Home » Мақалалар » Мемлекеттік тілді оқытуда оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың  маңызы

Мемлекеттік тілді оқытуда оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың  маңызы

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы, өйткені ол барлық Қазақстан азаматтарын біріктіреді. Қазақ тілі қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесін, құндылықтарын, үмітін, өмір сүру стилін, қиындықтар мен жеңістерін, сонымен бірге халық шығармашылығын көрсетеді.

Жаһанданудың қазіргі кезеңінде жоғары сапалы білім – елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда.

Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселенің өзектілігі әлі де өз күшінде. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты сауалдар оқу бағдарламасымен және оны жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Оқушылар оқу арқылы мәдени, эмоциялық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан дамуға мүмкіндік алады. Оқу — оқушылардың жаңа білімді меңгеруіне де, сондай-ақ алған білімін әрі қарай дамытуына да мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде елімізде жаңартылған білім беру мазмұны аясында мұғалімдер курстан өтіп, теорияны тәжірибеде іске асыруда. Оқу бағдарламасындағы стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Осы орайда, орыс тіліндегі мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасының орны айтарлықтай ерекше болып табылады. Бағдарлама аясында білім деңгейі жоғары, ой-өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді алдыға қойса, ал мұғалімнің міндеті оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландырып, әңгіме, поэзия, драма, сондай-ақ ғылыми және бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын (газет-журналдар т.б.) сын тұрғысынан оқи отырып, өз түсініктерін дамытуға жол ашады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақта қазақ тілі кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналатынын айтып, тілдің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Демек, көпшілік ортада қазақ тілінде еркін сөйлеуге әрбір азамат жауапты, мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сондықтан да пәннің маңыздылығы қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесімен айшықталады. Осы орайда, қазақ тілін жүйелі әрі сапалы меңгертуде оқу материалдары қазақ әдебиеті шығармаларымен кіріктіріле беріліп отыр, яғни, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту аясында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамыту нәтижесінде оқушылар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас барысында тиімді қолдануға мүмкіндік беретіндей білім алады.

Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқу бағдарламасы осы талаптарға сәйкес тілдік бірліктерді және олардың тіркесімділігі мен қолданылу ерекшеліктері туралы білімді меңгертеді. Осының нәтижесінде оқушылар сөздік қорларын тақырып аясындағы жаңа сөздермен және фразеологиялық тіркестермен толықтырып, оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым дағдыларын жетілдіреді, нақты тақырыптар бойынша рөлдік ойындардың көмегімен тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіріп, қазақ және орыс мәдениетін, сондай-ақ басқа да халықтардың мәдениетін түсініп, құндылықтарын бағалауды үйрету көзделуде. Оқушылар қазақ тілін үйрене отырып, айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым дағдыларымен қатар түсіну және жауап беру, анализ, салыстыру және бағалау дағдыларын дамытады, сонымен бірге, оларды қоғамда тиімді қолдана білуді үйренеді. Тілді меңгеру әлемдік деңгейде жаңа өзгерістерге бейім, жаңашыл, ұлттық құндылықтарды түсінетін жеке тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы қазақ тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сонымен қатар, тіл нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету іске асырылады.

Оқу бағдарламасының тек пәндік білім мен білікке ғана емес, сонымен қатар, кең ауқымды дағдылардың қалыптасуына бағытталу оның ерекше өзгешелігі болып табылады. Бәсекелестік заманда оқушылардың білімін функционалдық тұрғыдан және шығармашылықпен қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және өз бетінше жұмыс істей алу, проблемаларды шешу және шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларды дамыту — мұғалімнің міндеті.

Сондықтан да осындай дағдылар дамытудың арқасында оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейін де жетістікке жетуінің кепілі болып табылады.

 

Аманова Гульхан Сабырханқызы,
«Өрлеу» БАҰО Жамбыл облысы бойынша
 ПҚБАИ тренері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.