Мақсаты:
Балаларға мемлекеттік тілдің өркендеп, оянуына, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт-дәстүрі, діні, тілі болатынын түсіндіру. Балалардың сөздік қорын молайту, еркін сөйлеуге баулу.
Көрнекілік: Тақырып жазылған сөз, қанатты сөздер. ҚР мемлекеттік рәміздері, шарлар.
Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, тақпақтар, мақал-мәтелдер.
Өткізу барысы:
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, құрметті балалар, қонақтар! Балалар, бүгін ерекше күн екен. Бүгін біздің ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – Менің тілім!» атты тәрбие сағатына кош келдіңіздер. Біздің тәрбие сағатымызға көптеген қонақтар келіп отыр. Олай болса, балалар, қонақтармен амандасып алайық.
Балалар шеңберге тұрып, тәрбиешімен бірге бүгінгі күндеріне сәттілік тілейді.
Шаттық шеңбері:
Арайлап таң атты,
Алтын шуақ таратты.
Қайырлы таң, балалар!
Қайырлы таң, апайлар!
-Балалар, біз бәріміз бір үйдің балаларындай тату-тәтті доспыз. Қане, бір-бірімізге деген достығымызды нығайту үшін жақсы тілектер айтайықшы.
Балалар: Күніміз жарық болсын. Перизат
Аспанымыз ашық болсын Арайлым.
Деніміз сау болсын. Жансұлтан
Еліміз тыныш болсын! Фариза
Досымыз көп болсын. Сарбиназ
Балабақшамыз жайнап тұрсын. Нұрасыл
Нанымыз көп болсын. Арсен
Тәрбиеші: Иә, балалар, осындай жақсы көңіл-күйімізбен орындарымызға жайғасайық.
— Жарайсыңдар, балалар. Олай болса ерекше күн деп есептеп, ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – Менің тілім!» атты тәрбие сағатымызды бастайық.
Ғажайып сәт:
— Есік қағылып, ішке шет мемлекеттен қонақ келді. Ол біздің елімізге ұшақпен жетіпті. Оның арманы біздің еліміз туралы көп білгісі келеді екен.
— Сәлеметсіңдер ме, балалар?
— Балалар, бұл қай мемлекет?
— Қазақстан Республикасы.
— Бұл мемлекеттің бас қаласы қай қала?
— Астана қаласы.
— Мен сендердің мемлекеттерің туралы толығырақ білсем деп отырмын.
— Сендер маған көмектесесіңдер ме?
— Иә, көмектесеміз.
— ҚР Елбасы кім?
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
— ҚР-ның мемлекеттік тілі қай тіл?
— Қазақ тілі.
Тәрбиеші: Қане, балалар, біз қонағымызға мемлекетіміздің әнұранын айтып берейік.
Балалар: Әнұранды орындайды.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
Біздің Отанымыз – байтақ та бай ел. Елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Әр халықтың өз ана тілі бар.
— Балалар, қандай ұлттарды білесіңдер?
— Өзбек, Татар, Орыс
-Дұрыс айтасыңдар, балалар. Осы халықтар Қазақстанда тұрса да өз тілдерінде еркін сөйлесе алады. Бірақ Қазақстан Республикасында тұрғаннан кейін, біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып есептеледі. Осы тілді біз білуіміз керек, құрметтеуіміз керек.
Ұлан-ғайыр ата-мекеніміз қандай кең болса, пейіліміз де керемет бай.
Тіл – таусылмайтын байлық.
-Қазақ тілі – біздің ана тіліміз!!! Ал, қазір балалардың тіл мерекесіне арнап жаттаған өлеңдерін тыңдайық.
Арсен: Ана тілім – арың бұл
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тілінді құрметте.
Перизат: Ана тілім – бал тілім
Өзің барда шалқыдым.
Өз тілімде ән шырқап
Термелетіп балқыдым.
Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей анамның.
Жансұлтан: Тәуелсіз Қазақстанның,
Бал тілді бүлдіршінімін.
