Мақсаты: ата-ананың баланы тәрбиелеу мәселесіндегі психологиялық сауаттылығын арттыру, баламен қарым-қатынас орната білуге, баланы тыңдай білуге, жан-дүниесін түсіне білуге үйрету.
Міндеттері:
— Ата-анаға бірлескен түрде тәрбие берудің тиімділігін, нәтижесімен көрсету.
— Бөбекжайға деген көзқарасын өзгерту, жас ерекшелігіне сай бала дамуын айтып түсіндіру.
— Бала тәрбиесіне көңіл бөліп, балабақша мен отбасы ынтымақтастығына белсенділігін арттыру.
Құрал-жабдықтар: бейнетаспа, үлестірмелі қағаздар, шарлар, майшам, проектор.
Барысы:
– Қымбатты ата-аналар, сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші дана халқымыз, бүгінгі кездесуіміздің себебі бала тәрбиесіне арналады. Ата-ана, балабақша, отбасы ынтымақтастығы негізінде бала тәрбиесіне кішкентай кезінен бастап көп көңіл бөліп, түп қазығын дұрыс қалаған жағдайда жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан саналы да сауатты ұрпақ тәрбиелейтініміз бәрімізге аян. Бүгінгі кездесуіміздің тақырыбы: «Менің жанұям – менің бақытым!»
- «Есімдер аллитерациясы» (танысу).
Мақсаты: топта ары қарай жақсы қарым-қатынас орнату үшін қолайлы орта туғызу, танысу.
Ата-аналарға қойылатын сұрақтар:
— Есіміңіз кім?
— Қандай мағына береді?
— Өз атыңыздың алғашқы әрпінен басталатын бойыңыздағы жақсы қасиетті атап өтіңіз.
— Үйдегілер сізді қалай еркелетеді?
- «Көңіл-күй түсі» (психологиялық тест).
Бүгінгі көңіл-күйіңізді қандай түспен бейнелейсіз?
Әр қатысушы өзінің көңіл-күйінің түсін таңдап алады. Қатысушылардың бүгінгі жиынға қандай көңіл-күймен келгендігін проектордан көрсету.
Сары – өзін де, басқаны да қуантып жүретін адамдар.
Көк – байсалдылық, қанағаттың белгісі, қонақжай адамдар.
Жасыл – жүрген ортасында белсенді адамдар.
Ақ – мейірімді адамдар.
Қызыл – алдына мақсат қойса, жетпей тынбайтын жігерлі адамдар.
Қара – «ішімдегіні тап» деп отыратын тұйық мінезді адамдар.
- Психологиялық қарым-қатынас үйлесімділігі
Баланы жастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек, – дегендей, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі, бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі. Демек, балаға тәрбие беру отбасынан басталады. Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп әлпештеп өсірген перзенті ауырып, не басқа бір қатер төнгенде, мойындарына бұршағын салып, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» деп Құдайға жалбарынған.
1. Ал үйде сізде бала тәрбиесіне кім көбірек көңіл бөледі деп ойлайсыз?
- Қазіргі заманның өмір талабына байланысты көптеген ата-аналар балаларын «қайтсем бағамын» деген мақсатпен бала тәрбиесіне көңілдерін өте аз бөлуде. Осы тұрғыда не айтар едіңіз? Мәселен, таңертеңнен кешке дейін базарда тұрған ата-ана үйіне шаршап барғанда, баласының қойған сұрағына да жауап беруге шамасы келмеуі мүмкін.
- Баламның бойынан мені не ренжітеді, не қуантады?
- Үйде балаңызбен қандай ойындар ойнайсыз?
- Отбасыңыздағы қызықты оқиғаны әңгімелеңіз.
- «Қар» жаттығуы
Жүргізуші: – Біз қазір қызықты жаттығу орындаймыз. Негізгі шарты: ешкімге қарамай менің нұсқауымды тындауыңыз сұралады. Алдыңызда қағаз парағы жатыр. Барлық парақтардың пішіндері, сапасы, түсі бірдей. Мені зейін қойып тыңдаңыздар: парақты екіге бүктеңіз.
Жоғарғы оң жақ бұрышын жыртып алыңыз.
Тағы да екіге бүктеңіз.
Тағы да жоғарғы оң жақ бұрышын жыртып алыңыз.
Екіге бүктеңіз.
Жоғарғы оң жақ бұрышын жыртып алыңыз.
Мүмкіншілік болғанша осы әрекетті жалғастырыңыз. Енді өзіңіздің қолыңыздан шыққан әдемі қар бейнесін жазып тамашалауыңызға болады. Топ ішінен өзіңіздің қарыңызға ұқсайтын бейнелерді табу сұралады. Қар бейнелері бірдей болуы керек.
Таптыңыз ба? (ойыншылар жауабы).
Неліктен? Қалай ойлайсыз?
Тұжырым: бірдей адамдар болмайды, сондықтан, нұсқаманың барлығы үшін бірдей болғанымен, қар бейнелерінің түрлі болуы.
Балалар түрлі болады. Олардың қабілеттері, мүмкіншіліктері және тұлғалық сапалары әртүрлі.
- «Бақытты отбасы» тақырыбында «Балалардың көзімен» атты бейнетоптаманы тыңдап, талқылау.
- Үлкендердің көзімен «Отбасы бақыты» топтық жұмысы (майшаммен сурет салу).
- «Тілек шамы» жаттығуы (қорытындылау).
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
– Құрметті ата-аналар! Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ошақ-ұя – жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін тілек шамын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізді бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса, осы жерде айтуларыңызды сұраймын.
Тренинг Е. Хасанғалиевтің «Айналайын» әнімен аяқталды.