Home » Эссе » Менің сізге ұқсағым келеді

Менің сізге ұқсағым келеді

Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы
  9 «Ә» сынып оқушысы: Кенжетаева Назерке

%d0%b5%d1%81%d1%81%d0%b5            Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі, өзіміздің жерлесіміз, мектебіміздің үлгі тұтар түлегі – Мырзатай Жолдасбеков. Біз сол ел ағасына қызығамыз.

Мырзатай Жолдасбеков ат жалын тартқалы бері әрқилы лауазымды қызметтер атқарды, билік биігінің шыңына да шықты, өзі тәмамдаған қарашаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқутышысы, деканынан бастап, еліміздегі қабырғалы университеттің ректоры, Білім министрі, Премьер-министрдің орынбасарына дейін көтеріліп, әлденеше жыл Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің қайнаған қазанының әрдайым бір құлағын ұстап келеді. Бір ғана адамның бойынан осыншама қызметті істегенін көріп, таңданамыз. Бұл өмірде Мырзатай ағамыз жағымды іс тындыру –  нағыз іскерліктің белгісі екендігін танытты.  Елдің серкесі  айтулы  қызметтерге шаршамай, талмай еңбек еткенінін арқасында қол жеткізді. Тек атақ-даңкы шыққан тұлға ғана емес, терең ойлы, танымы бөлекше өзіндік ой-пікірі бар алғыр да тапқыр екендігіне көз жеткіздім.

Қатал заман, қатқыл жүздер талай мүдделестің қыл өткелге келгенде қолдауға  жүрегі дауаламады, я тәуекелі жетпеді. Ал біздің ағамыз алған бетінен қайтқан емес, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстаған Президенттің ойына ой қосып, ниетіне ниет қосып, қай істе де тілекші болып, көздеген мақсатына жетуге ұмтылып келеді. Мырзатай Жолдасбеков саналы ғұмырын  тарих қойнауында жатқан, тас бедерінде қалған баба сөзін зерттеуге арнады. Халық қалаулысы Орхон жазба жәдігерлерінің түркі тіліндегі мәтінін ғылыми тұрғыдан негіздеген – жалғыз қазақ азаматы. Ол «Орхон ескерткіштерінің толық  атласын» жасап, Астананың «Күлтегін» баспасынан кітап етіп жарыққа шығарды.

Мырзатай Жолдасбеков 2016 жылы қыркүйек айында өзі оқыған Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясына ат басын тіреп, оқушылармен кездесуге келгенде, мен де сол бақытты балалардың қатарында едім. Ағамыз «Арып-ашып, шаршап-шалдығып, шалғай ауылдан келгенде білім бұлағынан сусынымды, мейірімімді қандырған, ата-анамдай аялаған алтын ұя мектебіме биік мәртебе, үлкен табыстар тілеймін»,-деп шәкірттік тілегін қалдырған еді. Сол бір сөздерінен ерекше әсер алған сәттерім әлі де есімде. Елі үшін сіңірген осындай ұланғайыр еңбектерін естіген сәттен бастап-ақ, бойымды мақтаныш кернеді. Себебі, осындай ұлы тұлға оқыған қара шаңырақта мен де білім алып жатырмын. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Абаханованың «Орхон жазба ескерткіштері» тақырыбында өткен  сабағында Мырзатай ағамыз туралы өзім білмейтін мағлұматтар алдым. Осыдан кейін ағаны асқар тұтып, оны асқақтатып сөйлеуден айныған емеспін.

Тарих өткеннің сабағы, алдынғының кейінгіге өнегесі екенін тағы да дәлелдеп берген Мырзатай Жолдасбековке ұқсағым келеді. Ол кісінің салған ізін жалғастырып, халқы үшін қызмет ететін, елге пайдасы тиетін азамат болуды бізге де жазсын.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.