Ағымдағы жылдың 23-ақпанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде жауапты хатшының төрағалығымен Министрліктің орталық аппараты, үш комитеті қызметкерлерінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің, орталық мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері мен мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік қызметшілердің әдебі: жұмыс қорытындылары мен перспективалары» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Министрліктің, ведомстволардың және аумақтық бөлімшелердің әдеп бойынша жұмыс қорытындылары туралы БҒМ-нің әдеп жөніндегі уәкілі Ерік Айдабулин сөз сөйледі.
2017 жылдың 4-тоқсанынан бастап БҒМ-нің орталық аппаратына әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Ал комитеттер мен аумақтық департаменттерде бұл лауазымдар міндеттері ұжым ішінде абырой мен атаққа ие болған қызметкерлерге жүктелді.
Есепті кезең ішінде білім және ғылым саласының әдеп жөніндегі уәкілдері 112 түсіндіру жұмысын жүргізді, оның ішінде: 56 дәріс пен семинар, 3 бейнесюжет, БАҚ-тағы және интернет ресурстарындағы мақалалардың жарияланымы — 53.
Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың 65 жеке қабылдауы іске асырылды. Білім саласындағы бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің әдеп жөніндегі уәкілдерінің түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қызметтік әдеп номаларын және ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға мониторинг жүргізу мақсатында әдеп жөніндегі уәкілдер 263 мемлекеттік қызметшіден анонимді сауалнама жүргізді.
ҚР МҚІСЖҚІА Мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаевтың айтуы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл институты жақында ғана енгізілді, сондықтан институттың қалыптасуы кезеңіне қатысты мемлекеттік ұйымдарда туындаған сұрақтар қалыпты жағдай. Осыдан басқа, күн тәртібінде қаралатын маңызды мәселелер – мемлекеттік қызметшілердің санасын өзгерту және адамгершілік құндылықтарды бойға сіңірту. Уәкілетті әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде бастамашылдық пен жеделдік танытулары тиіс. Жалпы алғанда 2016-2017 жылдар аралығында БҒМ-нің 60 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Жоғарыда көрсетілген нәтижелер мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін арттыру мен жетілдіруді, оның ішінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық нормалардың сақталуы бойынша жұмыстардың қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар, БҒМ-нің Әдеп жөніндегі уәкілі туралы БҒМ қызметкерлерінің хабардар екендігі байқалды, яғни 76%-ы уәкіл туралы білетіндігін көрсетті. Қызметкерлердің 69%-ы қандай бір мәселелермен уәкілге жүгінетіндігін біледі. Бастамасы жаман емес, алайда әдеп жөніндегі уәкіл жұмысы жетілдіруді қажет етеді.
«Білім» ҒЗИ жобасының жетекшісі Алия Оразғалиева мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін анықтау бойынша әлеуметтік зерттеудің нәтижелері айтып өтті. Оның айтуы бойынша, жүргізілген сұрау нәтижелеріне сәйкес азаматтардың 73%-ы мемлекеттік қызметшілер әдебінің жоғары екендігін атап өткен. 65,5%-ы мемлекеттік қызметшілер әдебін қанағаттанарлық деп санайды. Тұрғындар арасында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде мемлекеттік қызметшілердің сыпайылығы мен кәсіби әдебіне қанағаттануы 76%-ды құрады.
Кеңес қорытындылары бойынша аталған бағыттағы жұмысты жетілдіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдамалар әзірленді.
Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»,
Астана