Тренингтің міндеттері:
1) өз баласын түсіну мүмкіндіктерін кеңейту;
2) баламен өзара қатынасты жақсы түсіну;
3) баламен өзара әрекеттің жаңа дағдыларын меңгеру.
Балалармен бірге мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсету. Бала тәрбиелеу сапасының жоғарылауына ықпал ету.
Қажетті құрал—жабдықтар: үлестірмелі қағаздар, А4 формат, қалам, доп және мақал-мәтелдер жазылған плакат, т.б.
Әдістері: пікір алмасу, сұрақ-жауап, тест, психологиялық жаттығулар.
Тренинг бағдарламасы:
- «Танысу» жаттығуы.
- Топқа бөлу.
- Ой жинақтау. (Постер қорғау)
- «Жанұя ойыны» сергіту жаттығуы.
- Ситуациялық сұрақтар.
- Бейнеролик «Балалар»
- Сауалнама «Сіз қандай ата-анасыз?»
- «Ашық айтсам..» анкетасы.
- Қорытынды.
Тренинг жүрісі:
Кіріспе сөз:
— Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар!
Бүгінгі біздің «Менің отбасым» атты тренинг-сабағымызға қош келдіңіздер! Ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.
Баланы бастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек, — дегендей, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана.
- «Танысу» жаттығуы.
Ата-аналар шеңбер бойымен тұрып, әрқайсысы өз есіміңіз және балаңыздың есімін, балаңыздың жағымды қылығын атаңыз.
Қандай әсер алдыңыздар?
Не қиындық келтірді?
- Топқа бөлу.
Ата-аналар түрлі түсті таңдайды. Түстер бойынша топ құрып, үстелдерге жайғасып отырыңыздар.
- Ой жинақтау.
Үш топқа тақырып беріледі. Ата-аналар сол бойынша өз ойларын ортаға салады. Постер қорғайды.
1-топ. Баланың сапалы білім алуы үшін ата-ана тарапынан жасалатын жағдайлар.
2-топ. Балаларды теріс әрекеттері үшін жазалаудың түрлері.
3-топ. Бала үшін мұғалім мен ата ана арасында қандай байланыс болуы керек?
4-топ Ассосация: Жанұя
(доп беру арқылы ата-ана жауап береді)
Қызықты сұрақтар:
- Балаңыздың туған күні?
- Тәрбиешісінің толық аты-жөні?
- Балаңыз балабақшаға қай жылы барды?
- Балаңыз қандай өлшемлі аяқкиім киеді?
- Балаңыздың сүйікті асы қандай?
- Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
7.Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
- Балаңызды еркелетіп қандай сөздер айтасыз?
- Балаңызға ашуланғанда, ең алдымен ауызыңызға қандай сөз түседі?
- Балаңыздың ең жақын досы кім?
Ата-аналар ортаға шығып, берілген сұрақтарға тез жауап береді.
- Ситуациялық сұрақтар.
Ата-аналар үстел үстінен үлестірмелі қағаздарды бөліп алып, сұрақтарға жауап береді.
- Балаңыздың өнері, қандай да бір іске қызығушылығы, бейімділігі байқалса, не істер едіңіз?
- Баламен сөйлесе білу де үлкен өнер, 4-6 жастағы бала күніне көптеген сұрақтар қоятын көрінеді. Мысалы: түн неге қараңғы, күн қайда кетті, ұшақ қалай ұшады?…..деген сияқты таусылмайтын сауалдар көп. Сіздің балаңыз да сондай сауалдарды көп қоятын болса жауап беруге тырысасыз ба, әлде елеусіз қалдырасыз ба?
- Сізге тәрбиешілер «Сіздің балаңыз басқа балаларды ұрады» деген бірнеше шағым айтылады. Тағы көрші ата-аналардан да «Біздің баланы ұрды» деген сөз естуге тура келеді дейік. Не істейсіз? Балаңызды қалай тәрбиелейсіз?
- Кейбір ата-аналардың баласының әрбір іс-әрекетіне көңілі толмай: «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың», — деп айтып жататынын байқаймыз. Бала іс-әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?
- Балаңыз балабақшаға барғысы келмесе не істейсіз?
- Балаңыз күнде бірінші сабаққа кешігіп келеді. Қалай жөнге келтіресіз?
- Балаңыз балабақшадағы бір мұғаліммен тіл табыса алмай жүр. Балаңызға қандай кеңес бересіз?
