Home » Білім және тұлға » «Мемлекетке қызметің — еліңе қызмет етуің»

«Мемлекетке қызметің — еліңе қызмет етуің»

Нағыз мемлекеттік қызметкер дегеніміз– елдің мүддесі үшін өз күшін, уақытын аямай еңбек ететін тұлға.

 «Жастары жалын жүректі,
өршіл намысты, биік рухты болса,
ол елдің еңсесі биік болады».
Н.Ә. Назарбаев

     Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білген егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.
Елге деген ыстық сезімімді жетесіне жеткізген, бодандықта бор болған төзімділікті қыл көпірден өткізген, өз елім, өз жерім деп өзек өртеп, өршіл рух сыйлаған, санамызды улаған сансыз «ертегіден» есті жинаған, қасқайып қазақ атын мың қайталап жүрек отын тұтатқан, бойында күш-жігері, кеудесінде қуаты тасыған, егемен еліміздің еңселі байрағын ұшы қиыры жоқ көгімде нық көтеруге ұмтылған, қырандай қарыштаған — Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!
Елбасы, Н.Ә. Назарбаев жолдауында «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер»,  — деп пайымдаған. Сондықтан, Қазақстанның жаңа даму кезеңі – тікелей жастардың қолында. Ата-бабамыздан қалған осынау кең байтақ даламызды қорғау, оның мәңгілік иесі болу, армандаған, ардақты болған азат күннің иесі де — осы біздер, олай болса, бүгінгі күннің жалындаған кемел жастары қандай қарекет етуде, осындай сұрақтардың жауабын табу қазіргі күннің басты мәселісіне айналып отыр.
Ия, менде осы  қазақ десе алдына жан салмайтын, оның жолында жанымды құрбан етуші жастардың бірімін. Елімнің өсіп-өркендеуіне менде өз үлесімді қосқым келеді. Ата-бабамның қажыр- қайсарлығынан қуат, өрелі өшпес сөздерінен өнеге, тағылымды тәрбиесінен тәлім, батылдығынан бойымызға жігер жинаған қазақтың қара домалақ қызы боламын.
Қазіргі таңда мен,  Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Асықата кентінде «Қайнар» мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқушыларға сабақ беремін. Осы білім ошағында тәлім беріп, ұстаз ретінде келешегім үшін,  елімнің, дархан халқымның болашағы үшін ұмтылып, өзімнің сүйікті кәсібіме адал қызмет етуге барынша еңбек етудемін. Мен келешектің айнасымын, өйткені, келешек бізден басталады.  Маған білім нәрін құйған ұстаздарымның аяулы  үмітін иығыма артып, елім үшін қызмет істейтін жалынды жастар қатарында мен де бармын.  Өз елімнің көркемдеп, әлемдік дейгейге көтерілуіне өз үлесімді қосып, дамытуым үшін өз мамандығымның белсенді иесі болуым керек. Елімнің дамуына мамандығым арқылы ғана үлескер ісіне үміткер бола аламын.
Ұстаздық деген  – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала. Бұл өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық. «Баланы бастан» дегендей, еліміздің ертеңін жас бүлдіршіндер сақтайды ғой. Сондықтан елімнің еңтеңгі күні жарық болуын қалаймын. Балаларға сапалы білім беріп, тәрбиелеп, менің ұстаз болуыма өз септігін тигізген қымбатты ұстаздарымның ақ ізін жалғастырып, мемлекетке, еліме осылай қызмет еткім келеді.
Жалпы алғанда  қандай мамандық болмасын барлығы да елге адал қызмет жасау керек деп ойлаймын.  Ғұлама ғалым, данышпан дәрігер, ержүрек  ғарышкер, білімді ұстаз,  тілі бай шешен,  ел басқарар көсемдердің барлығы жұмылып бір  мақсат үшін әрекет етсе еліміз дамып, халық арасында жоқшылық пен кедейшілік азайып, бақытты ғұмыр кешетініміз айдан анық. Адам  кім болып жұмыс істесе де, барлығы маңызды, бірақ соның ішінде мемлекеттік қызметте  жасаған жұмысының маңыздылығы басым болып келеді.
Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? Осы сұрақ бүгінде күн тәртібіне жиі ұсынылып, жан-жақты талқыланатын маңызды мәселеге айналды. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, халықпен тікелей байланысатын, көпшіліктің көңілін күпті еткен түйінді жайларды шешуге бірден-бір өкілетті тұлғаға қойылатын талаптар өлшемі уақыт ағымына сай жаңа сатыға көтерілді.
Қазіргі жастар жақсы өмірге, билікке, мансапқа бәрі-бәріне тез қол жеткізуге құмар екені бәрімізге аян. Тезірек қолыма билік тисе екен немесе жұмсақ орындық иесі болсам деп армандайды. Бірақ бәрі адал еңбектің жемесі екенін кейбіріміз түсіне  бермейміз. Менің айтпағым, тек мемлекеттік мекемеде ғана емес, елге қызмет ету үшін кез-келген адал еңбек арқылы да өз мүддеңді орындай аласың. Еліміздің экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартып, дамыту үшін бізге дәрігер де, мұғалім де, инженер де, әнші-күйші де, журналист – жазушы да, жүргізуші, ұшқыш та, тас қалаушы, ағаш шебері де, аула сыпырушы, етік жөндеуші де, сатушы, жүк көтеруші де керек мамандық. Сол жұмыс, мамандықтар арқылы Отаныңның гүлдеп, көркеюіне үлес қосуға болады.
Біз соңғы уақытта «Отаншылдық, ұлттық рух, елін-жерін сүю, қастерлеу, мемлекетке, халқыңа адал болу» деген сөздерді жиі айтамыз. Шын мәнінде отаншылдық – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, халқыңа адал, мемлекетіңе қалтқысыз қызмет ету. Кең даланы еркін жайлаған ата-бабаларымыз ел мүддесі жолында басын бәйгеге тіккен. Ешуақытта бас еркіндігін баянды елдіктен жоғары қоймаған. Біздің де мақсат-мүддеміз халыққа, мемлекетке адал қызмет етуге арналуы керек.
Көзбен көріп тұрғанды қолмен жасыра алмайсың ғой. Қазіргі жастардың табиғаты ерекше.  «Сен тұр мен атайын» заман жастарының аяқ алысы басқаша, «Елу жылда ел жаңа»- дегендей, қазіргі заман мен бұрынғы заманды салыстыруға мүлдем келмейді. Бүгінгі қателік, ертеңгі ұлт қателігіне айналып кетпей тұрып, ертеңгі күнімізді бүгін ойлайық ағайын.  Менде өскелең ұрпақтың жалғасы бола отырып, осындай қателіктердің болмайтындай, жас маман ретінде елім үшін, жерім үшін, ұлтым үшін жан аямай кірісер азамат пен азаматшалар қатарындамын.
Қорыта келе, айтайын дегенім, Қазақ елінің болашағы — жастардың қолында!Осы күнге дейін «қазақ» атын өшірмей, қазақ елін әлемге паш етіп келген аға буын өкілдеріне алғысым шексіз! Егер жастар еліміздің бұдан әрі өркендеп, өсіп, дамуына тер төгетін болса, Қазақ халқының болашағының жарқын, тәуелсіздігінің ғұмырлы, елінің тұғырлы болатынына мен сенімдімін! Арына жанын садаға еткен, «атамыз алаш, керегіміз ағаш» болған өр қазақтың намысты ұрпағы екенімізді ұмытпай, айбынды бабалардың рухын өшірмей, даңқты тарихымызды тіл мен ұлттық мәдениетімізді, қазақи болмысымызды сақтайық ағайын!

Ақжарқын  САРТАЙ
ОҚО, Мақтарал ауданы, Асықата кенті,
«Қайнар» мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.