Мерекесі тілімнің,
Тойлаушының бірімін.
Даир: Өсірген ой-білімді
Сүйем туған тілімді.
Нұрасыл: Тілім – бойда тұмарым,
Жарық берер, шырағым.
Ана тілді құрметте,
Жұртын сүйген ұланым.
Арайлым: Қазақстан халқының
Қазақ тілі – тірегі.
Ана тілде айтылар
Әнұраны – жүрегі.
Сарбиназ: Ана тілім – ұраным
Ана тілім – құралым
Ана тілі болмаса,
Болмас еді жыр әнім.
Мади: Жанымнан да қымбат,
Ана тілім маған.
Ана сөзін тыңдап,
Үлгі, өнеге алам.
Фариза: Ана тілім – тірегім
Ана тілім – жүрегім.
Қасиетті елімнің
Тек өзің деп білемін.
Сезім: Тіліңді үйрен күнде сен,
Ол іс емес жай ғана.
Өз тіліңді білмесең,
Білгішпін деп ойлама.
Тәрбиеші: Рахмет, балалар, енді барлығымыз орнымыздан тұрып, сергіту сәтін жасайық!
Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрайық,
Алақанды қағайық.
Бір отырып, бір тұрып
Орнымызды табайық.
Тәрбиеші: Балалар, мен бір жұмбақ жасырайын сендер жауабын табасыңдар ма?
Балалар: Иә
Жұмбақ шешу: Тілден ұшып, құлаққа қонады.
(Сөз)
Жағалай-жағалай тас қойдым
Жирен атты бос қойдым. (Тіл, тіс)
Үнемі ауызды бұлтындайды
Бірақ жұтылмайды. (Тіл)
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, рахмет, балалар!
«Мақал-сөздің мәйегі» демекші, туған тілімізге қатысты тіл өнеріне байланысты мақал-мәтелдер айтайық. Қане, кім айтады?
Перизат: Өнер алды — қызыл тіл.
Арсен: Тіл қылыштан өткір.
Арайлым: Тіл тас жарады,
Тас жармаса бас жарады.
Асия: Жақсы сөз – жарым ырыс.
Қонақ: Маған өте ұнады. Жарайсыңдар, балалар! Сендердің өнерлеріңді көрдім, рахмет сендерге. Енді сендермен ойын ойнағым келіп тұр.
Қонақ: Балалар, тақтадағы суретке назар аударайықшы.
Бұл күліп тұрған – күннің көзі.
- Не жетіспейді?
Балалар: Күннің шуағы жетіспейді.
Қонақ: Дұрыс айтасыңдар. Олай болса, сұрақтарға жауап беріп, күннің шуағын толықтырып жапсырайық.
Балалардың жауабы:
- Тіл не үшін керек?
- Біздің Отанымыз?
- Елордамыз қалай аталады?
- Қазақстанда қандай ұлттар тұрады?
- Біздің ұлтымыз қандай?
- Біз қай тілде сөйлесеміз?
- Біз әртүрлі ұлттармен қалай тұрамыз?
Балалар күннің шуағын толықтырады.
Қонақ: Балалар, қараңдаршы, күннің көзі күлімдеп шуағын шашып, нұрланып шыға келді.
Жарайсыңдар, маған барлығы қатты ұнады. Менің кетуім керек. Сау болыңдар!
Қорытынды: Сұрақ-жауап
Тәрбиеші: Балалар, бүгін бәрің сабаққа жақсы қатыстыңдар. Рахмет сендерге!
Балалар:
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау саламат болайық!
Тәрбиеші: Осымен біздің Тіл мерекесіне арналған оқу іс-әрекетіміз өз мәресіне жетті.
— Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деп айтқанындай, сендер осы ана тіліміздің мәртебесін биікке ұшыратын сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болуларыңа тілектеспін.
Демеубаева Бакыт Масалимовна,
№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,
тәрбиеші,
Астана қаласы