Home » Мақалалар » МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ — БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ

МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ — БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ

«Бала тәрбиесі — басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп Абай атамыз айтқандай, әлі де қалыптаса қоймаған бала алғашқы тәлім-тәрбиені осы балабақшадан алмақ. Қазіргі заман талабына сай халқымыздың бәсекеге қабілетті ұлт болудың көрсеткіші — білім мен тәрбие деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру өзекті мәселе. Бала тәрбиелеу — ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы — білікті тәрбиеші, жан-жақты білімді ұстаз болмақ.

Менің түсінігімдегі ұстаз — рухы биік, ой-өрісі кең, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен керегіне жаратып, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі — жылы, көңілі — дарқан адам. Осы қасиеттерді мен бала кезімнен отбасымнан сіңіріп өскенмін. Менің анамның еңбек жолы ұстаздықпен жалғасуда. Сондықтан болар бұл мамандық маған өте таныс.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандықтың иесі болғанымды мақтан етемін. Нағыз мықты ұстаз ғана салауатты да саналы, рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыра алады. Тәрбиеші болу — оңай іс емес екенін өзімнің де, өзге әріптестерімнің де тәжірибесінен көріп-білім жүрмін. Бұл мамандық үлкен жүректілікті, асқан ақылдылықты, керек жерінде бала болуды да, дана болуды да талап етеді. Менің өмірдегі бақытым — жүрек қалауымен балалармен жұмыс жасау, олардың қуанышымен күлкісінен нәр алу.  Жалпы адам баласы тәрбиеші болу үшін өзі тәрбие көрген, тәрбиені ұғынған жөн. Тәрбиелі ұлттың тамыры тереңге бойлап, қаланған іргесі қандай ауыртпалық түссе де құламайды. Сондықтан өзім оқыған Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінде тәрбиеші мамандық саласында білім алып жатқандар қатары артылмаса кемір емес. Бәрін түйіндей келе менде болашақ ұрпақ үшін тәрбиеші мамандығын таңдадым. Бұл мамандық мені бірден баурап алды. Шат-шадыман күбірлеген жаста, күнәдән пәк, күмістей сыңғырлаған сәби үні күні-түні қүлағыңнан кетпей, бейне бір ақ, адал жолға жетелеп бара жатқандай күй кешеді екенсің. Өйткені балалардан ешқандай жасандылық көрмейсің. Егер олардың алдында шынайы қалпыңда көрінбесең олар сені қабылдамайды. Саналы да зиялы және білімді буындарды биіктету біздің қолымызда. Елімнің арқасы асқақ, мерейі үстем болуына аз да болса өз үлесімді қосып жатсам, ол мен үшін үлкен абырой болмақ.

 

Кумусай АСЫЛОВА,
№28 сәбилер бақшасының тәрбиешісі,
Павлодар қаласы.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.