Астана қаласы
№48 мектеп-лицейдің
бастауыш сынып мұғалімі Әбіш Гаухаркүл
Биылғы жылдың айтпай кетуге болмайтын ең үлкен мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы.
1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының тәуелсіз, демократиялы, құқықтық мемлекет екені жарияланды. Алайда халық сол 1991 жылдың 16 желтоқсанын ұзақ күтті. Ол тәуелсіздік біздің елімізге оңайлықпен келген жоқ. Тамыры тереңге жайылған сол күндерден сыр шертер болсақ, біздің ел не көрмеді, қаншама қиын-қыстау күндерді, ашаршылық пен соғысты, тіпті тіліміз бен дінімізден айрылып қала жаздап, сан түрлі қиындықты бастан өткердік. Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына төмендегідей бірнеше жағдайлар әсер етті.
Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі ол – желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді. «Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек!» деп Кеңестік билікке ашық түрде қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жан қиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпақ екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық. Осылайша көптен күткен тәуелсіздікке қолымыз тек 1991 жылдың 16 желтоқсанында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайлануы, сондай-ақ ұлттық валютамыз, әнұранымыз, туымыз және елтаңбамыздың пайда болуы Тәуелсіз Қазақстанның ешкімге бағынышты емес ел екенін дәлелдеді.
Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе?! Осыны көре білген көрегенді Елбасы мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіз ел болуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен төл тіліміз қайта жаңғырды.
Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына міне, 25 жыл толып отыр, осы жылдар ішінде қазақ елі бар әлемге танылды. Әрине тек жақсы жетістіктермен. Сол аз ғана уақыт ішінде Қазақстан мемлекеті толағай табыстарға жетті. Әрине сол толағай табыстарға жетуіміз Президентіміздің жүргізіп отырған дара жол саясатының нәтижесі деп білемін. Экономикамыз дамып, халықтың жағдайы жақсарып, көрші мемлекеттермен достығымыз артып, Қазақ елі күн санап, жаңа жоғары белестерді бағындыруда. Ел патшасының бастамасымен негізі қаланған елордамыз – Астана күннен-күнге дамып, адам танымастай өзгерістерге ұшырап, заманауи алып шаһарға айналуда.
Астанада өтетін ауқымды іс-шара – ЭКСПО-2017 көрмесі. ЭКСПО-2017 көрмесі – Қазақстанның елордасы Астана қаласында халықаралық көрмелер бюросымен бірлесіп ұйымдастырылатын халықтық көрме. Көрме 2017 жылдың 10 шілдесі мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Онда таңдалған тақырып: Future Energy, яғни “болашақ қуаты” болып саналады. Бұл да бір ерен еңбектің белгісі. Әлем жұрты Қазақ елін тағы бір қырынан тани түсетін болады. Яғни болашақта Астана – әлем қаласы болары даусыз.
Қазақстан – қазақ елінің ата-бабадан келе жатқан ежелгі жері, аманат елі. Қазақстан тек жер асты байлығымен ғана емес, сан түрлі ұлттардан құралған жер үсті халқының байлығымен де мақтана алатын ерекше ел. Әрине тәуелсіздік бізге оңай келмеді. Дегенмен Тәуелсіздікті алып қана қоймай, оны ары қарай сақтау, яғни бүгінгі бейбіт күнді бағалай келе, тек қана жарқын жетістіктерге, биік белестерге ұмтылу – әрбір қазақпын деген жас буынның мақсаты болуға тиіс. Ендеше осы тәуелсіздігімізді қастерлеп, қадірлеп, аялайық, замандастар!