- Сіздің балаңыз топтағы балалармен жиі тіл табыса алмай жатса, балаңызға қандай кеңес бересіз?
- Балаңыздың сабағы, тәртібі жайлы білгіңіз келіп, балабақшаға келіп тұрасыз. Тәрбиешісі сізді қатулы қабақ, ашулы күймен қарсы алды. Сіздің әрекетіңіз?
- Биыл сіздің балаңыздың достарының бәрінде планшет бар, тек сіздің балаңызда жоқ. Күнде «әпер» деп мазаңызды алады, балабақшаға барғысы келмейді. Сіз жұмыссызсыз, не істейсіз?
- Сіздің тұңғышыңызды атасы мен әжесі бауырына басқан. Сабағы қиындап кеткен соң, өздерің қадағалаңдар деп әкеп тастады. Ал балаңыз тәрбиеңізге көнер емес, не істейсіз?
- Сіз қандай ата-анасыз?
Сауалнама
- Кез-келген ісіңізді тастай салып, баламен айналыса аласыз ба?
- Балаңыздың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?
- Балаңызбен қарым-қатынас барысында жасаған қателеріңізді мойындайсыз ба?
- Өз қателігіңіз үшін балаңыздан кешірім сұрайсыз ба?
- Балаңыздың ісі ашуландырған кезде, өзіңізді ұстап, ашуды жеңе аласыз ба?
- Балаңыздың орнына өзіңізді қоя аласыз ба?
- Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге болады ма?
- Өзіңіздің басыңыздан өткен балалық шағыңыздан ескерілетін жағдай айтасыз ба?
- Балаңыздың жүрегін жарақаттайтын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?
- Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып, уәдеңізді орындайсыз ба?
- Балаға қалаған ісін жасауға, өзін ұстауға кедергі жасамай бір күн еркіндік бересіз бе?
- Басқа бала сіздің балаңызға дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе көңіл аудармайсыз ба?
- Балаңыздың көз жасы, дөрекі еркелеуі уақытша екенін білесіз, соған қарсы тұра аласыз ба?
Жауабы:
- Әрқашан жасаймын, келісемін — 3 ұпай
- Кейде ғана келісемін — 2 ұпай
- Келіспеймін — 1 ұпай
0-16 – Бала тәрбиесі — сіз үшін үлкен проблема. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог мамандардың көмегіне сүйеніңіз.
17-30 – Балаға қамқорлық жасау — бірінші кезектегі маңызды іс. Сіздің бойыңызда тәрбиелік қабілет бар, Тәжірибеде әрқашан бір қалыпты, бір бағыттағы мақсатпен әрекет етесіз. Кейде қатал, кейде мүлдем жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.
31-39 – Бала сіздің өміріңіз үшін ең құнды болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай, әрі ойын тануға, сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.
- Бейнеролик «Балалар»
8.«Ашығын айтсам ».
Ата-аналарға төмендегідей бланкілер таратылып толтырылады.
Сабақтың жүргізілген күні————-
Менің тренинг барысында түйгенім———-
Бәрінен де маған мына жаттығу ұнады ————-
Жүргізушіге ұсыныс———
Маған ең пайдалы, құнды болған———-
Мен бұдан да ашық, шынайы болар едім,егер—————-
Маған ұнамағаны—————
Ең жақсы ұнағаны—————
Келесі тренингіде мен келесі жайттарды білгім келеді——————-
Тренинг жүргізуші сізге ұнады ма?—————
Тренинг жүргізушінің орнында мен болсам————-
Тренингті қорытындылау—————————
Қолы————————————
- Қорытындылау. «Тілек шамы»
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
«Міне, қоштасатын да сәт жетті. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып, бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.
Ата-аналардың, қатысушылардың тілектерімен бүгінгі жұмысты қорыту
Қорытынды.
Ата-анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі,
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой-өлкесі,- деп Абай атамыз ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт, арманы – тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін айтқысы келген екен. Ендеше, ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біз оларға үлгі болар бейне екенімізді ұмытпайық. Адам да өмір сияқты, күлмесе жайнап өспейді дейді. Сондықтан да мына жайттарды есімізге ұстайық: «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» — деп ата-бабамыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытыңда көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік. Егер ата-ана мен мектеп өзара тығыз байланыста болса, балаларға бірдей талап қойып отырса, тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары жан-жақты дамыған азамат болып шығары сөзсіз.
Жаукеева Айгерим Саматовна,
№5 «Балбөбек» балабақша тәрбиешісі,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы