Home » Ашық сабақтар » Менің болашақ мамандығым!

Менің болашақ мамандығым!

«Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің  арқасында биік белестерге жетеді.»
Н. Ә. Назарбаев

 Мақсаты: Бейінді оқыту бағдарын таңдауда көмектесу, кәсіби қызығушылығын анықтау; Мамандық әлемі туралы ақпарат алу арқылы, мамандық туралы көзқарасын дамыту; Нарық заманында мамандықбағытын таңдауда дұрыс шешім қабылдау көзқарасын қалыптастыру.

Міндеті: Оқушыны өзінің қабілетін, бейімділігін, қызығушылығын мамандыққа сай тани білуге үйрету.

Көрнекіліктер: «Мамандықтар» суреті, жағдаяттық сұрақтар.

Сабақтың әдісі: Пікір алмасу.

Сабақтың жоспары:

  1. Кіріспе! Мамандық таңдау ережесі
  2. «Әріпке мамандық ойла» сергіту ойыны
  3. «Бүгінгі менің ойым» жаттығуы
  4. «Сенімділік образы» жаттығуы
  5. «Кездескенше» жаттығуы
  6. Мамандықты қалай таңдаймыз?

Мамандық дегеніміз адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы. Мамандық таңдау жасөспірім  кезеңдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Әр адам ерте ме, кеш пе өз өмірінде «Мен қандай мамандық иесі боламын?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Үлкен өмірге қадам басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен өзі қызықпайтын мамандықты таңдайды. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері пайда болып, тіпті алдарына жоспарда құрғысы келмейді. Сондықтан, адам өзінің жеке қасиетін, өзін-өзі тануын және жетістікке жетудің бір жолы өзіңе қойып оған жауап іздеу болып табылады.

Бүгінгі білімді жас егемен елдің ертеңі болу үшін мамандықты дұрыс таңдағаны жөн. Өйткені, XXI ғасырда жұмыс істейтін мамандар Отанның мақсат мүддесін алдыңғы орынға қоятын мемлекеттік басқару мен өз саласын жетік меңгерген маман болу қажет.

Мамандық таңдау ережесі: (психологтың сөзі)

  1. Барынша көптеген мамандықтарды зерттеу керек және сіз тіршілік еткен аймақта қандай мамандықтар керектігін анықтау қажет.
  2. Барынша өзіңе ұнамды және ыңғайлы мамандықты таңдауың керек.
  3. Мамандықтың мазмұны, қызықты қырлары, жұмыс тәртібі мен жағдайы туралы сұрақтарға жауап бере алғанда ғана сенің таңдаудағы ой-ниетің салмақтана түспек.
  4. Алдағы өмірлік жоспарың қандай болмасын, шетел тілін үйреніп, компьютерде жұмыс істеуді игерген аса пайдалы.
  5. Заманның ағымына қарай кейбір мамандықтар тез өзгеріп, оның орнын жаңа мамандықтар басып жатыр. Сондықтан кез келген жағдайда қосалқы таңдаған мамандық болу керек.
  6. Мүмкіндігігінше таңдаған мамандықтың өзіңнің денсаулық жағдайыңа тура келетін-келмейтіндігі жөнінде кеңес алған жөн.

«Әріпке мамандық ойла» сергіту ойыны. Оқушыларға әріптер жазылған үлестірмелі қағаздар таратылып беріледі. Сол қағаздағы әріптерге сай мамандық аттарын атап, қажетті тұстарын айтуы керек. Аталған мамандықтар иесі болуымыз үшін не істеуіміз қажет? – деген сұрақ қоя отырып, «Бүгінгі менің ойым» сұрақ-жауап ойынын ойнаймыз.

  1. Сен қандай мамандық иесі болуды армандайсың?
  2. Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек?
  3. Адам бірнеше мамандықты меңгерсе, оның өмірі қандай болады?
  4. Қазіргі таңда біздің мемлекетімізге қандай мамандықтар қажет?
  5. Адам өз мамандығын таңдаған кезде, нені басшылыққа алу керек?
  6. Сен өзіңе ұнаған мамандықты таңдадың, бірақ ол мамандыққа ата-анаң қарсы. Сен ол кезде не істер едің?
  7. Ата-анаң саған бір мамандықты таңдап берді, бірақ ол мамандық саған ұнамады. Сен ата-анаңның шешіміне қарсы боласың ба?

 «Сенімділік образы» жаттығуы

Мақсаты: қатысушыларға өзіне сенімділікті нықтап қалыптастыруға үйрету.

Нұсқау: көздеріңді жұмып, өздеріңді сенімділікке алып келетін қалыпты елестетіңдер. Енді елестеткен бейнелеріңді суретпен бейнелеңдер.

Талдау:

  • Қандай жағдай қиын немесе жеңіл болды?
  • Бұл символ саған қалай әсер етеді?

«Кездескенше» жаттығуы

Алдарыңа бір парақ беріледі. Қайшы қаламсыз бір-біріңізге сыйлық жасаңыдар.

Талдау:

  • Сендерге тренинг ұнады ма?
  • Не ұнаған жоқ?
  • Тренинг сабақ керек пе, ол мамандық таңдауда көмектеседі ме?

Сендер осы сыйлықтарды бір-бірлеріңе беріп, тренингтен алған әсерлерің, бүгінгі күннен өзің үшін қандай қорытынды жасадың, ойландыратын жағдай болды ма? Пікірлеріңді білдіріп, жылы тілек тілеңдер.

Қорытынды:  Бүгінгі пікірлесу сабағымызды мына өлең жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіздер.

Еңбек етсем, ертеңгі — бақытыма сенемін,

Мақсатыма жеткізер – уақытыма сенемін.

Достық іс пен қасты да – жеңерісе сенемін,

Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін.

Арым таза, ақ көңіл адалдыққа сенемін,

Абыройлы, ақ ниет – адамдыққа сенемін! – дегендей ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі боламын десеңіздер бүгінгі кездесуде айтылған ақыл кеңестерді жадыңызда ұстап ілім — білім алуға барлық күш жігеріңізді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңгі болашақ маман иелері болуларыңызға тілектестігімді білдіремін!

 

Тәліп Ақмарал Ермекқызы,
Шона Смаханұлы атындағы
№44 орта мектебінің психологы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.