Мақсаты: Балалардың Қазақстан Республикасы жайында білімдерін кеңейту. Мемлекеттік рәміздер туралы түсініктерін толықтырып, нақтылау. Өз Отанына деген сүйіспеншіліктерін, туған жері мен елін сүюге, оларды қорғай білуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін арттыру.
Көрнекі-құрал: Қазақстан Республикасының рәміздері, Қазақстан Республикасының картасы. Еліміздің, жеріміздің молшылығын бейнелейтін суреттер. Жер шарының кішкентай макеті (глобус)
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, балалар! Бүгін біздің сабағымыз басқа күндерден қарағанда ерекше, өйткені бізге бүгін көп қонақтар келіп отыр. Келген қонақтармен амандасайық. Ал, енді балалар, орнымыздан тұрып Қазақстан Республикасының ән ұранын орындаймыз. (Әнұран орындау, экраннан Қазақстан Республикасының рәміздері мен көрікті жерлері көрсетіледі).
Тәрбиеші: Балалар, бүгін біздің сабағымыздың тақырыбы: «Менің елім – Қазақстан», яғни біз Қазақстан Республикасы жайында айтып әңгімелесеміз. Әңгімемізді бастамас бұрын мен сендерді шаттық шеңберіне шақырамын.
Шаттық шеңбері:
Алақан мен жылуды, айналаға таратайық,
Бір-бірімізге жақындасып,
Бақыт, күлкі сыйлайық.
Жүректі біз ашайық,
Бақыт нұрын шашайық.
Барлық жақсы тілекті,
Сіздерге біз арнайық.
Тәрбиеші: Балалар, бүгін мен балабақшаға келе жатқанда, хат тасушыны көрдім, хат тасушы маған хат берді. Ол хатты бізге көрші мемлекет Ресейден жіберіпті, қане қазір мен сендерге оқып берейін. Балалар, бұл хатты Ресейдің балалары орыс тілінде жазыпты, ал сендерге мен аударып беремін.
— Здравствуйте дорогие дети из Казахстана! Пишут Вам дети из России. Мы очень хотим подружится с Вами. Напишите нам о себе, расскажите о своей Родине. Мы посылаем Вам свой рисунки: это мы в национальной одежде. Ждем вашего письма.
Балалар, мына хатта біздің көрші мемлекеттік балалары бізбен танысып, дос болғылары келетіні жайында жазыпты және біздің Қазақстан Республикасы жайында не білетініміз туралы айтып бергендерімізді сұрайды.
Балалар, сендер Қазақстан Республикасы жайында не білесіңдер? Отан туралы не білесіңдер? Отан деген не?
Балалар: Отан деген – еліміз, жеріміз, отбасымыз, Отан деген – Қазақстан Республикасы, Отан дегеніміз – Астанамыз, қаламыз, балабақшамыз, табиғатымыз, көліміз, тауларымыз. (Балалар Отанға деген сүйіспеншіліктерін тақпақтар арқылы білдіреді).
1-бала
Отан сенің ата-анаң,
Отан досың-бауырың.
Отан өлкең-астанаң,
Отан аудан-ауылың.
Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елін, өз халқын.
Отан – өлең, Отан – жер.
Көтерген көкке ел даңқын.
Отан осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
Отан деп өсіп жас жаның,
Оны ардақтап сүйе біл.
2-бала
Отанды біз Атамекен
деп аялап айтамыз.
Өйткені оны мекен еткен —
Бабамыз бен атамыз.
3- бала
Отанды жас, кәріміз де
Туған жер деп сүйеміз.
Өйткені онда бәріміз де
Туып, өмір сүреміз.
4-бала
Отан деген – атамекен,
Отан деген – туған жер.
Отан – ана, Отан — үлкен,
Қазақстан – туған ел.
Тәрбиеші: Балалар, көрдіңдер ме, осы әсем тақпақ жолдарында қаншама Отан туралы жақсы сөздер айтылған, Отанды қандай жақсы сөздермен жеткізген. Отан – сенің ата-анаң, Отан-туған жер, Отан – Бұл Қазақстан Республикасы. Сондықтан біз Отанды жоғары бағалап, қадірлей білуіміз керек.
Балалар, енді барлықтарын назарларыңды мына Қазақстан Республикасының картасына аударыңдар.
Айтыңдаршы, балалар, біз қай Республикада тұрамыз?
Балалар: Біз Қазақстан Республикасында тұрамыз.
Тәрбиеші: Дұрыс. Біздің Қазақстан Республикасының елордасы қай қала?
Балалар: Астана қаласы
Тәрбиеші: Дұрыс. Ал Қазақстан Республикасының Елбасы кім?
Балалар: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәрбиеші: Өте жақсы, балалар. Ал біздің Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына неше жыл болды?
Балалар: Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 20 жыл болды.
Тәрбиеші: Өте жақсы, дұрыс балалар.
Балалар, айтыңдаршы, сендер қандай Қазақстан Республикасының рәміздерін білесіңдер?
Балалар: Әнұран, ту, елтаңба.
Тәрбиеші: Өте жақсы. Ал ендеше осы мемлекеттік рәміздер туралы тақпақ айтып беріңдерші. (Балалардың қолында әнұран, ту, елтаңба)
5-бала
Қазақстан рәміздері – елдігімнің белгісі,
Білу керек балаға дейін ең кіші.
Ән ұран, көңілдір ту, елтаңба,
Рәміздерді жатқа білсін әр кісі.
6-бала
Ән ұраным — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім- сағынарым,
Жүрсем егер дүние кезіп.
7-бала
Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда,
Биікке іліп қояды.
8-бала
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұнқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Тәрбиеші: Балалар, көрдіңдер ме, біздің Қазақстан Республикасының рәміздері қандай әдемі, осы рәміздерді әрқашан естеріңде сақтап, құрметтеп, бағалай жүру керексіңдер.
Тәрбиеші: Балалар, ал енді мен сендерді ойын ойнауға шақырамын. Ойынның аты: «Жылы сөздер»
Ойында біз сендер мен өз Отанымызға, туған жерімізге, Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікті жылы сөздер арқылы білдіреміз.
- Менің Отаным өте сұлу
- Менің Отаным өте әдемі
- Менің Отаным өте бай
- Менің Отанымда өте ақылды адамдар тұрады
- Менің Отанымда өте бауырмалы адамдар тұрады
6.Менің Отанымның табиғаты тамаша
- Мен Отанымды мақтан етем
- Менің Астанам өте көркем
- Менің балабақшам өте әдемі!
- Менің Отанымда ормандар, көлдер көп!
- Мен туған қаламды Көкшетауды өте жақсы көремін!
- Менің Отанымда халық тату тұрады!
Тәрбиеші: Балалар, көрдіңдер ме, бұл ойында сендер өздеріңнің туған жерлерінді, табиғаттарыңды қалай ұнататыңдарыңды білдірдіңдер.
Данил атты баламыз айтқандай, біздің Республикамызда шынымен көп ұлттар тұрады.
Балалар: Орыс, татар, неміс, өзбек, қырғыз, беларусь, шешен т.б. ұлттар Қазақстан Республикасыңда тату өмір сүріп келе жатыр.
Тәрбиеші: Балалар, Қазақтан Республикасының табиғаты өте бай, өте әдемі.
(слаидпен Қазақстан Республикасының көрікті жерлерін көрсету)
Балалар, айтыңдаршы, Қазақстанда не көп, қандай байлықтар бар?
Балалар: Өзендер, көлдер, аңдар, құстар, егін көп.
Тәрбиеші: Өте жақсы, балалар. Ендеше біз осы аталған байлықты Қазақстан Республикасының қартасына жапсырамыз.
(балалар әсем музыка әуенімен қима қағаздарды Қазақстан Республикасының картасын жапсырады).
Тәрбиеші: Қазақстан күннен күнге өркендеп, гүлденуде. Біз осындай елде тұрғанымызға бақыттымыз, балалар, біз бақыттымыз ба?
Еркін, ұшқыр тәуелсіз елім,
Сүйікті Республикам менің.
Гүлдене бер сен әрқашанда,
Бостандық елім- Республикам менің!
(Балалар кішкентай жүрекшелерді жер шарына жапсырады)
- Еліміз аман болсын!
- Әр қашан күн күлім деп тұрсын!
- Көк туымыз биік болсын!
- Аспанымыз ашық болсын!
- Әрқашан соғыс болмасын!
- Күніміз жарқырай берсін!
- Елбасымыз жасай берсін!
- Табиғатымыз сұлу болсын!
- Суларымыз-мөлдір таза болсын!
- Балабақшамыздың шаңырағы биік болсын!
- Болашағымыз жарқын болсын!
- Астанамыз көркейе берсін!
Тәрбиеші: Міне, балалар, барлық махаббатпен, сезіммен жасалған Қазақстан Республикасының картасын біз көрші мемлекет Ресей балаларына сыйлыққа жібереміз. Осы картадан-ақ түсінеді, Қазақстан Республикасы қандай бай көрікті, тату мемлекет екенін. Рахмет сендерге, балалар, сендер бүгін көп жұмыс жасадыңдар.
Калабаева Гульзия Джаумитбаевна,
№18 «Мереке» балабақшасының тәрбиешісі,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы