Home » Мақалалар » МЕНІҢ ПЕДОГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҒЫМ

МЕНІҢ ПЕДОГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҒЫМ

Қазақ тілі… Осы сөз менің есіме халқымыздың ғұлама ақындарының бірі — Қадыр Мырза Әлінің:

Бабамыздың шоқ басқан табанымен,

Бірдей екен жақсысы жаманымен.

Бір жаманы — тынымсыз көше берген,

Бір жақсысы — қимаған даланы кең.

Бір жаманы — кешігіп әліппе ашқан,

Бір жақсысы — күйлері көбік шашқан.

Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне,

Бір жақсысы — сүйгенін алып қашқан,-

деген өлең шумақтары есіме оралады. Осы бір өлең жолдарында халқымыздың өміріне тән сыр сипат аз сөзбен әдемі түйінделген.

    Ия, ақын атап көрсеткеніндей біздің халық кешігіп әліппе ашып білім, ғылым саласында өзге мәдениеті мен әдебиеті өркендеген елдерден көз көрім жырақ қалғаны күні бүгінге дейін тарихи шындық ретінде айтылып келді. Сол шындықтың бір парасы қазақ балаларын  кеңес үкіметі қолына қағаз, қалам беріп, партаға отырғызды. Мектеп табалдырығын аттаты дегенге саяды. Тек сол әкелік қамқорлық біз ес біліп мектепке бара бастаған кезенде көлеңкелі тұстары көбейіп келместің кемесіне мінуге шақ тұрғандай еді.

Мәселен, мен оқып білім алған Баянауылдағы Шәкен Айманов атындағы орта мектепте оқушылардың саны өте аз болатын. Ол – әсіресе, жетінші қарашада, Ұлы октябрь мерекесін тойлау кезеңінде, халықаралық еңбекшілердің ынтымақ күні, 1 мамырда, Ұлы Жеңіс күні мерекесінде аудан орталығында өтетін мерекелік шерулерде айқын аңғарылатын. Біздің мектеп колоннаның  алдында бір-ақ уыс болып келе жататын. Мектеп оқушыларының қарасын  көрген өзге ұлт өкілдерінің жүзінде мысқылды күлкі байқалатын. Өйткені, саптағы балалардың санынан қарт ұстаздардың саны артықтау болып көрінетін. Ел арасында: «қазақ мектептері жабылады екен» деген сөз тарап жүрген. Сол тұста неге екені белгісіз менің жүрегімді қазақ тілінің жоғары білімді маманы болсам-ау, деген ой әбден меңдеп алған еді. 1983 жылы Екібастұз педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны бітірген соң,  өзім оқып білім алған  Ш.Айманов орта мектебінде жұмыс істей жүріп, 1990 жылдарды Қарағандыда бұл күндері Букетов атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен  боласың, демекші  жылдар өте келе оқу орындары қабырғаларында алған біліммен, тәжірибе сәтімен жалғасып, сабақтарымды сол жылдары мектеп жүйесіне ене бастаған Қ.Бітібаева, Қуандық Мәшһүр-Жүсіптің, Оразақынова сынды отандық ғалымдардың жаңа технологиясына сай жүргізуге көп күш жұмсадым. «Халық мұрасы», «Сөз шебері» атты  бағдарламасын жасап, сол  бойынша  оқушыларға терең ақпарат беруге, ойлау жүйелерін дамытуға, халық мұрасын терең түсіндіруге тырыстым. Соның нәтижесінде Павлодардағы мұғалімдер білімін арттыру институтында семинар, 2005 жылы Алматы қаласында өткен форумға қатысып, семинарында баяндама жасап, өзімнің іс-тәжірибемнен сабақ беру тәсілімен бөлістім. Қазақ тілі және әдебиеті» журналының №6 санында М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасына» өткізген сабақ жоспарым басылды. Онда   сабақты өткізудің түрлі тәсілдеріне назар аударып, өз тәжірибемнен республика мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген әріптестеріммен ой бөлістім. Кейбір әлі де  шешімін күткен мәселелер төңірегінде ой қозғадым. Өмір бір орнында тұрмайды. Осыған орай, халыққа білім беру саласында ілгерілеп дамып отырады. Бір кезде өлместің күйін  кешіп, одан кейінгі «Тіл туралы» заңның жарық көруіне байланысты. еңсесін тіктей бастаған қазақ мектептері сол, заң қайта қаралып, мемлекеттік тіл қазақ тілімен қатар орыс тілінде ұлтаралық тіл ретінде қарастыруылына байланысты қиыншылықты бастан кешті. Күні кеше балаларын қазақ мектебіне бере бастаған ата-аналар қатары сиреп, қазақ тілінің келешегі қандай деген сауал ашық қойыла бастады. Тіпті, кейбіреулер қазақ мектептерінде сабақ беретін мұғалімдердің білім сапасына күдіктене қарай бастады. Міне, осы ауыр жағдайдан қазақ мектептерінде еңбек ететін ұстаздардың төзімділігі, біліктілігі алып шықты десек артық айтқан емес. Ал, елімізде бір тұтас ұлттық тестілеу басталған тұста қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың ерекше жетістігі қоғамда қалыптасқан қыңыр қисық пікірді сабасына түсірген еді. Сол жылдары  Ш.Айманов атындағы қазақ орта мектебі гимназияға айналды. Мұның өзі мектепте еңбек ететін әр ұстаздың өз жұмысына деген жауапкершілігін арттыра түскені сөзсіз. Ал, өзіме келетін болсам, мен меңгерген «Қазақ тілі мен әдебиет» кабинеті арасында облыста жеңімпаз деп танылды. Сол сияқты «Жас қаламгер» атты элективті курсқа дайындалған бағдарлама облыста бірінші орын алды. Осы жоғарыда аталған мектепте 30 жыл ішінде бірнеше тереңдету сыныптарының жетістіктеріне жете білдім. Сол еңбектің арқасында  2011 жылдың тамыз конферециясында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында тұңғыш рет облыс әкімінің шешімімен жеңіл «автокөлікті» сыйлыққа алдым. Осының барлығы еліміздің тәуелсіздігінің, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халық ағарту саласын қолға алып, жас жеткіншектердің алаңсыз білім алуына, оларға сабақ беретін ұстаздардың жағдайын шешуді үнемі назарда ұстайтынының нәтижесі деп білемін. Оған жылма-жыл жер-жерлерде жаңа мектептер ірге көтеріп, сол оқу орындарының заманауи құрал-жабдықтармен, жаңа оқулықтармен, жас ұстаздармен қамтамасыз етілуі айғақ. Әлі де болса, ұстаздықты жалғастырып, өзімнен кейінгі шәкірттерімді сапалы біліммен  сусындатып, «ізденістер игілікке бастайды» демекші, педогогикалық шеберлігімді одан ары жалғастырсам, деген ойдамын.

Жакина Тұрсынай Өмірзаққызы,

Павлодар облысы Баянауыл ауданы

 Ш.Айманов атындағы қазақ гимназия мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.