Home » Білім және заң » Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтер конкурс арқылы қабылданады-А. Аймағамбетов

Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтер конкурс арқылы қабылданады-А. Аймағамбетов

ҚР Парламентінің Сенатының жалпы отырысында депутаттар білім саласына қатысты  бірнеше маңызды жаңа нормаларды қамтитын заң жобасын қарастырып, қабылдады.  Заңда қандай мәселелер қамтылғаны жайлы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Министрдің пайымынша, заңда сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын екі ерекше норма бар. Біріншісі педагогтарға қатысты. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни, мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды. Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді. Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады. Сәйкесінше, педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болады. Педагогтердің кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, екінші норма басшыларға қатысты. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі. Ротациялау институты мемлекеттік қызметте, бизнес құрылымдарында және басқа да бағыттарда енгізілген. Алайда білім беру саласында ротациялау тәртібін қолдану мүмкін болмады. Тіпті, мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың көбісімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сәйкесінше көбі лауазымдық қызметті жылдар бойы атқарады. Дегенмен олардың арасында ұйымдағы жұмысты жақсарту үшін бар күшін, ынта-жігерін салып еңбек етіп жатқан білікті басшылардың да бар екені жасырын емес. Тек жылдар бойы бір орында жұмыс істесе де тиімділігін жоғалтпағандар санаулы. Кейбір жағдайларда жұмысқа деген ынтаның төмендеуі, мотивацияның жоғалуы немесе сол ұйымдағы басқа мамандардың да қызметтік өсуге деген ниеті болуы – заңды ұғым. Яғни, басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да бар, кемшіліктері де көрініс тауып жатады. Жалпы басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі. Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша білім басқармалары жүргізетін болады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.