсендісі, шәкірт мәртебесі, ұлт пен ұрпақ жанашыры бола алсам екен деп армандаймын. Білім беру саласында әр мұғалімнің өз әдісімен, білімді меңгерту тәсілі бар. Сол сияқты менің тәсілім, алдымдағы жас буынға білім емес, ең бірінші сапалы тәрбие беру. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы демекші, болашақ ұрпақтың кертартпа, пасық, екіжүзді, надан болғанын еш уақытта қаламас едім және жол бермеуге бар күш-жігеріммен, жиған-терген білімімді, тәжірибемді жұмсайтыным ақиқат. Тәрбие бала санасына тал бесіктен орнығатын болса, ертеңі биік болады емес пе? Әр адам баласы қу-қарақан басының қамын жасамай, қоғам проблемасын шешуге атсалысар болса, еліміз еңселі, тұғыры биік «Мәңгілік тарихи дүниедегі жұмақты елді-мекенге» айналатын болады. Тастанды жәудір көздер мен қартайған шағында жетім қарт атанған қоғам мүшелерінің жағдайы аспаннан салбырап түсті ме? Әрине жоқ. Барлығы да осындай біздер секілді ортадан шыққан көкек аналар мен тас жүрек балалардың арқасында болып жатқан процесс. Мұндай сұмдықтың алдын-алу үшін қандай жұмыс жүргізуіміз керек? Міне, сізге проблемалық сұрақ? – дедім іштей өзіме. Бұл сауалдың жауабын мұншама көп іздеймін деп ойламадым. Бірде студент кезімде машықтанудан өту үшін жазғы сауықтыру уақытын Қостанай қаласындағы облыстық балалар үйіне барып өткіздім. Мен қазақтың қаракөздерімен он бес күн бірге тұрып, олармен бір нанды үзіп жедім. Өзім толыққанды отбасынан шыққаннан болар, жан дүнием құлазып, өмірдің осынша қатал болатындығына мұңайдым. Неге заман мұншалықты қатал болып бара жатыр деген сұрақ көкейімде тұрып алмасы бар ма?! Мен жауапты күні бүгінге дейін іздеудемін. Бір түйгенім: олардың тәрбиесі тек тәрбиешінің міндеті ғана емес. Бұл балғындардың келешекте қандай азамат болып өсетіндігі мына біздерге байланысты. Сондықтан да әр баланың бойына мейірімділік пен сыйластық отын қондырып, болашақ ұрпақ жайын қазірден ойласақ, алдағы уақытта жемісі тәтті болатынына сенемін! Жалғыздың үні шықпайтындай, бір жанның талпынысынан қарағанда, барлық халықтың жұдырықтай жұмылған ниеттерінің нәтижесі ұтымдырақ болмақ. Сонау ызғарлы өмірдің солғын жағын, яғни жетім балалар жан-дүниесінің жаралы күйін сезген күннен бастап менде жаңа міндет, жаңа мақсат дүние есігін ашты. Тәрбиені буыны қатпаған шақта қолға алып, жақсылықтың тамырын тереңге жаю менің басты міндетіме айналды. Мен үшін өмірдің мәні тек мейірімділікте, жақсылықта тұрғаны айқын.
Бірде көгілдір экран алдында отырып, кино қарадым. Көрген кинодан үлкен әсер алып, күні бүгінге дейін өз ортамда пайдалануға тырысамын. Ол «жақсылық шеңбері» деп аталады. Мен өз оқушыларыма немесе маған алғыс айтқан жандарға үнемі былай деймін: Маған алғыс айтпаңыз, одан да басқа үш адамға жақсылық жасаңыз, көмек қолын созыңыз. Бұл сіздің маған айтқан алғысыңыз деп білемін! – дейтін болдым. Кейін менің шәкірттеріммен, әріптестерім, достарым, яғни мені қоршаған жандар бұл жақсылық шеңберін күн өткен сайын ұлғайта түскенін байқадым. «Жақсылық шеңбері» әдісі дүниені мейірімділіктің басып алуына жол ашатынына үміттенемін. Ең маңыздысы менің өз шешімімнің дұрыс бағытта орнағандығы деп білемін. Ұстаздық жолды таңдауым — менің дұрыс шешімім, ұрпақтың қамы үшін еңбек етуім, менің дұрыс ұстанымым деп есептеймін!
Сайлауова Жансая Сейлбекқызы,
Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі